Балыққа деген – алабөтен құрмет

339 қаралу саны

Қазақ деген шын мәнінде қайталанбайтын халық екеніне көзім әбден жетті. Баласын еркелеткенінің өзі ғажап. Қойы төлдеп, қорасы шулап жататын ауылдың адамдары бөбектерін «қошақаным» деп еркелетеді. Үйір-үйір жылқысы бар жердің кісілері бүлдіршіндерін «құлыным» деп маңдайынан сипағанды ұнатады. Түйелі өңірдің қазағы іштен шыққан шұбар жыланын  «ботақаным» деп арқасынан қаққанды әдетке айналдырған. Өріске табын-табын сиыр айдайтын селоларда «теленок мой» деп баласын аялап отырған қазақтың келіншегін де көргенбіз. Қысқасы, осылай кете береді.

Ал, балығы тулаған (бұрын) Арал жақтың адамдары кішкентайларын «Ақұдай» деп еметайы езіліп отырады. Жас кезімде өзімді де үлкендер солай еркелеткенін әлі күнге дейін сағынамын. «Шабағым менің», «Шортаным менің» демейді. «Ақұдай». Басқа сөз жоқ. Жуан нүкте. О несі екен?  Негізінен Қазақстандағы екі ауданды басқа жақтың адамдары қалжыңдап «Ақұдайлар» деп атап кеткенін қазір екінің бірі біледі. Ал, «Ақұдайлардың» өзі іштерінен екіге бөлініп алған. Аралдағылар өздерін «морской ақұдаймыз» дейді. Теңізден қашықтау орналасқан Қазалы ауданындағылар – «береговой ақұдайлар».

Арал маңайындағы ағайындарымды мен жақсы түсінемін. Неге олар «Ақұдай» деп айналады? Біріншіден, жақсы көретін адамының жер басып жүргеніне «А, Құдай, осы балаға өмір бергеніңе рахмет» деп ризашылық білдіргені болар. Екіншіден, кембрийлік кезеңде (шамамен 540 миллион жыл бұрын) ең алдымен балық тектес жәндіктерде көз пайда болғанын біз жақсы білеміз. Басқа ешкімде көз жоқ. Тек балықта жанар пайда болды. Балық бұған қуанбауы мүмкін емес.

Ойлаймын, көз берген жаратушысына Бакең (Балық) қуанышын жасыра алмай айқайлаған шығар: «А, Құдай, көз бергеніңе шүкір маған!». Енді балық бұл сөйлемді тұтастай айта алмайды ғой. Сосын қысқартып «А, Құдай!» деуі мүмкін ғой.

Сондықтан Балық деген жерлестерінен қалған жаргонды аралдықтардың әлі күнге дейін ұмытпауы – заңдылық. Бір жағынан өздерін асырап отырған Балыққа деген – алабөтен құрмет. Осындай гипотеза!

Автор Шархан Қазығұл 1956 жылы туған. Аудандық және республикалық төрт газетте бас редактор болған. ҚР Президенті, ҚР Премьер-министрінің және ҚМГ баспасөз қызметтерінде жұмыс істеген.

Фото автора Шархан Қазығұл
Бөлісіңіз