COVID-19: Жүрек-қан тамыр аурулары (ЖҚТА) бар пациенттерге қалай сақтану керек?

180 қаралу саны

1. Жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдарда COVID-19 вирусын жұқтыру қаупі жоғары ма?

Дені сау және ЖҚТА бар пациенттердің ауру жұқтыру қаупі бірдей. Барлық адамдарға ауру бірдей жұғады. Вирус жөтелу, түшкіру немесе сөйлесу арқылы науқас адамнан ауа-тамшы жолымен, сондай-ақ вируспен жұқпаланған заттарға жанасу арқылы беріледі. Дегенмен ЖҚТА бар адамдарда симптомдар айқын болады және аурудың өзі, басқаларға қарағанда ауыр болуы мүмкін.

2. Коронавирус жүрек ұстамасы және аритмия сияқты ауруларды тудыруы мүмкін бе?

Жүйелі ауыр қабыну процестері аритмияны күшейтуі мүмкін немесе тіпті кейбір науқастарда жүрекше фибрилляциясын тудыруы да мүмкін. Коронавирусты жұқтыру белгілері пайда болған кезде кеуде қуысының ауырсынуын сезінетін адамдар дереу дәрігерге қаралу керек.

3. Қант диабетінен және/немесе артериялық гипертензиядан зардап шегетін, жүрек аурулары бар пациенттерде COVID-19 жұқтыру қаупі артады ма?

Ауру алғаш рет тіркелген Қытайдан алынған деректер, өлімге әкелетін індеттің ауыр түрі өрбіген пациенттердің едәуір бөлігінде қант диабеті және артериялық гипертензия сияқты ілеспелі патологиялардың болғанын көрсетеді.

4. COVID-19 миокардит немесе перикардит тудыруы мүмкін деген деректер бар. Егер бұрын адам миокардитпен/перикардитпен ауырған болса, қайтадан ауыру ықтималдығы артады ма?

Бұрын миокардитпен немесе перикардитпен ауырған адам COVID-19 вирусын жұқтырған кезде қайтадан осындай ауруларды жұқтырып алады деген айғақтар жоқ.

5. Жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдарда, ауырмайтын адамдарға қарағанда, COVID-19 -дан болатын өлім қаупі жоғары ма?

Егде тартқан жас және бар аурудың, оның ішінде жүрек-қан тамыр ауруының болуы COVID-19 ауыр түрінің, оның ішінде өліммен аяқталған індеттің даму қаупінің факторлары болып табылады. Дегенмен, жүрек аурулары бар пациенттердің көпшілігі инфекцияның жеңіл түрімен ауырып, толығымен емделіп, жазылып жатқандығын атап өткен жөн.

6. Егер пациентте созылмалы жүрек ауруы болса және COVID-19 жұқтырған сияқты болса, қандай жағдайда дәрігерге қаралу керек?

Егер сіз үйде өзіңізге шамаңыздың келмейтіндігін сезінсеңіз, әсіресе тыныс алу қиындық тудырса, дәрігерге қаралу керек. Қалған жағдайда өзіңіздің жай-күйіңізді бақылап, вирусты инфекциялар кезінде тағайындалатын әдеттегі симптоматикалық дәрілерді қабылдау қажет.

МАҢЫЗДЫ: егер сіз дене шынықтыру жаттығуларын жасау кезінде немесе жай ғана жатқан кезде кеудедегі ауырсынуды сезсеңіз, тыныс алудың қиындауын, жүрек соғуының жиілеуін немесе әлсіздікті сезінсеңіз, сізге дереу жедел жәрдем шақыру керек.

Дереккөз: ҚР ДСМ ҰҚДСО Фейсбук парақшасы

Бөлісіңіз