COVID-19 бойынша жедел штаб: 1600 өкпені жасанды желдету аппараты мен 800 жедел жәрдем көлігі сатып алынады

11  527 қаралу саны

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Тоғжановтың төрағалығымен өткен COVID-19 мәселелері жөніндегі жедел штабтың отырысында елдегі шұғыл шешімді талап ететін мынадай жедел мәселелер қаралды:

  • өңірлерге дәрілік заттарды жедел жеткізу үшін қажетті нормативтік-құқықтық базаны қабылдау;
  • қосымша 1600 өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппаратын, жедел медициналық жәрдем қызметінің 800 санитариялық автомашинасын, сондай-ақ сұранысқа аса ие дәрілік препараттарды (парацетамол, азитромицин, цефтриаксон, осельтамивир және басқалар) сатып алу, оларды осы аптаның соңына дейін жеткізу күтіледі;
  • коронавируспен күреске тартылған медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеуді жалғастыру.

Сондай-ақ Жедел штабта Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласындағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай жеке тәртіппен қаралды.

Өңірлердің әрқайсысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі проблемалық мәселелерді баяндап, қазіргі жағдайды жақсарту бойынша нақты шаралар әзірледі.

Жедел штабта COVID-19 сырқаттанушылығының өсуіне байланысты Атырау облысындағы қанағаттанарлықсыз санитариялық-эпидемиологиялық жағдай ерекше атап өтілді.

Осыған байланысты Е. Тоғжанов Атырау облысының әкімдігіне жағдайды жақсарту бойынша түбегейлі шаралар қабылдау туралы, оның ішінде қосымша шектеу шараларын қолдану туралы тапсырма берді.

Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары өңірлердің әкімдіктеріне карантиндік шаралардың сақталуын мүлтіксіз бақылауды қамтамасыз етуді, қысқа мерзімде қосымша инфекциялық стационарларды ұйымдастыруды, қажетті жабдықтарды (ӨЖЖ, КТ және т. б.), дәрілік заттарды сатып алуды, сондай-ақ зертханалардың ПТР қуатын арттыруды тапсырды.

«Біз әр өңірдегі жағдайды Жедел штабтың ерекше бақылауында ұстайтын боламыз. Біз жұмысты күнделікті негізде республикалық және өңірлік ауқымда тыңдап, нақты жедел шаралар қабылдай отырып жалғастырамыз» деп қорытындылады Е. Тоғжанов.

Дереккөз: ҚР ДСМ ТҚСҚБК Фейсбук парақшасы

Бөлісіңіз