Бразилия ғалымдары коронавирусты бейтараптандыратын мата ойлап тапты

197 қаралу саны

Бразилиялық және испаниялық ғалымдар бірнеше минут ішінде коронавирусты бейтараптандыратын мата жасап шығарды, деп хабарлайды  Agencia Brasil басылымы.

Бразилиядағы Сан-Паулу университеті жанындағы Биомедицина ғылымдары институты, Испаниядағы Жауме I университеті және Бразилиядағы функционалдық материалдарды әзірлеу орталығының ғалымдары коронавирус инфекциясын туғызатын SarS-CoV-2 вирусын бірнеше минутта бейтараптандыратын мата жасап шығарды. Жобаға Nanox нанотехнология компаниясы да қосылды.

Ғалымдардың айтуынша, мата жаңа коронавирустың 99,9%-ын шамамен екі минуттың ішінде бейтараптандырады. Мата ауруханаға арналған киімді дайындауға пайдаланылады және жақын арада сатылымға шығады. Матаның құрамына полиэстер мен мақта, сонымен қатар күміс микробөлшектерінің қабаты кіреді. Ұсақ күміс бөлшектерін қолдану бұрыннан бар әдіс. Ол тоқыма, косметика, лак-бояу өнеркәсібінде пайдаланылатын.

Биомедицина ғылымдары институтының 3-ші дәрежелі биоқауіпсіздік зертханасының зерттеушісі Лусио Фрейтас матаның тиімділігі Бразилияда коронавирус жұқтырған алғашқы науқастардың бірінен алынған жаңа коронавирус үлгісін пайдаланып тексерістен өткенін хабарлады. Матаның шынында тиімді екеніне көз жеткізу үшін ғалымдар молекулалық талдаудың екінші кезеңін өткізді. Өнімді сатылымға шығармас бұрын ғалымдар матаның вирусқа қарсы, антимикробқа қарсы қасиетінен бөлек аллергия және басқа да ағзаның кері әсерін туындатпайтынын тексерді.

Дереккөз: Agência Brasil агенттігі.

Бөлісіңіз