Елжан Біртанов үстемеақы төлеудегі заңбұзушылықтар туралы айтып берді

Елжан Біртанов үстемеақы төлеудегі заңбұзушылықтар туралы айтып берді
384 қаралу саны

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық қызметкерлерді ынталандыру шаралары және дәрігерлерге үстемақы төлеудегі заңбұзушылықтар туралы Facebook-тегі парақшасында жазған.

 «Наурыз айында 17,5 мың медицина маманына 3 млрд теңгеден астам сомаға үстемеақы төленді. Әсіресе, өңірлерде әкімдік жанынан құрылған, құрамына облыстың бас санитары, денсаулық сақтау басқармасы, жұмыспен қамту басқармасы, кәсіподақ пен «Nur Otan» партиясының өкілдері кіретін комиссиялар үлкен жұмыс атқарды. Дәл осы комиссия жіберген тізім бойынша төлем жіберіледі» деп жазды министр.

Дерт жұқтыру қаупі жоғары топта наурыз айында 1395 қызметкер (8%), екінші топта 7081 (41%) және үшінші топта 8 949 (51%) маман жұмыс істеген. Ең көп қаражат екінші топ дәрігерлеріне жұмсалды: 1,8 млрд теңге (54%), бірінші топқа республика бойынша 717 млн теңге (21%), үшінші топқа 845 млн ( 25%) теңге төленген.

«Эпидемияға қарсы шараларға тартылған ең көп мамандар Алматы (3700), Нұр-Сұлтан (1900) және Шымкент (2200) қалаларында тіркелді. Сәйкесінше, үстемеақының басым бөлігі осы қалаларға – Алматыға 1,2 млрд теңге, Нұр-Сұлтанға 646 млн теңге, Шымкентке 360 млн теңге жіберілді.

«Үстемеақы науқаспен етене жұмыс істеген мерзімге сәйкес төленетіндіктен алғашқы топта орташа төлем 514 мың теңге, екінші топта  255 мың, үшінші топта 94 мың теңге болған. Көптеген өңірде науқастар наурыз айының екінші жартысында пайда болды. Инфекция жұқтырған науқастар ертерек анықталған өңірлердің үстемеақысы да көбірек төленді. Мәселен, Алматы қаласында бірінші топ мамандары 674 мың теңге, Нұр-Сұлтанда 552 мың теңге, Қарағанды облысында 438 мың теңге алған. Ал Қостанай мен ШҚО-да наурыз айында бірінші топ мамандарына төлем жүргізілген жоқ. Екінші топ бойынша ең көп үстемеақы Түркістан облысында 427 мың теңгеден, Нұр-Сұлтан қаласында 347 мың теңгеден, Павлодар облысында 316 мың теңгеден берілген» деп түсіндірді министр.

Сонымен бірге министрдің айтуынша, бүгінге дейін елуден астам дәрігер үстемеақысы толық төленбегеніне, әділ берілмегеніне шағымданған.

«Әрине, әрбір оқиғаны жеке қарастырып жатырмыз. Бірақ, ең алдымен өңірлердегі әріптестеріме айтқым келеді. Комиссиялар тізім құру кезінде ғана белсенді жұмыс жасамай, тұрақты режимге көшу қажет. Комиссия жұмысын ашық әрі көпке қолжетімді ету керек. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен оның филиалдары қайта есептеу мен қосымша хаттамалар қабылдауға әзір. Дәл осы жағдайда әділетсіздікке жол берілмеуі тиіс: ағаттық кеткен жағдайда, дереу түзетуіміз керек. Менің электронды поштама хат жолдауларыңызға болады Birgemiz@dsm.gov.kz» деп түсіндірді Елжан Біртанов.

Айта кетейік, бұған дейін «Əлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов үстемеақы мен сыйақы алатын медицина мамандарының тізімі қалай жасалатынын айтып берген болатын.

Министр тапсырмасы бойынша дәрігерлерге берілетін үстемеақының дұрыс аударылуы үшін өңірлердегі барлық комиссия құрамына Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдері қосылған.

«Қазірдің өзінде қор өкілдері бірқатар кемшілікті анықтады. Атап айтсақ, қауіп тобында көрсетілмеген қызметкерлерге (бас дәрігерлер мен олардың орынбасарлары) үстемеақы негізсіз төленген. Үстемеақы алуы тиіс мамандар (клиникалық және биохимиялық зертхана, рентгендік диагностика қызметкерлері) шет қалған. Қызметкерлердің қауіп тобы асырып көрсетілген. Науқастар табельде көрсетілген датадан кейін ауруханаға жатқызылған. Жұмыс уақытының айлық балансы көтеріліп, маманға берілетін үстемеақы сомасы азайған. Өңірлерде төсек-орын шамадан тыс әзірленген, арнайы жедел жәрдем бригадасы анықталмаған» деп жазды министр Facebook-парақшасында.

Сонымен бірге, министр бір айда атқарылған сағаттар көлемі бойынша пікір білдірді.

«Бас санитарлық дәрігердің Қаулысына сәйкес ауру аймағындағы дәрігерлер жеке қорғаныс құралдарын киіп (1-типтегі обаға қарсы костюм) 3 сағатқа дейін жұмыс істей алады. Осылайша, еңбек заңнамасының нормаларына сүйене отырып, залалды еңбек жағдайында аптасына 36 сағат, Бас санитарлық дәрігер Қаулысына сәйкес күніне 6 сағат (қорғаныс киімін кем дегенде екі рет ауыстыру қажет) жұмыс істеуге рұқсат етілген. Жалпы, медицина қызметкерінің бір ауысымы 8-12 сағатқа жетеді. Себебі, олар науқасты емдеуден бөлек құжаттармен жұмыс істейді, консультация жүргізеді, тамақ ішеді, демалады және тағы басқа. Осылайша, бір айлық ставка жасалады» деп түсіндірді Е. Біртанов.

Дереккөз: Е. Біртановтің Facebook-парақшасы

Фото дереккөзі: ambulatory.kz

Кнопка домой
Бөлісіңіз