Данияр Бейсембаев: Қазіргі түсіп жатқан науқастар мен бұдан бірер апта бұрынғы сырқаттарды салыстыруға болмайды

140 қаралу саны

Петропавлдағы жұқпалы аурулар ауруханасының инфекционист-дәрігері Данияр Бейсембаев әлеуметтік желі арқылы тұрғындарға үндеу жолдап, оларды денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Дәурен Бейсембаевтың айтуынша, қазіргі түсіп жатқан науқастар мен бұдан бірер апта бұрынғы сырқаттарды салыстыруға болмайды. Бұрын негізінен емдеу мекемесіне вахтамен жұмыс істейтіндер, жүк тасымалдайтындар түсіп, оларда ауру белгілері байқалмаған.

Дәрігердің үндеуін  Фейсбук парақшасында Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла жариялады.

«Қазір бізге адамдар коронавирус инфекциясының нақты белгілерімен, ауырып түсіп жатыр. Сырқаттар – өзіміздің қала тұрғындары. Олар сіздердің көршілеріңіз, таныстарыңыз немесе жақын туыстарыңыз болуы мүмкін. Коронавирус індеті қауіптірек бола бастады. Онымен үлкен адамдар ғана емес, жастар да көп ауыратын болды. Сондай-ақ, науқастарда бұған дейін бізге тек интернет арқылы ғана белгілі болған ауру белгілері бар, яғни, ентігу, оттегі жетіспеушілігі, ағзаға кішкене физикалық күш түскенде демалудың қиындауы. Мен сіздерді қорқытқым келмейді, бірақ біз қазір қыста қорқа күткен коронавирусты инфекциямен бетпе-бет келіп отырмыз» деді дәрігер.

Осыған орай Дәурен Бейсембаев жерлестерін санитарлық талаптарды қатаң сақтауға, қоғамдық орында маска тағып, адам көп шоғырланған жерге бармауға, арақашықтықты сақтап, қолды залалсыздандырып отыруға, сырқаттармен мүмкіндігінше байланысқа түспеуге шақырды.

«Мен сіздерден өтініп сұраймын, абай болыңыздар! Өтінемін, абай болыңыздар және ауырмаңыздар!» деді Дәурен Бейсембаев өз үндеуінде.

Ары қарай оқу:


Кнопка домой

Бөлісіңіз