Елжан Біртанов: Ғылыми-зерттеу жұмыс негізінде елімізде коронавирусқа қарсы жаңа тәсіл енгіздік

59  233 қаралу саны

Осы аптадан бастап коронавирус симптомы жоқ науқастар стационарлық ауруханаға жатқызылмайды. Олар дәрігерлердің бақылауымен үйлерінде емделеді. Бұл туралы кеше кешкілік Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг өткізген ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. Брифинг барысында министрдің айтқан осы және басқа да ойлары мен тұжырымдарын біз «Кеткеткет.кз» сайтының оқырмандарына ұсынамыз.

Симптомсыз науқастар үйден ем алады

«Бүгінгі күні елімізде коронавирус инфекциясымен 12 124 адам ауырып, тіркеуге алынды. Қазіргі уақытта осы азаматтарға қатысты ақпараттарды толық зерттедік. Олардың 77 пайызы симптомсыз науқастар деп анықталды. Соған қарамастан тіркеуге алынған азаматтарға мемлекет тарапынан толықтай медициналық-диагностикалық көмек тегін көрсетіледі. Бұл медициналық көмек тек қана халықаралық әріптестермен ақылдасқан, ғылыми-зерттеу жұмыстарына негізделген клиникалық хаттама арқылы өткізіледі. Бұл хаттаманы еліміздің ең белгілі медицина мамандары әзірлеп бекіткен» деді ол.

Министрдің атап өтуінше, аталған хаттама эпидемия басталғаннан бері 8 редакциялаудан өтті. Оны қолданудың арқасында науқастардың 58 пайызы, яғни 6 288 адам емделіп, ауруханалардан шығарылды.

Ары қарай оқу



«Қазіргі күні 5 836 науқас тіркелген, олар медициналық бақылауда. Жақында біз осы ғылыми-зерттеу жұмысымыздың негізінде еліміздегі коронавирусқа қарсы шараларды өзгертіп, жаңа тәсіл енгіздік. Ол халықаралық стандартқа да сай келеді. Біз симптомсыз науқастарды ауруханаға жатқызбай жергілікті емханаларда, үйлерінде, яғни стационарлық карантинге жатқызбай үй карантинінде бақылауға аламыз. Мұндай науқастарды бақылау жауапкершілігі жергілікті емханаларға жүктеледі. Учаскелік дәрігерлер арнайы дайындықтан өткен. Бүгінде ауруы жеңіл деңгейдегі науқастардың көпшілігі инфекциялық ауруханаларда жатыр. Бірақ, осы аптадан бастап жаңа хаттаманы енгіземіз» деді министр.

Коронавирус жұқтырған 59 адам ауыр халде жатыр

Елімізде коронавирус табылған науқастардың 78 пайызында вирус симптомсыз өтті. Олар дәрігерлердің бақылауымен үйлерінде емделеді.

«Стационарда жатқан 5800-ден астам науқастың 59-ының жағдайы өте күрделі деп айтуға болады. Бұл – жалпы науқастардың 1 пайызы. 10 пайыз, яғни 100-ге жуық науқастың жағдайы орташа деңгейде. Әрине, олар инфекциялық ауруханаларда ем алып жатыр. Сонымен қатар науқастардың 10 пайызының ауруы жеңіл деңгейде өтіп жатыр. Ал бүгінгі күнге тіркелген науқастардың 78 пайызының, яғни, 4 500-інің жағдайы симптомсыз деп белгіленген» деді ол.

Осы ретте министр вирус симптомы жоқ мұндай науқастардың ауруды өзге адамдарға жұқтыруы мүмкін екенін, сондықтан оқшаулау, карантинге жатқызу маңызды екенін баса айтты.

«Үйде болсын, арнайы карантиндік нысанда болсын, ауруханада болсын, оқшаулану өте маңызды. Әрине, көп жағдайда бұл ауру симптомсыз өтіп кетеді. Яғни, науқастардың 70 пайызында аурудың еш белгісі байқалмайды. Бірақ, 30 пайызының жағдайы нашарлауы мүмкін. Сондықтан дәрігерлеріміз тексеріп, нақты бақылауда ұстауы тиіс» деді Елжан Біртанов.

Министр коронавирустың ресми статистикасынан бөлек тағы 37 адам көз жұмғанын айтты

Елжан Біртановтың атап өтуінше, бүгінге дейін коронавируспен тіркелген 12 124 адамның 48-і қайтыс болды. Бұл – науқастардың 0,4 пайызы.

«Әрине, бұдан бөлек 37 жағдайда басқа аурудан қайтыс болған науқаста коронавирус болғандықтан, олар да тіркеуге алынды. Бірақ, біздің ресми статистикаға кіргізген жоқпыз. Оның себебі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тәртібі, регламенті бойынша диагноз қоямыз» деді ол.

Министрдің сөзіне сенсек, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың 1 пайызы ғана ауыр жағдайда. Бұған қоса елімізде 100 мың тұрғынға шаққанда вирустан көз жұмғандардың үлесі – 0,3 пайыз.

«Бұл өзге көптеген елдерге қарағанда айтарлықтай төмен көрсеткіш саналады. Бұған қоса, біз цифрлардың жасанды түрде төмендетілуіне жол бермейміз. Зертханада дәлелдендеген жағдайдың бәрін білеміз» деді Елжан Біртанов.

24 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған

«Көп жағдайда кейбір азаматтар сенбей: «мұндай ауру жоқ, жай вирус» деп жатады. Өкінішке орай, бұл жай ауру емес, 48 науқас азаматымыз қайтыс болды. Қосымша 37 адам басқа аурулардың салдарынан өмірден өтті. Бірақ, олардан да коронавирус табылды. Бірақ, нақты коронавирустан қайтыс болған адам – 48» деді ол.

Министр қазіргі күні жансақтау бөлімшелерінде жатқан науқастардың бар екендігін баса айтты.

«24 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Олар өте күрделі пневмониямен ауырған науқастар. Өңірлердегі бұл статистиканы күнделікті қарап отырамыз. Өзімнің бақылауымда. Әрбір өңірде жеткілікті төсек-орын, аппарат бар. Жергілікті атқарушы органдармен жүргізілген жұмыстардың негізінде қажетті ресрустардың барлығы дайындалған» деді Елжан Біртанов.

Өңірлерде коронавирус жұқтырғандар саны артып барады

«Соңғы 2 аптаның деректерін көрсек, өкінішке қарай карантин шаралары жеңілдегеннен кейін кей өңірлерде науқастар саны артқанын көріп отырмыз. Өсім деңгейі көтеріліп келе жатыр. Бұл да – өте маңызды мәселе. Айталық, 15 мамыр мен 24 мамыр аралығында елімізде 2 800 науқас тіркелсе, өткен аптада 25 мамырдан маусымның 3-іне дейін 3500 науқас тіркелді. Өсім 25 пайызға артты» деді ол.

Осы ретте министр қатаң шаралар қабылдап, вирустың таралуын төмендетуге болатынын атап өтті.

«Бірақ, тәжірибе қатаң шаралардың шешім еместігін көрсетіп берді. Оны сыни сәттерде қолдануға болады. Науқастар саны күрт көтерілген алғашқы толқын кезінде оның тиімді болғанын көріп отырмыз. Карантин шараларын сақтау арқылы аурулардың саны арта түскенімен өсімнің тұрақты қарқынына қол жеткіздік. Толықтай алғанда, елімізде өсім қарқыны – 5 пайыз шегінде. Халық арасындағы әлеуметтік және экономикалқ ахуалды жақсартуға бағытталған жеңілдету шаралары қарапайым өмірге оралғандай сезім тудырмауы тиіс» деді Елжан Біртанов.

Өңірлік бас санитар дәрігерлердің ерекше шектеу шараларын енгізуге құқығы бар

«Соңғы аптаның деректері бойынша 6 өңірде өсім байқалды. Жақында ведомствоаралық комиссия отырысын өткіздік. Кей өңірлерге қатысты ақпарат беріп жатырмыз. Ең үлкен өсім Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында. Шығыс Қазақстанда өсім болған. Бірақ, қазір жағдай реттеліп келе жатыр. Нұр-Сұлтан қаласында да өсім болды. Қазір өсім 2 пайызға төмендеді» деді ол.

Осы ретте министр аталған жайтқа байланысты әр өңірде ерекше шектеу шаралары енгізілетінін айтты.

«Оған арнайы құқығымыз бар. Өңірлік бас санитар дәрігерлердің қаулысымен осындай шектеулер күшіне енеді» деді Елжан Біртанов.

Оның дерегінше, Атырау облысының Жылыой ауданындағы Теңіз кенішінде ғана коронавирус жұқтырғандардың саны артып тұр. Бірақ, өңірдің басқа аудандарында жағдай бірқалыпты.

«Сондықтан тек сол ауданға ғана шектеу шаралары енгізіледі» деді ол.

Ары қарай оқу:



Кнопка домой
Бөлісіңіз