«Хабар 24» тобы коронавируспен ауырған адамдарды қалай емдеп жатқанын өз көздерімен көріп қайтты

385 қаралу саны

Коронавирус жұқтырғандарды қалай емдейді? Инфекциямен күресетін дәрігерлер қаншалықты қорғалған. «Хабар 24» телеарнасының тілшілері елордадағы көпбейінді медицина орталығына барып, осы жағдайға көз жеткізді.

«Біз қазір дәрігерлердің киім ауыстыратын бөлмесінде тұрмыз. Мына жерде ақ халаттылар душқа түседі. Содан кейін барып олар арнайы қорғаныс құралдарын киеді. Қазір барлық процесті басынан аяғына дейін көретін боласыздар» дейді тілші Ғазиза Мұхамеджанова.

Шомылып жеке заттарын арнайы бөлмеге қалдырғаннан кейін дәрігерлер осындай қорғаныш құралдарын киеді. Қазір біз мынадай аяқ киім киеміз. Шынымды айтсам, костюмнің іші өте ыстық. Бірақ дәрігерлердің қауіпсіздігі бірінші орында. Осы әзірліктен кейін дәрігерлер COVID-19 жұқтырған науқастар жатқан бөлімге баруға дайын болады.

Ары қарай оқу:


Айта кетерлігі, дәрігерлер осындай қорғаныш киімін киіп күніне кем дегенде 4 сағат жүреді. Қалалық инфекциялық аурухананың жансақтау бөлімінде қазір 17 адам жатыр. 7 науқаста коронавирус расталған. Олардың төртеуі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Науқастарды емдеуге білікті мамандардың барлығы тартылған. Ауруханада айлап қызмет еткен дәрігерлердің жақындарын көрмегеніне де біраз болған.

«Біз таңертең келеміз. Жұмысты қабылдап аламыз да кірісеміз. Аппаратқа қосылған адамдарға бірінші мән беріп, олардың жағдайын қараймыз. Қан қысымын, қан құрамына талдау нәтижесін жасаймыз өзіміз. Кейбіреуін зертханаға жібереміз» дейді реаниматолог дәрігер Еркінбек Сағадиев.

Коронавирус жұқтырғандардан бөлек, бұл ауруханада пневмонияның ауыр түріне шалдыққан науқастар бар. Дәрігерлердің айтуынша, олар да індетке шалдыққан болуы мүмкін. Бұл науқастардан арнайы сынама алынып тексеруге жіберіледі.

«Жалпы қазір емханада 400-ге жуық адам ем алып жатыр. Эпидемия басталғалы мыңнан астам науқасты емдеп шықтық» дейді қалалық көп бейінді медицина орталығының изоляторының жауапты басшысы Татьяна Цычоева.

Өкінішке орай, түсірілім тобы барған сәттте жансақтау бөлімінде тағы бір адам көз жұмды. Ресми ақпарат, зертханалық тексеруден кейін ғана жарияланады.

Дереккөз: 24.kz

Ары қарай оқу:


Кнопка домой
Бөлісіңіз