Елжан Біртанов: 1 мәселе – Қорғаныс құралдарына қажеттілікті өтеу

469 қаралу саны

Денсаулық сақтау министрі Елжан Биртанов Instagram-да Tengrinews.kz тілшісіне тікелей эфирде сұхбат беріп, көптеген сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді. Біз бүгін сол сұхбаттың басты үш мәселесіне ерекше тоқталып, министрдің жауабын қағазға түсіріп, оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік. Бірінші мәселе: Қорғаныс құралдарына қажеттілікті өтеу.

Елжан Біртанов: Эпидемия жағдайында күнделікті өмірге қарағанда он есе көп қорғаныс құралдарына деген қажеттілік туындайды. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, әлемдегі барлық қалаларда осылай. Жер шарында арнаулы құралдардың мұндай өндіріс көлемі еш жерде жоқ. Қазақстанда біз күніне 300 мың бетперде шығарамыз. Бұл өте аз. Эпидемияның жоғарылауында екі миллионнан үш миллионға дейін бетперде қажет. Бұл жерде ақша бар бола тұра біз оларды сатып ала алмаймыз, өйткені маска сататындар жоқ. Шекара жабық, барлық елдер өздері шығара бастады. Әрине, біз індетке дайындалдық. Маска да дайындық. Сонда да жетпейтіні түсінікті. Барлық елдер экспортқа тыйым салды. Біз басқа елдер сияқты маска тігуді бастадық. Зауыттарда да шығарылып жатыр, кәсіпкерлер де көмектесіп жатыр.

Қазір Қытай ашылды, біз олардан қорғаныс костюмдерін сатып алдық, ертең бірінші бортпен бізге әкеледі деп сенеміз. Бұл жерде біз аймақтарға көмектесуге тырысамыз. Бірақ барлық тізімдер мен есептеулерді бас дәрігерлер жасайды. Мұндай арнаулы киімдер жұқпалы аурулар ауруханаларында бар. Коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлердің бәрі қорғаныс киімдерімен және құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Бірақ басқа да ауруханалар бар ғой, мысалы коронавируске күдікті адамдарды жатқызатын ауруханалар бар, оларда да арнаулы киімдер болу керек. Біз соны да шешуіміз қажет. Әрине, бүгін проблемалар бар, біз оларды  жоққа шығармаймыз.

Біз келіссөздер жүргізіп жатырмыз және кейбір тауарларды әуе көлігімен тасымалдаймыз. Бүкіл әлемде осындай қиын жағдай. Мен назар аударғым келеді: бізде ақшамен проблема жоқ, логистикада проблема болып жатыр.

Видео дереккөзі: Tengri TV

Кнопка домой
Бөлісіңіз