Елжан Біртанов: Еліміздің бірқатар өңірінде коронавирус инфекциясы өрши түсті

320 қаралу саны

Бүгін, 27 мамырда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов осы мәселе туралы айтты.

 «Соңғы 2 аптаның жағдайын қарасақ, шынымен де өсім деңгейі байқалуда. Өткен 2 аптаның ішінде күнделікті өсім деңгейі 5 пайыздан аспады. Соған қарамастан, кейбір өңірлерде коронавируспен тіркелген науқастардың саны артты. Мысалы, Атырау, Қарағанды, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында байқалды. Осы өңірлерде коронавирусты жұқтырудың өсімі біріншіден, өкінішке орай, үлкен кәспорындарда тіркеліп отыр» деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Мысалы, оның дерегінше, Атырау облысында Теңіз кенішінде 1 063 науқас, Қарағанды облысында 358 науқас, ал Шымкент қаласындағы «ПетроҚазақстан» ұйымында 2019, Нұр-Сұлтан мен Түркістан қаласындағы құрылыс кәсіпорындарында 80-нен астам науқас тіркелген.



«Сонымен қатар Алматы мен Жамбыл облыстарындағы әскери ұйымдардың ішінде де көп науқас тіркелді. Себебі де белгілі. Карантин кезінде біз, жалпы халық үйде отырған кезде кейбір жұмысшылар, мысалы медицина қызметкерлері, әскери адамдар және жұмысы тоқтатылмайтын кәсіпорындардың мамандары жұмыс істеді. Инфекцияның таралуы тәуекелі жоғары болды және осындай жағдай тіркеліп отыр» деді Елжан Біртанов

Министр сондай-ақ коронавирус жұқтырған 58 науқастың жағдайының  ауыр екенін жеткізді. «Өздеріңізге мәлім, кеше коронавирус жағдайына байланысты Үкіметте ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жалпы, қазіргі күні елімізде коронавирус жұқтырып алған 9 300-ден астам адам тіркелді. Олардың арасында 50 пайызы, яғни 4 600-ден астам науқас жазылып, ауруханадан шықты. Өкінішке орай, 37 науқас қайтыс болды» деді министр.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта 4 653 науқас ем алып жатыр. Олардың арасында 355 бала бар. «Сонымен қатар осы науқастардың 85 пайызының жағдайы жеңіл деңгейде деп айтуға болады. Көп науқас симптомсыз тіркелген. Бірақ, 13 пайыз немесе 543 науқастың жағдайы орташа, 1,5 пайыз немесе 58 науқастың жағдайы ауыр. Олардың ішінде 19 науқас өкпені жасанды желдетуге қосылған» деді Елжан Біртанов.

«Бұл індет әлі біткен жоқ. Коронавирус толқынды жағдаймен келе жатыр. Карантин жағдайында төмен түседі. Бірақ, карантин және шектеу шараларын алып тастасақ, қайта көтеріледі. Бұл тек Қазақстанда емес, бүкіл дүниежүзінде қауіпті жағдай. Мұны барлығымыз дұрыс түсінуіміз қажет» деді министр.

Оның атап өтуінше, дүниежүзіндегі осындай індетті тоқтатуымыз үшін әр азамат, әр мемлекет карантиндік, санитарлық талаптарды енгізуі және оны сақтауы қажет. «Ең біріншіден, әр адам 2 метр әлеуметтік арақашықтықты сақтауы керек. Жұмыс орнында және сыртқа шыққанда әлеуметтік арақашықтықты ұстанғанымыз жөн. Екіншіден, індетті тоқтату үшін қазіргі уақытта маска тағу өте маңызды. Әрине, жеке гигиенаны да сақтау қажет. Індет ауамен ғана емес, қол арқылы да жұғады. Сондықтан қолды жуу, жеке гигиенаны сақтау да өте маңызды» деді Елжан Біртанов.

«Науқастардың арасында ауырған, симптоммен келген адамдардың саны 15-16 пайыз көлемінде. Ал 70 пайыз науқас симптомсыз тіркелген. Себебі бұл науқастарды табу үшін Денсаулық сақтау министрлігі және жергілікті әкімшіліктер алдын алу скринингін өткізіп жатыр. Президенттің тапсырмасы бойынша қазіргі күні скринингтің көлемін тәулігіне 25 мың тестке арттырдық. Бастапқы кезде күніне 3-4 мың ғана болған еді. Жалпы осы эпидемия басталғаннан бері елімізде 711 мың тест өткізілді. Олардың 260 мыңнан астамы, яғни 40 пайызын алдын алу скринингі деп айтуға болады», – деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Министр үлкен ұжымдарда, медициналық мекемелерде, әлеуметтік ұйымдарда скрининг өткізіліп, біраз науқастың табылғанын және олар оқшауландырылғанын атап өтті.

«Бұл – өте маңызды мәселе. Әрине, көп жағдайда азаматтар: «Мен ауырмаймын, ешқандай симптомы жоқ. Неге мені карантинге немесе ауруханаға жатқызады?» деп сұрап жатыр. Оның себебі – осындай симптомсыз аурулар басқа азаматтарға инфекцияны жұқтыруы мүмкін. Ол белгілі жағдай. Дүниежүзінде денсаулық сақтау ұйымының кеңесі бойынша, басқа да ғылыми зерттеу жұмыстарының негізінде симптомсыз азаматтарды оқшаулауға жіберуіміз қажет. Бұрын біз оларды ауруханаға жатқызғанбыз. Қазір мүмкіндік болса үйлерінде немесе арнайы карантиндік стационарларға жатқызып, басқа адамдардан бөлектеуіміз қажет», – деді ол.

Оның атап өтуінше, кейбір мемлекетте бұл симптомсыз науқастарды есепке алмайды. Жалпы статистикаға кіргізбейді.

«Біз бұл дұрыс емес деп ойлаймыз. Қазақстанда барлық тіркелген науқастарды, жұқтырған науқастарды есепке кіргізіп, санаймыз. Қазір науқастардың өсімін көріп отырмыз. Оның себебі – алдын алу. Жұқтырған азаматтарды тауып, оқшаулауға жіберсек, бұл індетті тоқтатуға мүмкіндік бар», – деді Елжан Біртанов.

Дереккөз: Орталық коммуникациялар қызметінің тікелей эфирі

Ары қарай оқу:



Кнопка домой

Бөлісіңіз