Елжан Біртанов: карантин жарияламағанымызда 4,5 мың науқас 8 тәуліктен кейін тіркелер еді

Фото дереккөзі: Ainews.kz. Елжан Біртанов: карантин жарияламағанымызда 4,5 мың науқас 8 тәуліктен кейін тіркелер еді
47  061 қаралу саны

Кеше кешке қарай ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Хабар24» арнасына жарты сағат тікелей эфирде сұхбат берді. Сұхбат барысында ол карантин дер кезінде енгізілмесе, елімізде қандай жағдай болуы мүмкін екенінен бастап халық үшін қандай вакциналар сатып алынып жатқанына дейінгі аралықтағы көптеген сұрақтарға тұщымды жауап қайтарды. Біз ең басты алты мәселе бойынша министр жауабын қағазға түсіріп, қазақ тілінде оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Бірінші мәселе. Елжан Біртанов: 12 наурызда індет жұқтырудың алғышқы оқиғалары анықталған кезде, біз шұғыл карантиндік шараларды қабылдадық. Егер де 16 наурызда карантин жарияламасақ, онда 8 тәуліктен кейін 4,5 мың науқас тіркелер еді. Бұл көрсеткішке тек екі айдан кейін ғана жеттік. Мемлекет басшысы жариялаған карантин мен төтенше жағдай өте маңызды рөл атқарды, біз індеттің таралуына тосқауыл қоя алдық және медициналық ұйымдарға жүктемені азайттық.

Бізде індет жұқтыру өсімінің қарқыны алғашқы күндері тәулігіне 50-60 пайызға дейін көтерілген еді. Қазір бұл көрсеткіш 3-5 пайыз деңгейінде. Бізде бұл жағдай қадағалауда тұр. Әрине, адамдар жарияланған көрсеткіштерге қорқынышпен қарап отыр. Індет жұқтырған адамдардың саны қазақстандықтар арасында үрей тудырмауы керек. Бүгінде тек үш мың адам медициналық ұйымдарға жатқызылған. Яғни, 1,5 мың адам емделіп, үйлеріне оралды.

Екінші мәселе. Елжан Біртанов: Біз бүгінге дейін симптомсыз ауруларды ауруханаға жатқызып, оларды бақылау бойынша тактиканы ұстанып келдік. Бастапқы кездерде біз оларды емдеп те жүрдік. Кейіннен халықаралық нұсқауларды ескере отырып, емдеу протоколдары өзгертілді.

Індетті емдеудің нақты әрі толық әдістері болмағандықтан, халықаралық ұйымдардағы әріптестеріміз симптомсыз жағдайларды емдемеуге кеңес берді. Сондықтан біз оларды ауруханаға жатқызып, тек бақылап жүрдік. Қазір тәсілдерді өзгертіп жатырмыз.

Үшінші мәселе. Елжан Біртанов: Кейбір шараларды жеңілдету карантиннің тоқтағанын білдірмейді. Карантин шаралары – ол өндірістік қызмет, қоғамдық көлік және басқалар бойынша тиісті шектеулердің топтасуы. Олар эпидемиялық тәуекелдермен байланысты. Осы жағдайда кейбір қалалар арасында әуе тасымалы тұрғысында шараларды жеңілдету қадамдары қабылданды.

Тәуекел деңгейін ескере отырып, бұл қадамдар арқылы әуе тасымалдарын жасауға мүмкіндік болып тұр. Алайда, қауіп мүлдем жоқ деп ойлауға болмайды.  Біз бұл бағыттағы шараларды біртіндеп іске асырудамыз. Сондықтан ПТР-тестілерді талап ету қазіргі кезде орынды. Індет жұқтыру төмендегеніне қарай, осыдан бас тартып, халықтың барлық санаттары арасында таңдамалы тестілеуге көшуіміз мүмкін.

Осы орайда эпидемиологиялық зертханалық қадағалау ескеріледі, яғни теңдей үйлесімде қоғамның барлық өкілдерінен кездейсоқ таңдау тәсілімен зерттеулер алынады. Сол кезде эпидемия мен қауіптің қандай деңгейі туралы тиісті түсінік пайда болады. Дегенмен, осыған ауысуға әлі ертерек, бізде ауру ошақтары тіркелген өңірлер бар.

Төртінші мәселе. Елжан Біртанов: Шетелге шығу қажеттігі туындаған азаматтарға қатысты ойымды білдірейін. Мәселен, адамға шетелге шығу қажеттігі туындады делік немесе белгілі бір компания қызметкерлерін маңызды шара алдында тексеріп аламын десе, мұндай жағдайда ақшаны компания төлейді. Ал егер адам өз еркімен коронавирусты жұқтырып алғанын немесе алмағанын білгісі келсе, онда ақылы түрде өтеді. Сонымен қатар біз өткізуді жоспарлап отырған эпидемиологиялық тестілеу жұмыс ретіне қарамастан барлық санатты қамтиды. Бәлкім мамыр айының соңында бұл іске кірісеміз. Бізде тесттер мен зертханалық қуаттылықтың қауқары жеткілікті.

Бесінші мәселе. Елжан Біртанов: Коронавирус бойынша Қазақстанда жүргізілген тесттер туралы айтсам, бүгінге дейін 320 мыңға тарта тест жасадық. Яғни, әрбір 1 млн адамның 20 мыңына тест жүргізіліп отыр.  Жан саны бойынша тест өткізуден Кореяны басып оздық. Бұл тестің бәрі де тегін жүргізілді. Ақылы тесті шамамен бір апта бұрын енгізген едік. Тесті өткізу бойынша негізгі үш көрсеткіш бар.

Ең бірінші кезекте медициналық көрсеткіш туралы айтар болсақ, ЖРВИ-дің кез келген түрі бойынша кездескен, коронавирус инфекциясы бойынша күдікке ілінген, яғни, температурасы бар немесе пневманиямен түскен адамды тестен өткіземіз.

Екіншіден – эпидемиологиялық көрсеткіш бар. Яғни, біз коронавирус анықталған азаматпен жақын қарым-қатынаста болған немесе вирус бойынша сезікті елден келген азаматтарды тестен өткіземіз. Оларды тестен өткізу республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен тегін жүргізіледі.

Сонымен қатар – карантин кезінде қызметте жүрген әскери қызметшілер, медицина мамандары мен гипермаркет қызметшілері үшін де тесттен өту тегін.

Қазір карантин босаңсытылды. Дәл осы ретте халықты жаппай тестен өткізу керек пе, ол үшін ақшаны кім төлейді деген сұрақ туындайды. Біз осы тестердің бір бөлігі эпидемиологиялық қадағалау есебінен жүргізілетіндей жұмыс жүргізудеміз. Яғни, мемлекет есебінен тестен өтетін әртүрлі топтағы адамдарды таңдаймыз. Міндетті түрде тегін санатқа кіретін азаматтар: егде адамдар, созылмалы ауруы бар азаматтар, инфекциялық стационарлардың медициналық қызметкерлері. Бұл адамдар қауіп шеңберінде жүргендіктен вирусты жұқтырып алуы мүмкін.

Алтыншы мәселе. Елжан Біртанов: Эпидемия мен індет жұқтыру жағдайында халық инфекцияға қарсы шараларға, профилактикаға айрықша назар аудара бастады. Оның ішінде, вакцинациялау тақырыбы ерекше талқыланды. Вакцинациялау әлемнің көптеген елдерінде бірқатар инфекцияға қарсы жүргізіледі. Дәрігерлердің пайымынша, бұл міндетті вакцинациялау өзінің оңтайлы нәтижесін беріп келеді. Біз тек өзінің тиімділігін дәлелдеген вакциналарды сатып аламыз және олар сапа тұрғысынан қатаң қадағалаудан өткен.

Пандемия салдарынан емханаларға барғандар саны азайды.  Дегенмен, биылдың бірінші тоқсанында 1 миллионнан астам адам вакцина алды.  Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда біршама төмен, алайда жылына 4 миллионға жуық адамды вакцинациялаймыз. Бірінші тоқсанда екпеден бас тартқандар саны 700 адамнан аспайды. 

Дереккөз: «24 Хабар» арнасы

Фото дереккөзі: Ainews.kz


Індеттің жалғыз жауы – екпе

Қазақстандық дәрігерлер, әсіресе, педиатрлар азаматтардан өз балаларына екпе жасау кестесіне жауапкершілікпен қарауға және вакцинацияны назардан тыс қалдырмауға шақырады.

Фото: La Capital

Қазақстанда коронавируспен ауырған бір науқасты емдеу қаншаға түседі?

Айбатыр Жумагулов. Фото дереккөзі: ДДСҰ/ЕАБ сайты

Кнопка домой
Бөлісіңіз