Дәл қазір Ералы Тоғжанов пен Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметінде тікелей эфирдегі баспасөз мәслихатында не айтып жатыр?

226 қаралу саны

Бүгін, 5 шілдеде сағат 20.00-де ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов және ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметінде  тікелей эфирде баспасөз мәслихатын өткізіп, Қазақстандағы эпидеомологиялық жағдай туралы айтып берді. Біз «Кеткеткет.кз» сайтының оқырмандарына баспасөз мәслихатында айтылған басты мәселелер туралы материалды ұсынып отырмыз.

Қазақстан ауруханалары коронавирус инфекциясын емдеу үшін қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов осылай дейді. «Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия кезіндегі дәрі-дәрмектің бағасын көтеру фактілері бойынша қатаң шара қабылдау туралы арнайы тапсырма берді. ҚР Президенті ел азаматтарының еміне, оларға дәрілік заттарды қолжетімді етуге ерекше мән беріп отыр. Негізі бұл мәселе  – Үкіметтің күн тәртібінде тұрған негізгі жұмыстардың бірі. Соңғы жылдары отандық фармацевтика саласында өндіріс 7 есеге артқанын айтқым келеді» деді Ералы Тоғжанов.

Оның атап өтуінше, бүгінгі таңда Қазақстан ауруханалары коронавирус инфекциясын емдеу үшін қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген. «Қазіргі уақытта мекемелерде 17 700 адамның жатқанын ескере отырып, болашақта кепілдік болуы үшін 27 мың пациентке дейін дәрілік затпен қамтамасыз етілді. Мұнымен де тоқталып отырған жоқпыз. Ары қарай да нақты шаралар қабылданып отыр. Дәрі-дәрмекті қосымша сатып алу 59 мың пациентке дейін ұлғайтылады»  деді ол.

2020 жылдың 15 шілдесіне кейін 840 мың лопинавир, ритонавир таблеткалары, 61 мың гидроксид хлориді, 11 мың флакон Ремдесивир дәрісі елімізге жеткізіледі. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты. «Бүгінде аймақтар арасында 4 мың науқас үшін 160 мың таблетка лопинавир, ритонавир таратылуда. 2020 жылдың 15 шілдесіне кейін қосымша мына дәрілер жеткізіледі: 840 мың лопинавир, ритонавир таблеткалары, 61 мың гидроксид хлориді, 11 мың флакон Ремдесивир. 15 тамызға дейін аталған дәрілердің көлемі қосымша 440 мыңға дейін жеткізіледі»  деді Ералы Тоғжанов. Бұл ретте Үкімет басшысының орынбасары барлық пациенттерге вирусқа қарсы терапия тағайындау қажет еместігін ерекше атап өтті. «Ол вирустың орташа ауыр және ауыр түрімен ауырғандарға ғана тағайындалады. Бүгінгі таңда міндетті әлеуметті медициналық сақтандыру аясында тегін дәрі-дәрмек препараттарының тізбесі бар. Оған ЖРВИ және ауруханадан тыс өкпе қабынуы кіреді. Бұл препараттардың тізіміне антибиотиктер, қызуды төмендететін дәрілер кіреді. Оларды емханада құрылған мобильді топтар тегін жеткізуі тиіс» деді ол.

Арнайы топ дәріханадағы дәрі бағасын тексеретін болады. «Халықты толғандыратын негізгі мәселелер аз емес. Дегенмен, негізгі мәселе -дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Қазақстанда 8 мыңнан астам дәріхана бар. Отандық өндіріс есебінен олардың барлығын 30 пайыз деңгейінде қамтамасыз етіп отырмыз. Қалғаны сырттан импорт есебінен әкелінеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, нарықты қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін Үкімет тарапынан бірқатар шаралар қабылданады. Атап айтқанда, бір тәулік ішінде дәрілік заттарды әкелуге біржолғы рұқсат беруге өтінім қаралуда. Дәрі-дәрмекті сертификаттау және сертификат берудің жеделдетілген рәсімдері қолданылды» деді Ералы Тоғжанов. Оның атап өтуінше, әкімдіктермен бірлесіп, көтерме сауда қоймаларындағы дәрі-дәрмек қоры, бағасы тексеріліп, препарат бағасының көтерілуіне жол бермеу үшін дәріханаларды аралап тексеретін арнайы мониторинг топтары жұмыс істейді. «Осының бәрін ескеруіміз керек. Қызуды төмендететін, антибактериалды, вирусқа қарсы препараттарды тек емдеуші дәрігердің ұсынысымен ғана ішу керек. Өз бетіңізше емделу қауіпті екенін өздеріңіз де естіп, біліп отырған шығарсыздар» деді ол.  

Дәрі-дәрмек нарығын ақша жасаудың көзіне айналдырғандар қатаң жазаланады. «Дәрі-дәрмек нарығын ақша жасаудың көзіне айналдырғандар қатаң жазаланады. Қазір ғана, бір сағат бұрын Шымкент қаласында сондай пиғылмен жұмыс жасаған біраз азамат қолға түсті. Сондықтан осындай нақты шаралар бүкіл Қазақстан бойынша жүргізілетінін еске салғым келеді. Әсіресе, дәрі-дәрмектің айналасындағы жағдайды ескере отырып, пайда тауып қалуды көздейтін азаматтарға ескертіп айтқым келеді. Бұл – Президенттің тікелей қарауындағы мәселе. Қазақша айтқанда, «кемедегінің жаны бір». Сондықтан, қадірлі ағайын, бір-бірімізді қолдап, нақты шешімі бар жолдармен жүргеніміз жөн ғой»  деді Ералы Тоғжанов.

Дәрі-дәрмек бағасын көтергендер жауапкершілікке тартылады. «Бүгінде халықты толғандырған маңызды мәселе – дәріханаларды дәр-дәрмекпен қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта бірқатар себепке байланысты дәріханаларда дәрі тапшылығы шынымен байқалып отыр. Біріншіден, адамдар дәрі-дәрмекті жаппай сатып алуынан халық тарапынан сұраныс жоғары болып тұр. Кей азаматтарымыз ондап, тіпті одан да көп орама парацетамол мен өзге де дәрілерді бірден сатып алады» деді Ералы Тоғжанов. Мәселен, Үкімет басшысы орынбасарының дерегінше, Алматы қаласында мамыр айында 1 айдың ішінде 50 мың ғана парацетамол орамасы сатылса, қазіргі уақытта 1 тәуліктің ішінде ғана 100 мың парацетамол ормасы сатылып кеткен. Дәл осындай жағдай дене қызуын өлшейтін аспапқа да қатысты болып отыр. Айталық, Алматыда 1 жылдың ішінде 100 мың қызу өлшегіш сатылатын болса, қазіргі уақытта дәл осындай көлем бір аптаның ішінде ғана сатылып кеткен. «Екіншіден, алақол бәсекелестік бар. Яғни, алыпсатарлар дәрі-дәрмекті көтерме сатып алған. Осыған байланысты құзіретті құқық қорғау органдарына дәрі-дәрмек препараттарының шекті бағасының өсуіне жол бермеу жөнінде тапсырма берілді. Анықталған барлық фактілер бойынша заңнамамен бекітілген тәртіппен жауапкершіліке тарту шаралары қабылданады»  деді ол.

Қазақстанда коронавирустан 232 адам қаза болды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты. «Бүгінде коронавирус инфекциясына шалдығудың 47 171 жағдайы тіркелді. Бір тәулікте 1 452 адам індет жұқтырды. Өсім – 3,2 пайыз. Жалпы 232 пациент қаза тапты, соңғы тәулік ішінде – 18 адам» деді министр.  

Қазақстанда стационарда коронавирусты емдеу хаттамасы кеңейтілді. «Стационарлық буын деңгейінде емдеу сызбасын кеңейттік. Клиникалық хаттамаға жаңа препарат – фавипиравирді қостық. Олар көрші елдерде, еуропалық өңірде, Жапонияда кеңінен қолданылады. Препарат таяу уақыттың ішінде пациенттерді стационарлық емдеу үшін жеткізіледі. Ол коронавирус инфекциясының ауыр түріне шалдыққандарды емдеуге ғана қолданылады» деді министр.

Оның атап өтуінше, жақын арада Қазақстан аталған препаратты өзі шығара бастап, ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. «Мұнан бөлек, шетелдік әріптестерімізбен бірге коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны апробациялау бойынша клиникалық зерттеу аяқталуға жақын» деді ол.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой әлеуметтік желіде кеңінен тараған Шымкент қаласындағы жекеменшік клиниканың дәрігері Айна Бакееваның коронавирусты емдеу хаттамасын қайта қарастыру қажеттігі туралы видеосына пікір білдірді. «Бұл видео кеңінен таралып жатыр. Жеке клиниканың дәрігері – терапевт-реабилитолог емдеу және асқыну жағдайларына болжам жасай келе азаматтарымызды ем алудан бас тартуға шақырады. Бұл видеоға қазірдің өзінде денсаулық сақтау жүйесі мамандары әрқилы пікір айтып, Қазақстанның түрлі өңірлерінің дәрігерлері өз ойларын ортаға салды. Қазіргі уақытта Қазақстанда қолданылып жатқан барлық клиникалық хаттамалардың ең алдымен халықаралық деңгейде мойындалғанын, нақтыланған әдістемелердің қолданыста екендігін түсіну өте маңызды»  деді министр.  

Оның атап өтуінше, паценттермен тікелей жұмыс істейтін дәрігерлер препаратты қалай және қандай мөлшерде қолдану керектігін, кімде асқыну бар екенін, кімге препаратты қолдануға болмайтынын жақсы біледі. «Әріптестеріміз аталған дәрігермен байланысып, сөйлесіп, дәйектері мен дәлелдерін тыңдауға, оны ғылыми қауымдастықта талқылауға тырысқан еді. Өкінішке қарай, оған қоңырау шала алмадық. Әріптестеріміз үйіне де барды. Бірақ, байланыса алмадық. Бірақ, біз бұл жайттарды кез келген уақытта талқылауға дайынбыз» деді Алексей Цой.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой The New York Times басылымында жарияланған «соңғы екі аптада Қазақстан коронавирус инфекциясының таралуы бойынша көш басына шықты» деген дерекке қатысты пікір білдірді. «Иә, мұндай мониторингті түрлі ұйымдар жүргізеді. Өзім де таныстарымнан Қазақстан қызыл таңбамен белгіленіп, «елімізде өсім жоғары» делінген шамамен 100 сурет алдым. Мұқият оқысаңыздар, ең алдымен ағылшын тілінде жарияланған бұл ақпаратта соңғы 2 аптадағы өсім жайында айтылған. Өздеріңіз білесіздер, біз қазіргі уақытта симптомы бар және симптомсыз науқастарды қосып, бәрін бірге санайтын болдық. Өйткені, симптомсыз екендігіне қарамастан ол пациент вирус таратушы саналады және олар айрықша назар аударуды қажет етеді. Сондықтан аталған әдісті өзгертудің нәтижесінде вирус жұқтырған пациенттердің саны статистикаға салғанда цифрлық тұрғыда өзгеріске ұшырады» деді министр.  

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта елімізде вирус жұқтырғандар саны күнделікті 1,5 мың жағдайды құрап, тұрақты болып тұр. Яғни, соңғы екі аптаның ішінде елімізде індет жұқтырушылар санының күрт артып кетуі тіркелген жоқ.

«Бізде мұндай пациенттердің бірқалыпты, біртіндеп анықталуы тіркеліп отыр. Біз симптомы бар және симптомсыз пациенттерді бірге көрсеткеннен кейін алдағы 1-2 аптадан кейін статистикалық деректер түзеледі» деді Денсаулық сақтау министрі.

Қазіргі қиын жағдайда дәрі-дәрмекті қымбаттатып, пайда табамын дегендерге түбінде жақсылық болмайды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты.

«Бұл – оңай мәселе емес. Осындай күрделі кезеңде азаматтардың қиын жағдайға душар болғанын пайдаланып, пайда табамын дегендерге түбінде жақсылық болмайды. Сондықтан мұның бәрін ескеру қажет. Бұл іс Президенттің ерекше қадағалауында. Өткенде сіздерден өтінгенмін, әр азамат осындай жағдайға тап болса, тікелей хабарласуға мүмкіндігі бар. Арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Өзіме де тікелей хабарласуға болады. Сондықтан жұмыс істеу үшін жұмылған жұдырықтай бірігу керек. Бүкіл ел қолдап, хабар беріп отырсаңыздар, ондай адамдарды тез анықтауға мүмкіндік бар. Сондықтан сіздерден барлық ақпаратты елге шығарып, бізге беріп отыруларыңызды сұраймыз» деді Ералы Тоғжанов.

Коронавирус індетінен қайтыс болғандарды жасырып қалу мүмкін емес. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты.

«Бүгінде ешкім ештеңені жасырайын деп отырған жоқ. Әсіресе, қайғылы жағдайға апаратын дүниенің бәрін жасыру мүмкін емес қой. Сондықтан оның бәрі қаралады, баға беріледі. Бұл – бір. Екіншіден, осы эпидемиологиялық ахуалға, коронавирусқа байланысты әр облыстың жағдайы күнде таңертеңгі 9-00-де штабта арнайы қаралады. Оның ішінде облыстағы жағдай, сол облыстағы аудан не болмаса ірі компаниядағы жағдай қаралуы мүмкін»  деді Ералы Тоғжанов. 

Оның атап өтуінше, бүгін мәселен, Атырау облысы арнайы қаралған. Өйткені, бұл облыста бір тәулікте 371 адам коронавирус жұқтырған. Бұл Қазақстан өңірлері ішіндегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі саналады.

«Соған байланысты 5 аудандағы, оның ішінде ТШО сияқты компаниядағы жағдай терең талданып, елге жеткізіліп отыр. Сондықтан бір де бір жағдайды жасырып қалу мүмкін емес. Оның ешкімге қажеті де жоқ. Мемлекет ашық қарап, елге жеткізеді. Ол халық үшін, елдің болашағы үшін керек» деді Ералы Тоғжанов.

Денсаулық сақтау министрлігі ел азаматтарын тұрғылықты жеріне қарамай емдеуге міндетті. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты.

«Қазақстан азаматтарының барлығы тікелей ем алуға құқылы. Сондықтан ол Қарағандыдан, Маңғыстаудан немесе Ақтөбе облысынан келген деуге болмайды. Ол азаматтардың барлығы ауырған жағдайда тікелей осы жерде емделуге құқылы. Тіпті құқылы емес, оны қамтамасыз етуге Денсаулық сақтау министрлігі міндетті»  деді Ералы Тоғжанов.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой тыныс алу анализаторы көмегімен коронавирусты анықтауға арналған жаңа тестілеуге қатысты ақпаратқа орай пікір білдірді.

Айта кетейік, бірқатар ақпарат құралы Хельсинкиде (Deep Sensing Algorithms компаниясы) тыныс алу анализаторының көмегімен COVID-19-ды тестілеуге дайындық жүргізіліп жатқанын, тест нәтижесі небәрі 2 минуттың ішінде дайын болатынын жазған еді. Аталған хабарламаға сәйкес мұндай құрылғы Қазақстан, Нидерланд және АҚШ-та сынақтан өтеді-міс.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой дәл осы ақпаратқа қатысты пікірін бөлісті.

«Қазіргі уақытта бізге бүкіл әлемнен тестілеудің түрлі әдістері, оның ішінде өздеріңіз атап өткен жаңағы әдіс те түсіп жатыр. Яғни, тестілеудің аталған түрін әзірлеген компаниядан ақпарат келіп жатыр. Әрине, біз оларды мұқият қараймыз. Қазақстан нарығына аталған құрал келіп түскеннен кейін тестілеудің қаншалықты дәл екенін, вирусты анықтау барысындағы жүйелі сипаттамаларының қандай екенін, тестілеудің дәлелденген өзге түрлеріне қарағанда қаншалықты дәл екендігін тексереміз. Содан кейін барып қана Қазақстанда тестілеудің жаңа технологиясы қолданылатынын айта аламыз» деді Алексей Цой.

Бөлісіңіз