COVID-19 пандемиясы қоғамның дамуына үш жақты соққы жасады

49  478 қаралу саны

Соңғы 30 жыл ішінде әлемде көптеген сілкіністер болды, оның ішінде 2007-2009 жылдардағы жаһандық қаржылық дағдарыс. Олардың әрқайсысы барлық елдерге әсер етті, бірақ дәл қазіргі кездегідей адамның даму деңгейін анықтайтын көрсеткіштердің әлі де төмендегені байқалған емес.

Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) жақында жарияланған жаңа есебінде айтылды. БҰҰДБ жыл сайын әлемнің барлық елдеріндегі адам дамуының деңгейі туралы есеп дайындайды. Онда тұрғындарды әлеуметтік қорғау, денсаулық көрсеткіштері, білім деңгейі, табысы, қылмыс жағдайы, қоршаған ортаны қорғау және азаматтардың шешім қабылдауға қатысуы туралы мәліметтер бар.

БҰҰДБ 1990 жылдан бері осындай есептерді дайындайды, содан бері жылдан жылға адам дамуының негізгі көрсеткіштері, тіпті 2008 жылғы қаржылық дағдарыс кезінде де өсті.

БҰҰДБ атқарушы директоры Ахим Штайнер «Денсаулыққа, білімге және адамдардың кірістеріне қатысты қоғамға үш жақты соққы берген COVID-19 осы даму қарқынын төмендете алады» деп ескерту жасады. Мұндай жағдайда барлық адамдар зардап шегеді: әлемнің барлық аймақтарындағы кедей елдер де, бай елдер де.

Бүгінгі таңда әлемде коронавирус ауруынан көз жұмғандар саны 300 мыңнан асты. Биыл жан басына шаққандағы дүниежүзілік орташа кіріс шамамен төрт пайызға төмендейді деп болжануда.

Денсаулық сақтау және білім беру жүйесіне үлкен залал келтірілді. Пандемия салдарынан балалардың шамамен 60 пайызы мектепке бара алмады. Көбісі интернет арқылы оқуларын жалғастырды, бірақ мұндай мүмкіндік бәрінде бірдей бола бермейді. Егер соңғы 40 жылды алсақ, онда білім алмаған бастауыш сынып балаларының үлесі ешқашан осыншама төмен болған емес.

COVID -19 тек білім беру саласында ғана емес, басқа теңсіздікке де жол ашты. Сарапшылардың пайымдауынша, адам дамуының баяулауы барлық елдерден гөрі пандемияның әлеуметтік-экономикалық салдарларын жеңе алмайтын дамушы елдерде көбірек байқалады.

Баяндама авторлары саясаткерлерге бұл індеттен, әсіресе ХХІ ғасырдың жаңа талаптары тұрғысынан сабақ ала отырып, оқуға, жұмыс істеуге, тіпті емделуге мүмкіндік беретін интернетке тең дәрежеде қолжетімділікті қамтамасыз етуді ұсынды.

Дереккөз: БҰҰ сайты

Сурет дереккөзі: ЮНФПА/Коста-Рика

Бөлісіңіз