Елжан Біртанов: СІЗДЕР – бүгінгі күннің батырысыздар!

Фото сілтемесі: news.files.bbci.co.uk Елжан Біртанов: СІЗДЕР – бүгінгі күннің батырысыздар!
15  634 қаралу саны

«Мен бүгін тәулік бойы жұмыста жүрген, қаңтар айынан бері демалыс көрмеген барлық деңгейдегі медициналық қызметкерлерге, дәрігерлер мен медбикелерге, санитарлар мен медициналық ұйымдардың басшыларына, санитарлық қызметтегілерге, университеттер мен ғылыми орталықтардың жетекшілеріне үндеу тастағым келеді. Көбіңіздің қалжырап шаршағандарыңызды, эмоционалдық тұрғыда әбден қиналғандарыңызды түсінемін. Көбіңіз үйге барып, балаларыңызды құшақтай алмай отырсыздар. Үрейленіп те жүрсіздер. Араларыңызда жұқтырып алғандар да бар» деп жазды Елжан Біртанов facebook парақшасында.

Министр медициналық қызметкерлер қаншама қиналса да адамдарды құтқару үшін таңертең тұрып, жұмысқа баратынын еске салды. «Ақша немесе абырой үшін емес, жұмысыңыз сондай болғаннан кейін адамдардың өміріне араша түсіп жүрсіздер. Мен сіздермен мақтанамын!» деді министр. Елжан Біртанов медицина саласының қызметкерлерімен сөзімен ғана емес, ісімен де көмектесіп жүрген жандарға, қарттарға дәрі-дәрмек пен тамақ апарып жүрген, маска тігіп, керекті жүктер үшін ұшақ ақшасын төлеп жүрген, интернет арқылы концерт берген, тіпті жай ғана үйінде карантинге отырған адамдарға алғысын айтты.

«Өкінішке қарай, қазір қайдағы бір «сарапшылар», карантинде іші пысқан «мамандар» мен диван сыншылары пайда болды. Олар әлеуметтік желілер мен жаңалықтар легін «қоқыс» ақпараттармен, түсініксіз бағалармен, орынсыз болжамдармен және ойсыз кеңестермен толтырып тастады. Сабырға келіп, оларға мән бермеулеріңізді, өздеріңізді кәсіби тұрғыда ұстауларыңызды сұраймын. Ондай адамдардың сөздерін жүрекке жақын қабылдамаңыздар» деді ол.

Министрдің айтуынша, қазір бүкіл ел ең күрделі кезеңге аяқ басқан. «Қазір бізден шыдамдылық пен кәсіби әрекет қана талап етіледі. Бүгінгі күні біз жұмысқа ғана бар назарымызды аударуымыз керек. Ескі өкпені бықсытып, кикілжің шығарып жататын уақыт емес. Эпидемияның беті қайтқаннан кейін мәселенің бәрін шешерміз. Ол үшін барымызды саламыз. Уақыт өтер – эпидемия кетер. Бүгінгі күн туралы кітап та жазылып, фильмдер түсірілер… Көбі осы күнді ұмыт қалдырар. Бірақ дәл осындай қиын кезеңде күндіз-түні, апталап, айлап ауруханада СІЗДЕРДІҢ болғандарыңызды есте сақтаңыздар. СІЗДЕР – бүгінгі күннің батырысыздар! Бұл вирусты жеңерімізге сенемін. Оны сіз бен біздің кәсібилігіміз, ғылымымыз бен тәртібіміз жеңеді. Өздеріңізді сақтаңыздар» деп түйіндеді Елжан Біртанов facebook парақшасындағы жазбасын.


Дереккөз: m.facebook.com

Фото сілтемесі: news.files.bbci.co.uk

Барлық қазақстандықтардың өзара қол ұшын беруіне арналған сайт: Qoldasy.kz

Кнопка домой
Бөлісіңіз