Елордалық үкіметтік емес ұйымдар СOVID-19 инфекциясымен күресу үшін бірігуге шақырды

217 қаралу саны

Нұр-Сұлтан әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жөніндегі консультативтік кеңестің бейнеконференция байланысы форматындағы отырысы өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Консультативтік кеңес төрағасы Бахтияр Мәкен қазіргі уақытта ҮЕҰ Қазақстан астанасының барлық саласына үлес қосып жатқанын атап өтті. «ҮЕҰ дамып, тәжірибе жинақтауда және үнемі жетілуде. Сондықтан, Қазақстандағы үкіметтік емес сектор өзінің даму жолының едәуір бөлігін өтті деп сеніммен айтуға болады. Біздің бірлескен жұмысымыздың негізгі бағыты қоғамның әлеуметтік маңызды мәселелерін шешу болып қала береді» деді Б.Мәкен.

Үкіметтік емес ұйымдар мен Нұр-Сұлтанның мемлекеттік органдары арасындағы ынтымақтастықтың негізгі нысаны – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру. Олардың тізбесі мемлекеттік бағдарламалардың негізгі бағыттарын, халықаралық тәжірибені, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардан келетін ұсыныстарды ескере отырып жасалады. Қоғамдық ұйымдар әлеуметтік осал топ өкілдерінің мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді. Кездесу барысында халықтың әлеуметтік осал топтарының мүддесін қолдау және қорғау, ҮЕҰ-ны коронавирустық инфекциямен күресуге тарту және үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Жиында қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Сәуле Қисықованың, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Илья Скубтың, сонымен бірге «Орда» ата-аналар мен аутизмі бар балалар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Салтанат Есмағанбетованың баяндамалары тыңдалды.

Қатысушылар денсаулық сақтау басқармасы арқылы мемлекеттік сатып алу жобаларының санын көбейту қажет екенін атап өтті. «Келесі жылы ҮЕҰ үшін жобалар санын көбейту керек. Бірқатар мәселелер денсаулық сақтау саласына қатысты, онда ҮЕҰ көмегімен шешілуі мүмкін проблемалар бар. Мысалы, азаматтардың осы саладағы өз құқықтарын қорғай білмеуі. Сондықтан денсаулық сақтау саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың қызметін жандандыру, МӘМС бойынша халық арасында ақпараттық жұмыстар жүргізуге ерекше назар аудару өте маңызды» деді Б.Мәкен.

«Ардагер» қоғамдық бірлестігінің президенті Баян Ахметжанова коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу шараларының маңыздылығын атап өтті. Соның ішінде тәуекел тобына жататын егде жастағы адамдарға көмек көрсету аса қажет екенін атап өтті. «Біз СOVID-19 індетімен күресу үшін бірігуіміз керек. Тек барлығымыз күш салып, дәрігерлердің талаптарын сақтап қана ауруды жеңе аламыз», – деді Б.Ахметжанова.

Бөлісіңіз