Дәріні қымбат бағаға сату фактілері: ҚР ІІМ барлық өңірде рейд өткізуде

193 қаралу саны

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Ішкі істер министрлігі дәрі-дәрмектердің бағасын қымбаттату фактілерін анықтау бойынша рейдтер өткізді.

«Рейд барысында дәрі-дәрмектерді жаппай сатып алуды ұйымдастырған адамдар анықталды. Олар дәрі-дәрмектің жасанды тапшылығын тудырып, кейін дәрілерді нақты құнынан бірнеше есе артық бағамен қайта сатқан. Дәрі-дәрмектерді қайта сатудың көптеген фактілері еліміздің барлық өңірінде анықталды. Пысықай азаматтар дәрі-дәрмектерді фискалды чектерді шығармай сатқан. Салдарынан адамдар дәрілерді қымбат бағаға алуға мәжбүр болған» деп атап өтеді министрліктен.

Мәселен, ведомство мәліметінше, Нұр-Сұлтан қаласында полицейлер қорғаныс құралдарын заңсыз сатудың жолын кесті. Жергілікті тұрғыннан медициналық маскалар, комбинезондар, термометрлер, медициналық көзілдіріктер мен антисептикалық құралдар тәркіленді. Тағы бір жағдайда әйел адам интернет-ресурста хабарландыру беріп, Парацетамол, Ингавирин, Цефтриаксон, Азитромицин сияқты аса қажетті дәрі-дәрмектерді заңсыз сатқан. Елордадағы сауда, ойын-сауық орталықтарының бірінің тұрағында оның автокөлігінен аталған дәрілік препараттары бар екі қорап табылды. Шымкент қаласында Левомак медициналық препаратын 12 000 теңгеге сатқан жергілікті тұрғын полицияға жеткізілді. Ол дәрі бағасын өз бағасынан 6 есе қымбатқа сатқан. Дәріханада провизор болып жұмыс істейтін Шымкент қаласының тағы бір тұрғыны Дексаметазон-Аджио препаратының ампулаларын 5 000 теңгеден берген, негізгі бағасы – 600 теңге. Ал Түркістан облысында ер адам Аскорбин қышқылын 5 000 теңгеден сатқан, оның негізгі бағасы – 250 теңге.

Осыған ұқсас фактілер Алматы қаласында, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарында анықталып отыр. Рейдтің алғашқы күнінде полиция учаскелеріне 21 адам жеткізілді.

«Рейдтік іс-шаралардың бірінші күні полицияға барлығы 21 адам жеткізілді. Олардан 3500-ден астам дәрілік зат тәркіленді. Оның ішінде 2100 қорап Ацетилсалицил қышқылы, 589 қорап Парацетамол, 230 ампула Цефтриаксон бар. Сондай-ақ 17 800 медициналық маска, бір рет қолданылатын 60 қолғап, 105 қорғаныс халаты (комбинезондар), 80 қорғаныс көзілдірігі, 79 термометр және 100-ден астам антисептикалық құрал (300 литр) тәркіленді», – деп атап өтеді министрліктен. Барлық анықталған фактілер бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі. «Ішкі істер министрлігі дәрі-дәрмектерді заңсыз сатуға тап болған азаматтарды, сондай-ақ мұндай фактілер анықталған жағдайда жақын жердегі аумақтық полиция бөлімшелеріне немесе 102 және 112 телефондары арқылы хабарлауға шақырады. Рейдтік іс-шаралар жалғасуда», – деді ҚР ІІМ баспасөз қызметінен.


Дереккөз: ҚР ІІМ баспасөз қызметі

Бөлісіңіз