«Бот ето бот тәк»

310 қаралу саны

Бүгін үйде отырып баяғыда әскерде болған кезімдегі бір қызық оқиға сап ете қалмасы бар ма?! Сіздер де күле отырыңыздар, бөлісіп қояйын: Орыс тілін қақпайтын кезім еді. Бірақ оған аса бір ұялып, ыңғайсызданып көрген емеспін. Әскерге барған бетте авиациялық кіші мамандар даярлайтын мектепте оқыдым. СУ-15 истребителі прибор және оттегі құрал-жабдықтарының механигі мамандығын игеріп шықтым.

Материалдық бөлімнен сабақ айтқанымда бәрін бір сөзбен түсіндіріп шығатынмын: «Бот ето бот тәк». Жылдамдық приборының жұмыс схемасын тақта таяқшасымен жүйткітіп отырып, «Бот ето бот тәк» деп «сайрағанымда», оқытушы капитан жылы жымиып тұратын да «5» қоятын. Иә, орыс тілін білмегендігімнен сабақта қиналған емеспін. 

Алайда, сабақтан тыс әскери өмірде қатты қиналдым. Бір күні өзімнің тікелей командирім – сержант Сергей Духанинге бірдеңені түсіндіру керек болды, бірақ орысша ойымды жеткізе алмағанымды байқап тұрмын.

Қысқасы, «Бот это бот тәк» іске аспай қалды.  Командирім түкке түсінбеген соң ашуға басты: «Рядовой Казыгулов, ты человеческим языком объяснить не можешь?».

Мынадай қорлық сөзді естіген мен ызаға булығып тұрдым. «Человеческий язык»-сымақтың быт-шытын шығарғым келіп кетті. Турасынан тарттым: «Я селски школе сканшалса». Духаниннің дымы құрып тұрғаны әлі көз алдымда.

Бөлісіңіз