COVID-19 жұқтырған науқастарды емдеу үшін қалай плазма доноры болуға болады?

154 қаралу саны

COVID-19-бен ауыратын науқастарды емдеу үшін иммундық плазманы орта немесе ауыр дәрежелі коронавирус инфекциясымен ауырған донорлар тапсыра алады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Донордың жасы 18-ден асқан, жеке куәлігі бар және салмағы кемінде 50 кг болуы керек.

«Сондай-ақ жүкті емес және босанбаған әйелдер де плазма тапсыра алады. Бұл плазманы құю кезінде иммуннологиялық асқынуларға жол бермес үшін жасалады. Мұндай асқынулар сирек болады, бірақ кездесуі мүмкін. Мұндай проблеманы туғызбау үшін біз босанған әйелдерден қан алмаймыз» дейді донорлық кадрларды жинақтау бөлімінің меңгерушісі, трансфузиолог-дәрігер Эльмира Көпеева.

Бірінші күні орталықта донор қаны мен антиденені талдау үшін тексеру жүргізіледі. Егер көрсеткіштер қалыпты болса, келесі күні ол иммундық плазманы тапсыруға шақырылады. Процедураның аппараттық әдіспен жасалатын плазмафорезден еш айырмашылығы жоқ. Плазма 600 миллилитр немесе одан төмен көлемде алынады.

«Антиденелер расталған жағдайда, иммундық плазманы тапсырар алдында дайындалу керек. Кешкі сағат 6-дан бастап, ащы, майлы, қуырылған тағамдарды, сүтті пайдаланбаған жөн. Суды немесе қара шайды көп ішу қажет» дейді Э.Көпеева.

Күн сайын тексеруге 10-11 донор келеді, олардың тек 3-4-еуі ғана плазманы тапсыра алады. Көбіне талдау қалыпты болмайды және қалпына келтіру үшін көп уақыт қажет. Осындай донорлардың бірі Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Алмас Асқатов болды. Ер адам бір жарым ай бұрын COVID-19-бен ауырғанын айтады. 39,2 температурамен он күн жүрген. Енді басқаларға көмектесуге шешім қабылдапты.

«Менің анам ауырып қалды. Екі жақты пневмониямен, өкпенің 60% зақымдалуымен ауыр жағдайда ауруханаға түсті. Сондықтан мұның не үшін қажет екенін жақсы түсінемін. Ең бастысы, біреудің өмірін сақтап қалу үшін маңызы зор» дейді А.Асқатов. Нұр-Сұлтан қаласында барлығы 190 доза иммундық плазма дайындалып, ауруханалардың сұранысы бойынша 151 доза жіберілді. Олардың 10-ы басқа да қан орталықтарына берілді. 77 донация өткізілді, 69 адам иммундық плазма доноры болды. Иммундық плазманы тапсыруға ниет білдірушілер Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығына жүгінуі қажет. Орталық Керей мен Жәнібек Хандар көшесі, 10-үйде орналасқан.

Бөлісіңіз