«Денсаулық сақтау министрлігі хабарлайды» бағдарламасы: бүгінгі хабарда не айтылды?

Фото дереккөзi: Primeminister.kz
334 қаралу саны

Біздің сайтымыз арқылы оқырмандар «Денсаулық сақтау министрлігі хабарлайды» бағдарламасын жақсы білсе керек. Онда министрлік басшылары мен белгілі медицина мамандары күн тәртібіндегі көкейкесті мәселелер жөнінде өз пікірлерін ортаға салады. Бүгін бағдарламаның келесі хабары тікелей эфирден өтті. Біз сонда айтылған кейбір мәселелерді қысқартып беріп отырмыз

«Ынтымақтастық» деп аталатын жаһандық жоба аясында 4 препарат зерттелуде

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Сержан Айдосов: Бізде коронавирус инфекциясының алғашқы жағдайы мен олардың байланыстарын зерттеу жүргізіледі. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жобасы. Ол бізге вирус штаммын, сонымен қатар халық арасында вирустың таралу барысын, қалай таралғанын, қандай факторлар ықпал еткенін зерделеуге мүмкіндік береді. Жоғары оқу орындары мамандары және ғалымдары зерделегеннен кейінгі нәтижені 1-2 айдың ішінде Денсаулық сақтау министрлігіне табыстаймыз. «Ынтымақтастық» деп аталатын жаһандық жоба аясында 4 препарат зерттелуде және оның үшеуі елімізде тіркелген.

Біз 90 елдің қатарында осы жобаға қатысуға ниет танытқан едік. Қазіргі уақытта жоба 10 елде басталып кетті. Біздегі жағдай қандай? Біз Биоәдеп орталық комиссиясынан өттік. Комиссия мүшелері жобаны бекітті. Қазіргі уақытта Ұлттық сараптама орталығының бағасын алып жатырмыз. Өте көп құжат қажет, толық тізімі шамамен 300-500 бет болады. Біз осы құжаттарды жинап, дәлелдегеннен кейін бастаймыз деп ойлаймын. Келесі жоба аясында вирус геномын, сондай-ақ коронавирус жұқтырған пациенттердің геномын зерделемекпіз. Мұндай генетикалық зерттеуді біздің зертхана Назарбаев университетімен бірге жүргізеді.

Қазақстан мамандары Қытайға баратын болды


ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Сержан Айдосов: Денсаулық сақтау министрінің ҚХР Елшісімен соңғы кездесуі барысында Қытай Денсаулық сақтау министрінің ұсынысымен Қазақстан мамандарын сол елде тәжірибе алмасуға жіберу мәселесі көтерілді. Осы бағытта бағдарлама мен баратын мамандар тізбесін жасап жатырмыз.

Қытайға тәжірибе алмасуға баратын медицина мамандарына жұмсалатын шығынды еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі және жергілікті мекемелер төлейді. Бұған қоса, еліміздің Сыртқы істер министрлігінің де үлкен көмегі болады. Олар бізге қолдау көрсетіп отыр. Жалпы, мамандарымыздың қашан баратыны туралы нақты жоспар жоқ. Бірақ, 2-3 аптаның ішінде анықталады. Олар Бейжің қаласына барады деп жоспарланған.

Коронавируспен күресте Дания Қазақстанның тәжірибесіне сүйенеді

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Сержан Айдосов: Түрлі елдердің Денсаулық сақтау министрлерінің қатысуымен өткен брифинг барысында Данияның Денсаулық сақтау министрі Қазақстанның тәжірибесін өздеріне алғанын айтқан болатын. Дания өзінде дәл сондай мобильді тестілеу орталығын ашты. Сонымен қатар вирус белілері байқалмайтын медицина қызметкерлерін де тексеріп, тестілеуден өткізеді. Демек, біздің тәжірибеміздің өзге де еуропалық елдер алып жатыр деген сөз.

Кеше Алматы қаласына сапарлаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетін анықтауға арналған жаңа мобильді скрининг орталығының қызметімен танысқан болатын. Осыдан бірнеше күн бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге  Беларусь, Қазақстан, Украина және Ресейдегі коронавирусқа қатысты ахуалға алаңдаушылық танытқанын бұқаралық ақпарат құралдары жазған болатын.

Бұл тізімде Қазақстан да болған соң біз брифинг аяқталғаннан кейін өңірлік директор кеңсесіне хабарласып, деректерді алдырдық. Оларда ескі статистика болған және мәліметтер дұрыс талданбағаны анықталды. Ханс Клюге жақын досымыз және ол 20 жыл бұрын Шымкентте жұмыс істеген, денсаулық сақтау жүйемізбен жақсы таныс. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге Қазақстанның коронавирусқа қарсы күрес шараларына жоғары баға берді.

Ханс Клюге Қазақстан телеарналарының біріне сұхбат беруге ниетті

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Сержан Айдосов: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге Қазақстан телеарналарының біріне сұхбат беруге ниетті. Ханс Клюге өз тарапынан қызығушылық танытып отыр. Ол «сіздердің тәжірибелеріңізді қарап, соған қатысты ұстанымызды білдірсек» деп ұсыныс жасады. Осы аптаның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілдігімен бірлесе отырып, Хабар-24 немесе басқа республикалық арнамен келісімге келеміз. Ол сұхбат беруге дайын.

Дереккөз: «Денсаулық сақтау министрлігі хабарлайды» бағдарламасы

Фото дереккөзi: Primeminister.kz

Кнопка домой
Бөлісіңіз