Халықтың талқысынан өткен Кодекс өмірге жолдама алды

224 қаралу саны

Бүгін Мемлекет басшысы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне қол қойды. Бұл Кодекс – біздің елімізде ең көп талқыланған заң жобасы болғаны сөзсіз. Өткен жыл бойы және биылғы жылы оны талқылауға мыңдаған адам қатысты. Кодекске толықтырулар мен өзгерістер енгізуге депутаттардың 29 жұмыс тобы қатысты. Барлығы 1000 толықтыру мен өзгеріс енгізілді.

Кодекс бойынша медициналық көмектің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында медициналық көмек көрсетудің стандартын әзерлеуде бірыңғай тәсіл қолданылады, медициналық қызметпен айналысу лицензиясы орталық деңгейде беріледі.

Ауылдық жерлерде көшпелі медициналық кешендердің, медициналық пойыздар мен қашықтан медициналық көмек көрсету құралдарының қолжетімділігі артады. Тегін медициналық көмектің көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін медициналық көмекті ақылы негізде бергені үшін әкімшілік жауапкершілік көзделеді.

Кодекс этика мәселелері жөніндегі комиссиялардың рөлі мен мәртебесін реттейді.

Кодексте Қазақстан аумағынан адамның ағзасы мен тіндері тек қана ҚР азаматтарына медициналық көмек көрсету үшін шығарылатын болды. Ерікті түрде келісім беруді тіркеу немесе келісімді кері қайтарып алу медициналық ұйымдар көрсететін мемлекеттік қызмет болып саналады. Кодексте адамның тірі кезінде ағзасын алу бойынша ерік білдірмеген жағдайда келісімді бермеуге жұбайының, ал ол болмаған жағдайда жақын туыстарының бірінің құқығы бар екені көзделген.

Кодексте бас мемлекеттік санитар дәрігерлердің шектеу іс-шараларын және карантинді енгізу жөніндегі өкілеттіктерін күшейту, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның лауазымды тұлғаларын әлеуметтік қорғау бойынша шаралар енгізу, Денсаулық сақтау министрлігіне төтенше жағдайды енгізу кезеңінде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру тәртібін айқындау бойынша құзырет берілген.

Денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайда жедел ден қою мақсатында дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігіне әсер ететін жағдайлар туындаған кезде фармацевтикалық инспекция жүргізу, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қолдана отырып, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту көзделеді.

Әлеуметтік қорғау және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметін нығайту, төтенше жағдай кезеңінде жекелеген медициналық қызметтер көрсетуді жедел ұйымдастыру, дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Денсаулық сақтау саласындағы концессиялық жобаларын тиісінше іске асыру жақсарады.

Вакциналардың адам денсаулығына әсерін реттеу мақсатында адам денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеп соққан вакциналарды әкелу, сатып алу, тасылмалдау, сақтау ережелерін бұзғаны үшін, вакциналардың сапасы мен қауіпсіздігіне сараптама жасау тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу қарастырылған. Сонымен қатар қызметкерлердің денсаулығын нығайту және аурулардың алдын алу, медициналық қарап-тексерулер мен скрининг өткізу мақсатында әлеуметтік демалыстар беру көзделген.   

         Профилактикалық екпелер міндетті және ерікті болып бөлінді. Міндетті профилактикалық егулерге жоспарлы профилактикалық егулер және эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша профилактикалық егулер жатады. Жоспарлы вакцина алмаған балаларды мектепке дейінгі оқу мекемелеріне жіберу ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейіне жеткен жағдайда ғана мүмкін болады.

МӘМС аясында медициналық көмекті ақылы негізде көрсеткендер жауапқа тартылады. Қоғамдық денсаулық сақтаудың деңгейін көтеруде мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың ортақ жауапкершілігін қамтамасыз ету мақсатында кодекс жобасында Айкос, ГЛО, қорқор секілді темекінің жаңа түрлерін тұтынуды шектеу, сондай-ақ снюстер мен басқа да шегілмейтін темекі бұйымдарын әкелуге, өндіруге және таратуға тыйым салу, 21 жасқа толмаған адамдарға темекі өнімдерін сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу көзделеді.

Бөлісіңіз