Елжан Біртанов Сенаттың жалпы отырысында МӘМС, Денсаулық кодексі, бас санитарлық дәрігер, вакцина туралы айтты

237 қаралу саны

Бүгін, 11 маусымда ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс пен «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша түзетулер енгізу жөнінде» ілеспе заң жобасын таныстырды. Біз «Кеткеткет.кз» сайты оқырмандарының назарына министрдің айтқан әңгімелерінің ең өзектілерін ұсынамыз.

МӘМС аясында медициналық көмекті ақылы негізде көрсеткендер жауапқа тартылады

«Қоғамдық денсаулық сақтаудың деңгейін көтеруде мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың ортақ жауапкершілігін қамтамасыз ету мақсатында кодекс жобасында Айкос, ГЛО, қорқор секілді темекінің жаңа түрлерін тұтынуды шектеу, сондай-ақ снюстер мен басқа да шегілмейтін темекі бұйымдарын әкелуге, өндіруге және таратуға тыйым салу, 21 жасқа толмаған адамдарға темекі өнімдерін сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу көзделеді.

Ары қарай оқу:


Вакциналардың адам денсаулығына әсерін реттеу мақсатында адам денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеп соққан вакциналарды әкелу, сатып алу, тасылмалдау, сақтау ережелерін бұзғаны үшін, вакциналардың сапасы мен қауіпсіздігіне сараптама жасау тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу қарастырылады. Сонымен қатар қызметкерлердің денсаулығын нығайту және аурулардың алдын алу, медициналық қарап-тексерулер мен скрининг өткізу мақсатында әлеуметтік демалыстар беру көзделген» деді Елжан Біртанов.

Осы орайда ол медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру мәселесіне тоқталды. Медициналық көмектің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында медициналық көмек көрсетудің стандартын әзерлеуде бірыңғай тәсіл қолданылатындығын, медициналық қызметпен айналысу лицензиясы орталық деңгейде берілетіндігін атап өтті.

«Ауылдық жерлерде көшпелі медициналық кешендердің, медициналық пойыздар мен қашықтан медициналық көмек көрсету құралдарының қолжетімділігі артады. Тегін медициналық көмектің көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін медициналық көмекті ақылы негізде бергені үшін әкімшілік жауапкершілік көзделеді» деді Елжан Біртанов.

Сондай-ақ министр денсаулық сақтау саласындағы білім беру және ғылым бағытында Дүниежүзілік медициналық білім беру федерациясының талаптарына сәйкес білім алушыларды және түлектердің кәсіптік даярлығын тәуелсіз бағалау; университет ауруханаларын құру шарттары мен қызметінің қағидаттарын одан әрі дамыту жоспарланғанын айтты. «Кодекс жобасы этика мәселелері жөніндегі комиссиялардың рөлі мен мәртебесін реттейді» деді ол.

Қазақстан аумағынан адамның ағзалары мен тіндері тек қана ҚР азаматтарына медициналық көмек көрсету үшін шығарылады

«Кодекстің жобасын талқылау барысында Парламент Мәжілісінің жұмысы аясында жұртшылықтың пікірін ескере отырып, кей даулы нормалар пысықталды. Олар бойынша консенсус табылды. Кодекс жобасында Қазақстан аумағынан адамның ағзасы мен тіндері тек қана ҚР азаматтарына медициналық көмек көрсету үшін шығарылатын болды» деді «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс пен «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша түзету енгізу жөнінде» ілеспе заң жобасын таныстырған министр.

Оның атап өтуінше, қайтыс болған адамның органдарын алуға келісім презумпциясына қатысты норма Қазақстан Республикасында 2009 жылдан бастап қолданыста. «Ерікті түрде келісім беруді тіркеу немесе келісімді кері қайтарып алу медициналық ұйымдар көрсететін мемлекеттік қызмет болып саналады. Кодекс жобасында адамның тірі кезінде ағзасын алу бойынша ерік білдірмеген жағдайда келісімді бермеуге жұбайының, ал ол болмаған жағдайда жақын туыстарының бірінің құқығы бар екені көзделген» деді Елжан Біртанов.


Қазақстанның Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің шектеу іс-шараларын және карантинді енгізу жөніндегі өкілеттіктері күшейтіледі

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың 27 сәуіріндегі мәлімдемесінде кодекс жобасына халық денсаулығын сақтау және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жүйесін жақсартуға бағытталған практикалық ұсыныстар енгізуді тапсырды. Осылайша кодекс жобасында бас мемлекеттік санитар дәрігерлердің шектеу іс-шараларын және карантинді енгізу жөніндегі өкілеттіктерін күшейту, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның лауазымды тұлғаларын әлеуметтік қорғау бойынша шаралар енгізу, Денсаулық сақтау министрлігіне төтенше жағдайды енгізу кезеңінде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру тәртібін айқындау бойынша құзырет беру көзделген» деді министр.

Ары қарай оқу:


Сонымен қатар оның айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайда жедел ден қою мақсатында дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігіне әсер ететін жағдайлар туындаған кезде фармацевтикалық инспекция жүргізу, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қолдана отырып, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту көзделеді.

«Көрсетілген түзетулерді қабылдау нәтижесінде айналадағыларға қауіп төндіретін аурудың таралу мүмкіндігі төмендейді. Әлеуметтік қорғау және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметін нығайту, төтенше жағдай кезеңінде жекелеген медициналық қызметтер көрсетуді жедел ұйымдастыру, дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Денсаулық сақтау саласындағы концессиялық жобаларын тиісінше іске асыру жақсарады» деді Елжан Біртанов.

Баласына вакцина жасаудан бас тартқан ата-ана оның денсаулық құқықтарын шектейді

«Ата-аналар баласын вакцинациялаудан бас тарта отырып, баланың денсаулық құқықтарын шектейтіндігін атап өткен жөн. Жалпы, егілмеген адам санының өсуі – ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне және халықтың арасында вакцинамен басқарылатын инфекциялық аурулардың таралуына алып келеді» деді министр.

Оның дерегінше, 2019 жылы қызылша ауруымен ауырғандардың арасында 21 өлім, оның ішінде 19 бала өлімі тіркелген. Елімізде қызылшаның өршуі кезінде 13 800-ден астам жағдай, балалар арасында – 9 887 жағдай тіркелді. Сырқаттанушылықтың 83,4 пайызы егілмеген балалардың арасында тіркелді. 2018 жылғы 1 қарашадан бастап 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейін  8 244 бала ауырды.

«Халық арасында вакцинамен басқарылатын инфекциялар жағдайларын тіркеу осал топтарға жататын балалардың өміріне қауіп төндіреді. Сонымен қатар, аталған норманы жұртшылықпен талқылау нәтижесінде профилактикалық екпелер міндетті және ерікті болып бөлінді. Міндетті профилактикалық егулерге жоспарлы профилактикалық егулер және эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша профилактикалық егулер жатады. Жоспарлы вакцина алмаған балаларды мектепке дейінгі оқу мекемелеріне жіберу ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейіне жеткен жағдайда ғана мүмкін болады» деді Елжан Біртанов.

Ары қарай оқу:


Кнопка домой
Бөлісіңіз