Елжан Біртанов: Вирусологиялық зертхана қызметкерлеріне үстемеақы төлеу ережесін өзгерту қажет

307 қаралу саны

Бүгін, 16 мамырда Ұлттық сараптама орталығында болған ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook-тегі жеке парақшасындағы жазба арқылы аймақтық вирусологиялық зертхана қызметкерлеріне үстемеақы төлеу ережесін өзгертуді ұсынды.

 «Кей адамдар демалып жатқанда, медициналық қызметкерлер еңбек етуде. Бүгін Ұлттық сараптама орталығының аймақтық вирусологиялық зертханасына бардым. Мұнда тәулік бойы жұмыс істеп, коронавирус инфекциясына сынама алатын тәжірибелі вирусологтар мен зертхана мамандары жұмыс істейді. Күн сайын қала емханаларынан, жедел жәрдемнен және әскери бөлімшелерден алынған ПТР-тест сынамалары осында жеткізіледі».

Министр COVID-19 эпидемиясы басталғанда мамандардың тәулігіне 600 тест жасағанын, ал қазір 2 мыңнан астам тест жасайтынын атап өтті. Барлық деректер зертханалық ақпараттық жүйеге енгізіледі. Эпидемияны басқаруды автоматтандыру үшін бұл жүйені ауруханалар мен емханалардың ақпараттық жүйелерімен біріктіру жұмыстары жүріп жатыр.

«Ұжыммен кездесіп, үстемеақы төлеу мәселесін талқыладық. Зертхана қызметкерлеріне еңбекақы төлеу ережелерін өзгерту қажет деп ұйғардық. Себебі, олар да ықтимал науқастармен және биосынамаларымен етене жұмыс істейді. Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен ерен еңбектеріңіз үшін рахмет!» деп түйіндейді өз ойын Елжан Амантайұлы.

Дереккөз: Facebook-тегі жеке парақша

Бөлісіңіз