Болат Төкежанов: Жүйенің барлық ресурсы коронавирус пен пневмонияға қарсы күрес шараларына бағытталды

Фото: Truthdig
150 қаралу саны

Бүгін, 27 шілдеде Орталық коммуникациялар қызметінде тікелей эфирден  «МӘМС жүйесінің коронавирус инфекциясымен күресудегі үлесі» тақырыбында брифинг өтіп, онда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ Басқарма төрағасы Болат Тұрғанұлы Төкежанов МӘМС жүйесінің коронавирус инфекциясымен күрестегі жұмысы туралы есеп берді. Біз «Кеткеткет.кз» сайтының оқырмандарына осы брифингте айтылған басты мәселелер туралы материалды ұсынып отырмыз.

Коронавирусқа қарсы күрес шараларына жалпы 56,7 млрд теңге бөлінді. «Пандемия кезінде денсаулық сақтау жүйесінің барлық ресурсы коронавирус пен пневмонияға қарсы күрес шараларына бағытталды. Медициналық ұйымдар шұғыл қайта бейімделді. Мыңдаған медициналық қызметкерлер еліміздің ауруханалары мен емханаларында тәулік бойы вахталық жұмысқа ауысты. Осы инфекцияны емдеу және індеттің алдын алу жұмыстарын қаржыландыру ісіне Медициналық сақтандыру қоры жауапты болды. Қор медициналық көмек пен инфрақұрыылмды ұйымдастыратын Денсаулық сақтау министрлігімен және жергілікті атқару органдарымен тығыз байланыс орнатып, жеткізуші мекемелелер алдындағы міндетті мүмкіндігінше уақытында орындады» деді спикер.

Оның айтуынша, коронавирусқа қарсы күрес шараларына жалпы 56,7 млрд теңге бөлінді. Халыққа көмек көрсету үшін 630 мекемемен шарт жасалды. Медициналық көмек пен стационарлардағы ем үшін – 13,4 млрд теңге, қауіпті аймақтарда жұмыс істеген медициналық қызметкерлерге үстемеақы төлеуге – 38,1 млрд теңге, ПТР диагностикаға – 5,2 млрд теңге қарастырылған.

«Бірінші кезекте тұрған маңызды міндеттерді жедел орындау үшін республикалық комиссия санитарлық-эпидемиологиялық саламаттық саласындағы уәкілетті органмен келісе отырып, өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларының тізбесі бойынша медициналық қызмет көрсететін мекемелермен тікелей шарт жасау туралы шешім қабылданды. Қор маусым айының соңында жеткізуші мекемелелерге көрсетілген қызметтер мен қауіпті аймақта жұмыс істеген медицина қызметкерлеріне 44 млрд теңге төледі. Бұл қаржы – бөлінген жалпы соманың 75 пайыздан астамы» деді Б. Төкежанов.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры коронавирус науқасын емдеуге арналған тарифтер әзірледі. «Қазір қосымша 110 млрд теңге бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында елімізде қосымша 140 млрд теңге бөлінеді. Бұл есептеулер әлі нақтыланатын болады, өйткені олар коронавирус пен пневмония бойынша эпидемиологиялық жағдайдың қалай өрбитініне тікелей байланысты» деді спикер.

Оның айтуынша, Қор КВИ диагностикасына, емдеуге және асқынуларға байланысты барлық шығынды медициналық ұйымдарға өтеу үшін емдеудің ауырлығын ескере отырып, жаңа тарифтер әзірледі.

«Осылайша, коронавирустық инфекцияның жеңіл деңгейіндегі бір науқасты емдеу – 292 600 теңге, орташа деңгейдегі науқас – 446 100 теңге, ауыр науқасты емдеу – 1,5 млн теңге. Өте ауыр халдегі науқасты емдеу үшін Қор бір науқас үшін 1,7 млн теңге төлейді» деді Болат Төкежанов.

Спикер жедел жәрдем көрсету тарифінің құрылымында жеке қорғану құралдарына жұмсалатын шығындардың орта есеппен 40%-ға артқанын атап өтті.

«Қордың қосымша жоспарланған қаржыландыру көлемінен мобильді бригадалардың жұмысына шамамен 7,7 млрд теңге жіберіледі. Тіпті қазір емханалар мен отбасылық амбулаториялар жанынан діл осындай үш мыңнан астам бригада құрылды» деді Қор басшысы.

Наурыз-маусым айларында Қазақстан ауруханаларында коронавирус пен пневмониядан 150 мың адам емделді. «Наурыз-маусым айларында еліміздің стационарларында 150 мың адам коронавирус пен пневмониядан емделді. Наурыз айына қарағанда, маусымда бір күндік төсек-орындармен науқастардың қамтылуы 8 есеге, жұқпалы аурулар ауруханасындағы төсек-орынның қамтылуы 23 есеге өскенін атап өткен жөн. Сондай-ақ, провизорлық стационарларда бір күндік төсек-орын саны наурыз айында 21 мың болса, қазір 100 мыңнан асты» деді спикер.

Аталған қор қазақстандықтарға медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту үшін шілде айында медициналық ұйымдарға арналған тарифтерді арттырған. «Енді провизорлық стационарда әрбір төсек-орын күні үшін 22 мың теңгеден астам, тәулік бойғы стационарларда болғаны үшін 32 мың теңгеден астам, науқасты анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде емдеудегі төсек-орын күні үшін 70 мың теңгеден астам қаражат қор тарапынан өтеледі. Аталған қызметтерге тарифті көтеру қор жеткізушілерінің санын көбейтуге, жеке ауруханаларды белсенді тартуға және коронавирустық пневмониясы бар науқастарды емдеуге мүмкіндік береді» деді Қор басшысы.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету үшін 100% төлем жасады. «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі кедергілердің алдын алу үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры КЕАҚ «СҚ-Фармация» бірлесіп жасалған келісімшарт сомасының 100% алдын ала төледі. Бұл бірыңғай дистрибьюторға жыл соңына дейін жеткізілетін препараттар үшін жеткізушілер мен өндіруші зауыттарға алдын ала төлем жасауға мүмкіндік берді. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту үшін қажетті шаралар қолданылуда» деді  Б. Төкежанов.

Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі қосымша бес дәрі-дәрмек түрін енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл дәрілер де алдыңғы қатарда жүрген дәрігерлердің тағайындауымен қолжетімді болмақ.

«Денсаулық сақтау министрлігі бұйрыққа өзгерістер енгізгеннен кейін, біздің қор өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының өтінімдері негізінде оларды үздіксіз сатып алу үшін қаржыландыруды қамтамасыз етеді» деді Қор басшысы.

Коронавируспен ауырған қазақстандықтар шипажайлара сауықтыру көмегін алуы мүмкін. «Пандемия кезінде көптеген азаматтарға өз қаражатына емделуге тура келді. Біз мұны түсінеміз. Осыны ескере отырып, қор коронавирустық инфекцияға шалдыққан адамдарды сауықтыру туралы шешім қабылдады. Бізде Медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт бекіткен медициналық ұйымдар бар. Пандемия кезеңінде сауықтыру медициналық көмегі екі есеге қысқарды. Осыған байланысты, тамыз айынан бастап біздің қор коронавируспен ауырған науқастарды сауықтыруды бастайды» деді спикер.

«Денсаулық сақтау министрлігі мен денсаулық сақтау басқармаларының құрамында өз шипажайлары, оңалту орталықтары және санаторийлік-курорттық ұйымдары бар. Бізге санаторийлік-курорттық ұйымдардың қауымдастығы жүгінді. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, сауықтыру көмегінің алгоритмі әзірленіп жатыр» деді Б. Төкежанов.

Қордың өзі талдау жүргізіп, халық арасында бұл қызметтерге деген қажеттіліктің өте жоғары екенін анықтаған. «1406 байланыс орталығына осы жөнінде көптеген сұрақтар келіп түседі. Сондықтан, біздің қор Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, сырқаттан кейін науқастарды бақылау алгоритмдерін әзірлеуде. Біз емхана деңгейінен бастап оңалту орталықтары мен санаторийлік-курорттық ұйымдарға дейінгі барлық деңгейдегі көмек түрлерін қарастырып жатрымыз» деп атап өтті Болат Төкежанов.

Дереккөз: ОКҚ тікелей эфирі.

Бөлісіңіз