Елжан Біртанов: Коронавирус инфекциясы бойынша жағдай Үкіметтің бақылауында

Фото дереккөзі: Liter.kz Елжан Біртанов жалпыға бірдей вакцинациялауға қарсыларға арнап Bloomberg жарияланымын Facebook парақшасында орналастырды
274 қаралу саны

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook парақшасында өткен тікелей эфирде Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші 3-5 пайыз деңгейінде екенін мәлім етті. Біз «Кеткеткет.кз» сайтының оқырмандарына назарына осы тікелей эфирде айтылған бірқатар мәселелер туралы ойларды ұсынуды жөн көрдік.  

Карантин туралы

«Өкінішке қарай, коронавирус пандемиясы әлі де жалғасуда. Қазақстанда да коронавирус инфекциясының таралуы тоқтаған жоқ. Алайда, инфекцияның таралу қарқыны мен одан көз жұмғандардың санына назар аударсақ, әр елдің көрсеткіші әртүрлі. Қазіргі таңда біздің елде коронавирус жұқтырған 10 мыңнан астам тіркелді. Әйтсе де өсім қарқыны күніне 3-5 пайызды көрсетіп отыр. Көрсеткіштері жоғары аймақтар да бар. Дегенмен, кейбір аймақта жағдай қалыпты» деді Елжан Біртанов.



Министрдің айтуынша, Қазақстанда коронавирус инфекциясы бойынша жағдай бақылауда. «Кейінгі айда қарқынның 5 пайыздан аспағанын байқадық. Бұл дегеніміз коронавирус инфекциясы бойынша жағдай Үкіметтің бақылауында екенін білдіреді» деді ол.

Инфекцияның жасырын ошақтары туралы

«Біздің назарымызды аудартқаны: көптеген елде коронавирус инфекциясын анықтау әдістемесі – медициналық ұйымдарға ЖРВИ-дің жөтел немесе дене қызуы секілді белгілерімен келген пациенттердің ішінен анықтауға негізделген. Сол науқаспен жақын қарым-қатынаста болған адамдар да зерттеледі. Осылайша науқастар тіркеледі. Ал біз Қазақстанда эпидемияның шарықтау шегінде, яғни сәуір айының екінші жартысында жабық ұжымдарда белсенді тестілеу бағдарламасын бастадық. Инфекцияның жасырын ошақтарын табу үшін сау адамдардың өзі де тесттен өте бастады» деді министр.

Ірі кәсіпорындардағы коронавирус туралы

Елжан Біртанов жұмысы тоқтамаған ұйымдар мен кәсіпорын ұжымдарының ішінде жасырын ошақтардың болуы мүмкін екеніне болжам жасалғанын айтып өтті. Ақыры болжам расталып, коронавирус инфекциясын ауру белгісі жоқ күйде көтеретін адамдардың көп екені анықталған.

«Біздің елдегі өсім коронавирус инфекциясын симптомсыз көтеретін адамдардың тіркелуімен тікелей байланысты. Қазіргі таңда біз күніне тегін 25 мыңнан астам адамды тестен өткіземіз. Күніне коронавирус инфекциясын жұқтырған шамамен 300 адамның 80 пайызы оны ауру белгісі жоқ күйде көтеретіні анықталды. Олар ауруды сезбейді. Әлбетте, бұл көрсеткіштер талдау жұмыстарын күшейтуге мәжбүр етті. ДДСҰ-ның стандартына сәйкес бұл адамдар оқшауланған. Әу баста біз оларды инфекциялық ауруханаға оқшауласақ, қазір бұл амалдан бас тартып, карантиндік нысандарға жатқыза бастадық немесе үйлерінде бақылауда ұстадық. Сол себепті Қазақстанда тіркелгендердің көбін науқастар мен вирусты алып жүрушілер деп айтуға болады» деді ол.

 Вируспен күрес тактикасы туралы

Осыған байланысты Қазақстан вируспен күрестің тактикасын өзгерткен. «Кеше ғалымдардың бәрімен келісіп, коронавирусты ауру белгісі жоқ күйде көтеретін адамдарды инфекциялық стационарға жатқызбауды жөн деп шештік. Оларға интенсивті терапия қажет емес. Учаскелік дәрігерлер оларды үйлерінде бақылай береді. Егер ауру белгілері пайда болып жатса, ауруханаға жатқызуға болады. Зерттеу көрсетіп отырғандай, «белсенді» науқастарға қарағанда бұл адамдар аса қауіпті емес. Осыған байланысты оларды оқшаулау мерзімін 10 күнге үйінде бақылайтын боламыз. Оныншы күні оның үйіне дәрігерлер келіп, тест алады. Ол кезде адам жазылып кетсе, ол бақылаудан алынады. Егер тест «оң» нәтижені көрсетіп тұрса, біз оны ары қарай бақылаймыз» деді Елжан Біртанов.

Дәрігерлер жалақысы туралы

«Денсаулық сақтау саласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы бойынша медицина қызметкерлерінің, соның ішінде дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңмен көтеру жоспарланған еді. 2025 жылы экономика бойынша орташа 2,5 пайыздық арақатынас деңгейіне жеткізу көзделген. Алайда Президент бұл тапсырманы 2023 жылға дейін орындауды тапсырды» деді Елжан Біртанов.

Министр тиісті есептеу жұмыстары жүргізіліп қойғанын айтып өтті. «Тиісінше біз есеп жүргіздік. Алайда, бұл жоспарлы жұмыс өткен жылы басталып кеткенін атап өткім келеді. Ол кезде біз айлықты 30 пайызға арттырған едік. Биыл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізе отырып, мамыр айында ҚР бюджеті мен Медициналық сақтандыру қорынан еңбек төлемі қорын 30 пайызға арттыру үшін қаражат бөлдік. Есеп жүргізіп отырсақ, еңбек төлемі қорын жыл сайын 30 пайызға көтеріп отыру керек болады. Осының арқасында мақсат тұтқан 550 мың теңгелік орташа айлыққа қол жеткіземіз» деді ол.

Қозғалыс туралы

«Шынында да біздің қазіргі басты мақсат – елді қалыпты экономикалық белсенді өмірге қайтару. Сонымен бірге азаматтарды осы эпидемиядан қорғауымыз керек. Әйтсе де эпидемияға қарсы шаралар, соның ішінде шектеу шаралары күшінде қалады. Карантиннің бірнеше кезеңі бар. Ел ішіндегі қозғалысқа шектеуді алып тастау аймақтар бойынша коронавирусты жұқтыру жағдайы реттеліп, теңесіп қалғанын білдіреді. Яғни, адамдарды ары қарай қозғалыстан шектеудің қажеті жоқ. Әйтсе де ең бірінші кезекте жұмыста, қоғамдық орындар мен көліктерде эпидемияға қарсы шараларды сақтау ережелерінің талабы күшінде болады. Оны сақтанудың маңызы зор» деді Елжан Біртанов.

Шараларды сақтау туралы

Министрдің айтуынша, өкінішке қарай, жұмыс орындарында жұмыс берушілердің кейбірі қызметкерлері үшін қауіпсіздік жағдайын қамтамасыз етпейді. «Қоғамдық көліктерде де кейде адамдардың толып тұрғанын көреміз. Маскасыз жүрген адам қаншама?! Сауда орындарында да бұл талаптарды сақтамай жүргендер көп. Мұндай жағдайда өте қатаң шараларды іске асыруға мәжбүр боламыз. Ең бастысы, инфекцияның таралуы қаупі азайғаннан кейін карантин тәртібі жеңілдетіліп келе жатқанын түсінуі керек. Алайда, инфекция ешқайда құрып кеткен жоқ. Адамдар оның ауыр түріне де шалдығып қалуы мүмкін. Сондықтан оның алдын алудың маңызы өте зор» деді Елжан Біртанов.

Дәрігер жауапкершілігі туралы

«Дәрігерлер ешқандай жауапкершілік артпауы керек деп ақ халатты абзал жандардың бірі де айтпайды. Әлемдік нормалар мен талаптар бар. Дәрігерлер де қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін, қателік жіберсе тартылуы да керек. Атап айтқанда, егер дәрігер медициналық көмек көрсетпесе немесе есірткі затының айналымымен байланысы болса, әлбетте жазаланады. Алайда, Президент «дәрігердің қателігі» мен «олақтықтың» ара жігін ажыратуды тапсырды. Міне, осы мәселе төңірегінде талқылау болады. Себебі біз медицинадағы келеңсіздіктермен күрес жүргізу және медициналық көмектің стандарттарын сақтауда толыққанды жауапкершілікті мойнымызға аламыз және оған кепілдік береміз деуіміз керек» деді Елжан Біртанов.

«Дәрігер медициналық қызметті көрсету кезінде қандай да бір стандарттардың сақталмағаны анықталса, ол қылмыстық жауапқа тартылмауы керек. Ол үшін әкімшілік жауапкершілік бар. Ең бастысы, ол жерде дипломнан айыруға дейінгі кәсіби жауапкершіліктің де барын ұмытпау керек» деді Елжан Біртанов.

Дереккөз: ҚР ДСМ Фейсбук парақшасы

Ары қарай оқу

Кнопка домой
Бөлісіңіз