COVID-19 індетімен күрес: Өңірлердегі екі апталық карантиннің нәтижесі қандай?

164 қаралу саны

Бүгінгі Үкімет отырысында елдегі COVID-19 індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуалдың жай-күйі баяндалды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша елде індеттің таралу көрсеткішінің тұрақталғаны байқалады. Жұқтыру жағдайы тәулігіне шамамен 1500-1600 адамды құрап отыр. Министрдің сөзін Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Қарағанды, Ақтөбе облысының әкімдері растады. Әйтсе де арқаны кеңге салуға әлі тым ерте.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов астанада карантин режимі енгізілгеннен бері КВИ бойынша жағдайдың тұрақталғанын мәлім етті. Оның айтуынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 8 619 адамды құраған. 5511 адам немесе 64 пайызы емделіп шыққан. Өкінішке қарай 212 адам қайтыс болса, 262 адам стационарда ем алып жатыр. Ауыр халдегі науқастардың саны 30 пайызға азайған. Инфекциялық және стационарлық провизорларда төсек-орын саны артқан. «Жедел жәрдем стансасының базасында науқастардың ағымын біркелкі бөлу үшін ахуал орталығы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жедел жәрдем бригадаларының саны 110-нан 160-қа дейін артты. Сонымен қатар медициналық колледждерден 275 жас маман емханаларға жұмысқа орналастырылды. Медициналық университеттен 300 студент жұмылдырылды. Карантин режимі енгізілгеннен бері КВИ жағдайының тұрақталуы байқалады. Жедел жәрдемге жүгіну саны тәулігіне 4300-ден 2 мыңға дейін төмендеді. Шақыру саны тәулігіне 3 мыңнан 1400-ге азайды» деді әкім.

Ал Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов дәрі-дәрмекті заңсыз сатушылармен күрес қалай жүріп жатқанын айтып берді. Әкімнің сөзіне құлақ ассақ, Мемлекет басшысының халықты дәрі-дәрмекпен қамту жөніндегі тапсырмасына сәйкес қалада төрт мониторинг тобы құрылып, 348 дәріханаға тексеру жүргізілген. Нәтижесінде дәрі-дәрмек сатумен айналысқан 50 адам анықталған. Оның ішінде 12 қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары басталды. Қалада көтерме бағамен дәрі-дәрмек сатумен айналысатын 10 ірі фармкомпания 560 дәріханаға жұмыс істейді. Шетелден дәрі-дәрмек алып келуге 10 фармкомпанияға рұқсат беріледі. Әкімнің айтуынша, бір ұшақ, 10 фурамен Үндістан, Ресей, Украина және Өзбекстаннан 2 млн 676 мың флакон бірінші кезектегі дәрі-дәрмек және 16 млн 700 мың маска жеткізілген. «Қала қоймаларында бір айлық дәрінің қоры жасақталды. Коронавируспен күресті тұрақты бақылауда ұстау үшін қала әкімдігінде ахуал орталығы бар»  деді ол.

Өз кезегінде Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек індеттен жазылғандар саны ауруханаға түсіп жатқан науқастардан көп екенін жеткізді. Өңірде науқастану көрсеткішінің деңгейі 2 пайыздан төмен. «Соңғы екі аптадағы талдау жалпы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтанғанын көрсетіп отыр. Қазіргі уақытта пациенттердің күнделікті шығарылуы ауруханаға жатқызу көрсеткішінен жоғары. Ауруханалардағы орын жүктемесі 50 пайызға дейін төмендеді. Мысалы екі апта бұрын бұл көрсеткіш – 80 пайыз болған еді. Жедел жәрдем шақыру жағдайы соңғы аптада үш есе төмендеді. Күз және қыс мезгіліне жан-жақты дайындық жүргізіліп жатыр. Ауруханалардағы орын саны 4486-ға дейін жеткізілді. Ауруханаларды заманауи медициналық құрылғылармен жарақтау жалғасуда. Пандемияның алғашқы айларында қолда бар 42 өкпені жасанды желдету аппаратына қосымша 120 аппарат, 160 оттегі концентраторы сатып алынды. Қазіргі таңда тағы 90 өкпені жасанды желдету аппараты алынып жатыр. Оны осы аптада жеткізеді. Науқастарды оттегімен қамтамасыз ету үшін 1500 концентратор сатып алынды»  деді ол.

Ақтөбе облысында індет жұқтырғандардың саны 2753 болса, соның ішінде өкінішке қарай тоғызы қайтыс болған. Бірақ басым көпшілігі емделіп шыққан «Қазір бізде небары 89 адам емделуде. Кешеден бастап бүгінге дейін мысалы 17 жағдай тіркелді. Бұл – 0,6 пайыз. Әрине, бізге пневмония бойынша салмақ түсіп тұр. Өңірде 7 773 науқас тіркелген. Соның 5 мыңы емделіп шықты. Бірақ әлі де провизорлық стационарда – 1600 науқас, күндізгі стационарда – мыңға жуық адам емделуде» деді аймақ басшысы Оңдасын Оразалин.

Оның сөзінше, провизорлық стационарлардың бәрі толығымен оттегімен қамтамасыз етілген. «Індетпен күреске медициналық қызметкерлері барынша көптеп тарттық. Олардың жалпы саны – 2400-ден асады. Шілде айында ғана жалпы медициналық қызметкерлер 536 млн теңгенің үстемеақысын алды. Сонымен бірге пандемия уақытында медициналық университет дәрігерлерге үлкен септігін тигізіп жатыр. 200-ге тарта резидент ауруханалардағы жұмыстарға тартылған. Бүгінгі күні провизорлық және инфекциялық стационарларды «СҚ-Фармация» компаниясы аптасына екі рет медикаменттермен қамтамасыз етеді. Алайда жергілікті бюджеттің есебінен РФ Орынбор облысынан біз ең қажет 25 түрлі 117 мың импорттық препаратты сатып алдық. Осының арқасында облыстағы барлық ауруханаларға қажетті дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс құралдарының 30 күндік қоры қалыптасты»  деді ол.

Үкімет қандай нақты тапсырмалар берді? Министр мен өңір басшыларының баяндамасын тыңдаған Үкімет басшысы Асқар Мамин тамыз айының соңына дейін аурухананың бәрін өкпені жасанды желдету аппараттарымен қамтамасыз етуді тапсырды. «Баяндамалардан байқағанымыздай, эпидемиологиялық жағдайдың біршама тұрақтану деңгейіне шыққаны байқалады. Республика бойынша коронавирус жұқтырғандардың өсімі тәулігіне – 2,1 пайыз. Ал кей өңірлерде одан да аз. Мысалы, Шымкентте – 1 пайыз, Қызылорда облысында – 0,9%, Түркістан облысында – 0,8%, Ақтөбе облысында – 0,5%. Қазіргі басты міндет – барлық өңірде ауру жұқтыру деңгейін орнықты төмендету» деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Премьер-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сапалы әрі қолжетімді толық көлемдегі медициналық көмекті, әсіресе ауылдарда қамтамасыз ету бойынша бірқатар шаралар қабылдау керек. «Біріншіден, Денсаулық сақтау, Индустрия министрлігі және әкімдіктер тамыздың соңына дейін өңірлердегі ауруханаларды өкпені жасанды желдету аппараттарымен қамтамасыз етсін. Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге шілденің соңына дейін өңірлерде ветеринарлық зертханалар базасында коронавирусқа тестілеу жөніндегі жұмысты ұйымдастырсын және кадрлармен жасақтасын. Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктері шұғыл түрде өңірлерді көшпелі диагностикалық кешендермен, аудандық ауруханаларды цифрлық рентген аппараттарымен қамтамасыз етсін. Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер екі апта ішінде оттегі концентраторы мен медициналық газдардың өңірлерге толық көлемде жеткізілуін қамтамасыз етсін. «СҚ-Фармация» осы жылдың шілде айының соңына дейін дәрі-дәрмек сатып алып, қосымша бір айға жететін көлемде өңірлерге бөлсін. Сондай-ақ дәрі-дәрмек қажеттілігін жоспарлаудың нақты жүйесін анықтасын» деді Асқар Мамин.

Сонымен қатар, Премьер-министр Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Ақтөбе облысының үлгісімен әр өңірдің тұрақтандыру қорында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қажетті қорын қалыптастыруды жүктеді.

Дереккөз: ҚР Үкіметі отырысының тікелей эфирі.

Бөлісіңіз