COVID-19: Алматыда зертханалар мен клиникалардың қуаты артады

263 қаралу саны

Әкімдік жанындағы комиссия коронавирус инфекциясына қатысты қалыптасқан санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, COVID-19 таралуына жол бермеу үшін қосымша шараларды қабылдады, деп хабарлайды Алматы қалалық әкімдік сайты.

22 маусымнан бастап зертханалардың қуаттылығы артады. Бүгінгі күні ПТР тестілеу алты арнайы мамандандырылған зертханада жүргізіледі. Тәуекел санатына жататын адамдар ғана тестілеуден тегін өтеді. Сонымен қатар, ақылы түрде ПТР әдісімен тестілеуден өтуге болады. «Олимп» зертханасының жұмысы қайта қолға алынады. 24 маусымнан бастап «Нұрлы тау» бизнес орталығы жанындағы қоршаулы пункті бар зертхана жұмысын бастайды. Ал, 26 маусымда «Атакент» аумағындағы тәулігіне 1 мыңға жуық тестілеу жүргізетін жетінші зертхана келушілерді қабылдай бастайды.

«КВИ жұқтырған науқастарға медициналық көмек қолжетімді болуы үшін 22 маусымнан бастап жедел медициналық көмек аурханасының базасында бұрыннан бар 600 провизорлық орын жанына тағы да қосымша 300 орын қосылады. Бірқатар медициналық мекемелерді қосымша бейімдеу барысында инфекциялық төсектер саны артады. Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған пациенттерді 9 инфекциялық стационар қабылдауда, онда 1409 науқас ем алып жатыр. Қазіргі кезде 14 науқастың жағдайы өте ауыр, 131 пациент ауыр жағдайда, ал 937 науқастың жағдайы орташа» деп хабарлады әкімдік.

Бұдан бөлек, көпбейінді стационарлар штатты режимде жұмыс істеп жатыр. Онда науқастарды тәулік бойына қабылдайды. «Өкпенің қабынуы (пневмония) диагнозын дер кезінде анықтау үшін компьютерлік томографиялық тексеруді ұсынатындардың реестрі жасалды. Олардың арасында мемлекеттік клиникалармен қатар жеке медициналық қызмет көрсететіндер де бар. Тағы 2 компьютерлік томография қосымша сатып алынды. Қаланың барлық емханаларында рентгенография кабинеттері жұмыс істеуде» деп атап өтті әкімдік.

Симптомсыз науқастар жағдайларының ауыр немесе жеңіл екенін анықтау үшін мониторинг жүргізіледі. Бұл іспен әр емханадағы арнайы оқудан өткен мобильді бригада айналысады. «Қаланың барлық медициналық ұйымдары қажетті дәрілермен қамтамасыз етілген. Олардың жеткілікті қоры бар. Жүзеге асып жатқан осынау қосымша пәрменді шаралар COVID-19-ға қарсы күрестің тиімділігін арттырып, жағдайды тұрақтандыруға оң ықпалын тигізетін болады» делінген хабарламада.

Бөлісіңіз