Манипуляция: Қазақстандықтар коронавируспен бұрын ауырып қойған болуы мүмкін

Источник фото: https://www.inform.kz/fotoarticles/20190417123104.jpg Манипуляция: Қазақстандықтар коронавируспен бұрын ауырып қойған болуы мүмкін
220 қаралу саны

Қазақстанда COVID-19 жұқтырған алғашқы адам 13 наурызда, яғни Қытайдың Ухан қаласында алғашқы жұқтыру жағдайы белгілі болғаннан кейін екі жарым айдан соң тіркелді. «Олимп» клиника-диагностикалық зертханалар желісінің бас директоры Ерлан Сүлейменов Tengrinews.kz порталына берген сұхбатында қазақстандықтар коронавируспен күзде немесе қыста ауырып қойған болуы мүмкін екенін айтты, бірақ ол кезде тест-жүйе болмағандықтан індет анықталмаған күйі қалған.

Оның айтуынша, сәуірде қазақстандықтар жедел-тесттен өтіп, жаңа инфекцияға тұрғындардың иммунитеті бар-жоғын анықтай алады.

Үкім: Манипуляция. Айтылған болжамды нақтылайтын мәлімет әзірге жоқ.

Пневмониямен ауырғандар статистикасы да, өкілетті тұлғалардың мәлімдемелері де қазақстандықтар алғашқы жағдай тіркелгенге дейін коронавируспен ауырып қойды деп айтуға негіз болмайды. Азаматтардың барлығын жаппай тестілеуден өткізгеннен кейін ғана нақты қорытынды шығаруға болады. Қазіргі уақытта мұндай тестер қоғам үшін қолжетімді емес (АПДЕЙТ: қолжетімді, бірақ тегін емес).

2019 жылдың 31 желтоқсаны мен 2020 жылдың 13 қаңтары аралығында коронавирустың жаңа түріне шалдыққандар ресми түрде тек Қытай аумағында тіркелді. Дегенмен, ғалымдар жаңа инфекция өткен жылдың қараша айында адамға залалы тиген болуы мүмкін дейді. Қытайдың South China Morning Post басылымы әлдебір үкіметтік мәліметке сілтеме беріп, коронавирус жұқтырған алғашқы науқасты жергілікті медицина қызметшілері 17 қарашада анықтады деп мәлімдеді. Кең тараған осы пікірді Цюрих (Швейцария) Жоғары техникалық мектебінің зерттеушілер тобы да қолдайды. Статистикалық модельдеу көмегімен мамандар COVID-19-дың гендік реттілігін талдап, коронавирустың адамдар арасында қараша айының бірінші жартысына дейін ұзақ кезең бойы тарауы мүмкін екенін жоққа шығарды.

Осылайша, теориялық тұрғыдан қарағанда вирус Қазақстанға Қытайдан 2019 жылдың қарашасында келген болуы мүмкін. Оған қоса, ҚХР азаматтары 29 қаңтарға дейін республикаға еш кедергісіз кіре алатын еді, тек сол уақыттан бастап екі ел арасындағы автобус арқылы жолаушылар тасымалы тоқтатылды. Еркін жүріп-тұрған кезде инфекция қазақстандықтар арасында геометриялық прогрессия бойынша тарайтын еді (мұны The Washington Post өте әдемі жеткізді): адамдардың ешбірінде жаңа вирусқа иммунитет жоқ, ал коронавирусқа шалдыққан адам орташа есеппен кем дегенде екі адамға індет жұқтырады. Оған қоса, орташа есеп бойынша инфекция жұқтырғандардың 19%-ы ауруханаға жатқызылуы керек, яғни бірнеше ай бұрын денсаулық сақтау жүйесіне білінетіндей салмақ түсер еді. 65 жастан асқан азаматтар (Қазақстанда олардың саны 1,4 млн-ға жетіп қалды) мен созылмалы аурулары барлар арасынан қайтыс болғандар да тіркелер еді. Гарвард медицина мектебінің жазуы бойынша, тұрғындардың осы тобы коронавирус жұқтырса пневмония сынды ауруы асқынып, өлімге әкеп соғуы мүмкін.

Дегенмен, 2019 жылдың қазаны мен 2020 жылдың наурызы аралығында Қазақстанда пневмониямен ауырғандар санында алдыңғы төрт жылмен салыстырғанда елеулі өзгеріс болмады. Оған Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің FactCheck.kz редакциясына ұсынған статистикалық мәліметтері дәлел болады.

Күзде немесе қыста қазақстандықтар жаппай коронавируспен ауырып қоюы мүмкін емес екенін Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің басшысы Людмила Бюрабекова «Время» газетіне берген сұхбатында мәлім етті. Біз коронавирусқа тән ерекшелігі бар аурудың өсу қарқынын байқар едік. Бірақ ондай жағдай болмады» деп атап өтті. Сонымен қатар, шенеунік Сүлейменовтың жеке мәлімдемелеріне Денсаулық сақтау министрлігінің қатысы жоқ екенін айтты.

Айта кетсек, осындай мазмұны бар посттар америкалық Facebook қолданушылары арасында да кең тараған, PolitiFact фактчекерлері наурыз айында коронавирустың АҚШ-та 2019 жылдың күз немесе қыс айларында тарауы мүмкін екенін жоққа шығарды. Оңтүстік Калифорния университетінің профилактикалық медицина маманы Ричард Ватанабе басылымға былай деп мәлім етті: «Аурудың қалай өтетіні және белгілерінің кеш байқалатынын ескере отырып, індеттің АҚШ-та қараша немесе желтоқсанда тарау мүмкіндігі төмен».      

Барлық қазақстандықтардың өзара қол ұшын беруіне арналған сайт: Qoldasy.kz

Кнопка домой
Бөлісіңіз