Фейк: COVID-19 құрамында өте қауіпті Синтия синтетикалық бактериясы бар

Фейк: COVID-19 құрамында өте қауіпті Синтия синтетикалық бактериясы бар Фото дереккөз: journalmetro.com
11  460 қаралу саны

Жаңа коронавирустың қолдан жасалғаны туралы мәлімет жоққа шығарылғаннан кейін желілерде қауіпті індеттің пайда болуының басқа да нұсқасы тарап жатыр: COVID-19-дың басқа вирустардан ерекшелігі РНҚ-сында «бөгде нуклеотидті бөлік» бар-мыс. Ғылым докторы ретінде таныстырылған әлдебір Ирина Ермакованың сөзінше, оның вирусқа кездейсоқ енуіне «Синтия бактериясын» жасаған америкалық ғалымдар жауапты. Дәл осы «бақылаудан шыққан» микроағзалар 2011 жылғы мұнай төгілуінің зардаптарын жойып, содан кейін Мексика шығанағында «көк обаның» пайда болуына әкелді-мыс. Тексереміз. Пікір:

«… Біздің нұсқамыз бойынша адамдардың індетке шалдығуы мен қайтыс болуы, сонымен қатар жаңа рекомбинантты РНҚ-сы бар қауіпті вирустың туындауына Уханьдағы базарға қолдан жасалған Синтия синтетикалық бактериясы жұқтырылған балық және басқа жануарлар түсуі себеп болған. Рекомбинантты РНҚ-ның пайда болуы РНҚ вирусының Синтия бактериясына енуімен және осы жасанды бактерияның ДНҚ-сынан ақпаратты «көшіруімен» байланысты болуы мүмкін». Тарап кеткен конспирологиялық теория.

Үкім: Жалған

Мәлімдеме авторы тақырыпқа сай емес сапасыз зерттеулерді негізге алған. Пікірдің өзінде ешқандай негіз жоқ, себебі жаңа коронавирус геномы толықтай дерлік жарқанат коронавирус геномына сәйкес келеді. Жасанды синтезделген Синтия бактериясы жануарлардың ағзасына түсуі мүмкін емес, себебі ол табиғи ортада өмір сүруге қабілетсіз және ешқашан мұнай өнімдерін жұту үшін пайдаланылмаған.

Біріншіден, жаңа коронавирустың пайда болуы туралы тың мәлімдеме айтқан ғалымның кім екеніне мән беру керек. Ирина Ермакова – биология ғылымдарының докторы және ресейлік «антиГМА қозғалысының негізгі белсендісі». Ол 2010 жылы Ресей Ғылым Академиясы Жоғары жүйке қызметі және нейрофизиология институтынан кеткеннен кейін ешқандай ғылыми мекемеде жұмыс істемеген. 2005 жылы И. Ермакова шағын егеуқұйрықтар тобына зерттеу жасап (жануарларды өсіру немесе тамақтандыру маманы болмаса да), олардың әрекетіне ГМ-өнімнің қалай әсер ететінін бақылауға тырысқан. Тәжірибесінің таңқаларлық нәтижесін әлі күнге дейін түсіндіру мүмкін емес – онда анық емес дүние мен ереже бұзудың көптігі сонша, ресейлік те, шетелдік ғалымдар да оны талқылауға тұратын дүние ретінде қабылдай алмады. Рецензиялық журналдарда И. Ермакованың мақалалары жоқ деуге болады: оның зерттеулері тіпті ең төменгі сапа стандартына сай келмейді.

Екіншіден, қазіргі күні COVID-19-дың зертханалық пайда болуы туралы теория ешқандай ғылыми дерекпен бекітілмеген. Вирустың қайдан пайда болғанын түсіну үшін ғалымдар оның геномын басқа вирустардың геномымен салыстырып көруі қажет. Осындай зерттеу арқасында COVID-19 геномы жарқанат коронавирусының геномына 96,3% сәйкес келетіні анықталды (айырмашылығы – 240 нуклеотид).

Тағы бір қызықты дерек: коронавирустың қазіргі штаммы панголинаның кесірінен адамға беріле алатын қабілетке ие болды. Өйткені, COVID-19 панголина коронавирусынан дәнекер генді қабылдап алды, оның ақуызы ACE2 ақуызына енуге өте қабілетті (бұл вирустың адам ағзасында тиімді жолмен еніп, сонда қалуына мүмкіндік беретін «кілт»). Вирустардың рекомбинациясы жабайы табиғатта да, жарқанаттар мен панголина ағзалары көршілес тұрған Ухань базарында да орын алуы мүмкін дейді ғалымдар (айта кетсек, bioRxiv сайты мақалалардың препринтін жариялайды және рекомбинация туралы мәліметті дәлелденген факт деп есептеудің қажеті жоқ).

Үшіншіден, Синтия бактериясының коронавирусқа да, 2011 жылы Мексика шығанағындағы мұнай төгілуін жоюға да қатысы жоқ. 2010 жылы ғалымдар тобы, 15 жылғы еңбектен кейін Mycoplasma laboratorium жасанды геномы бар тірі бактерия жасады. Коронавирус геномын зерттеген ғалымдар онда Синтия генетикалық материалының бар екенін байқамай қалуы мүмкін емес: «Крейг Вентер институтының қызметкерлері қатаң ғылыми процеске аз ғана әзіл қосып, Mycoplasma mycoides кодында болмаған геномда ДНҚ бірізділігін жасады. Олардың болжауынша, егер бактерия «қашып кетсе» (негізі мұндай гибрид табиғи ортада өледі), оны тапқан маман мағынасын ашу барысында өзіне құттықтау, жоба авторларының тізімін және әдебиеттен бірнеше тіркесті оқи алады».

Дереккөз: OYLA ғылыми-көпшілік басылымы

Оған қоса, мұнай төгілуімен күрес үшін басқа да тәсілдермен қатар, зертханада жасалған, мұнайды «жеп қоятын» бактериялар пайдаланылды. «… бұл бактериялар табиғатта барлық жерде өмір сүреді, мұхитта да бар, бірақ мұнайды жылдам ыдырату үшін жеткіліксіз» деп түсіндірді Экология және табиғи ресурстарды рационалды пайдалану ғылыми-зерттеу институтының басшысы «Эксперт Урал» басылымына берген сұхбатында. Бұл ресейлік институт British Petroleum-ге мұнай дақтарына микроағзаларды жеткізу тәсілін ұсынды.

Дереккөз: Фактчек.кз

Фото дереккөз: journalmetro.com

Барлық қазақстандықтардың өзара қол ұшын беруіне арналған сайт: Qoldasy.kz

Кнопка домой



Бөлісіңіз