ДДСҰ: тек жауапкершілік болғанда ғана пандемияның екінші толқынын болдырмаймыз

316 қаралу саны

Ресей, Ұлыбритания және Испания әлемдегі соңғы күнде коронавирус инфекциясының жаңа жағдайларының көпшілігін құраған он елдің қатарына кіреді. Бұл туралы Копенгагенде өткен баспасөз мәслихатында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа аймақтық бюросының директоры доктор Ханс Клюге хабарлады .

.

Жалпы алғанда, ДДСҰ Еуропалық аймағында коронавирустық инфекциядан 160 мың адам қайтыс болды, бұл әлемдегі барлық өлімнің 56 пайызын құрайды. Доктор Ханс Клюге атап өткендей, Шығыс Еуропа елдерінде ерекше қиын жағдай байқалады.

Сонымен бірге, аймақтағы 39 мемлекет шектеу шараларын жеңілдету туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты доктор Ханс Клюге билік өкілдерін қоғамдық пікірді тыңдауға және бағытты өзгертуге дайын болуға, тұрғындарды қырағылық пен жауапкершілік танытуға шақырды.

ДДСҰ өкілі вируспен толық жеңіске жеткендей көрінгеннен кейін карантиндік шараларды әлсіреткен Қытай мен Оңтүстік Кореядағы жаңа жағдайларды еске сала келіп, алайда жаңа жұқтыру жағдайларының көп күттірмегенін тілге тиек етті. «Бізде баршаға қол жетімді вакцина немесе тиімді емдеу болмайынша біз инфекцияның таралуын тек билік пен халықтың ынтымақтастығымен ғана шектей аламыз» деді доктор Ханс Клюге.

ДДСҰ пандемиядан арылу үшін жасалатын қандай да бір шараға халық қалай реакция жасайтынын түсіну үшін жүйелі түрде сауалнама жүргізуді ұсынады. Өңірдің жиырма шақты елі ДДСҰ ұсынған сауалнамаларды пайдалануда. Мысалы, Германияда наурыз айының басынан бастап карантиндік шаралардың экономикалық салдары туралы қоғамдық алаңдаушылықты анықтайтын әлеуметтік зерттеулер апта сайын жүргізіледі. Уақыт өте келе неміс тұрғындарын инфекцияны жұқтыру қаупі аз алаңдататын болды, содан келіп немқұрайдылық пен енгізілген шектеулерді бұзу үрдісі орын алды. Билік бұған жауап ретінде психологиялық қолдау қызметін күшейтіп, барлық жастағы адамдардың арасында оқу-ағарту материалдарын таратуды бастады.

Нидерландыда жүргізілген сауалнамада жас жігіттер аурудың таралуын шектеу жөніндегі үкіметтің ұсыныстарын орындауға дайын емес екендігі анықталды. Бұған жауап ретінде билік халықтың осы тобымен жұмыс жасау үшін шаралар әзірледі. Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Украина, сондай-ақ осы аймақтың көптеген елдері жүйелі түрде сауалнама жүргізіп, осы зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес саясаттарын түзетуге ниет білдірді.

Шектеулерді алып тастау мәселесіне қайта оралған доктор Ханс Клюге кез-келген қоғам мүшелерін басқалармен қарым-қатынас кезінде өзін жауапкершілікпен ұстауға, қашықтықты сақтауға, қолдарын жуып жүруге шақырды. Оның айтуынша, кейбір адамдар қастандық теорияларына сенеді және ұсыныстарға құлақ асудан бас тартады, ал басқалары шамадан тыс қауіптенеді, кез-келген байланыстарды шектейді және тіпті дәрігерге бару мүмкіндігін пайдаланбайды.

«Біздің мінез-құлқымыз осы індеттің траекториясын анықтайды. Үкімет шектеулерді алып тастаған кезде барлық жауапкершілік (инфекцияны тежеу үшін) халыққа жүктеледі» деп сөзін түйіндейді Ханс Клюге. Ол ережелерді басқалардың елемеуі қоғамның егде мүшелері мен жұқпалы аурулары бар адамдар үшін қауіпті екенін тағы да еске салды.

Дереккөз: БҰҰ жаңалықтары сайты

Сурет дереккөзі: БҰҰ жаңалықтары сайты

Бөлісіңіз