Иммунолог: Адам ағзасында коронавирусқа карсы иммунитет бар

409 қаралу саны

Бүкіл әлемді тізерлеткен коронавирус инфекциясымен ауыру адамның иммунитетіне байланысты ма? Неге кей адамдар қайтыс болып жатса, біреулер жұққанын да білмей қалады?

Осы және өзге сұрақтарға жауап алу үшін С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің жалпы иммунология кафедрасының меңгерушісі Эльмира Битанованы әңгімеге тартқан едік.

– Эльмира Жеңісқанқызы, неге медицина қарыштап дамыған заманда адамзат коронавирустан соншалықты жапа шегіп жатыр? Тарихта жер бетінде оба сияқты талай індеттер болды емес пе?

– Жаңа пайда болған вирустар адамзат білетін вирустардан әлдеқайда қауіпті болады. Өйткені, алғашқы иммундық жауап жоқ. Бұл вирусқа қарсы адамзатта қалыптасқан зерде жасушалары жоқ. Иммунитет әлі қорғаныс механизмдерін дамытқан жоқ. Сосын тағы бір қаупі, екі апта бойы ауру еш белгі бермейді. Бірақ адам басқаларға жұқтыра береді. Демек өзі де білмей қалады. Қытайлық мамандардың айтуынша, 80 % жағдайда ауру еш белгісіз өтеді.

Ал, жылдам таралуына келсек, бұл – ХХІ ғасырдың заңдылығы. 100 жыл бұрын қазақ даласында жеке-жеке ауылдар болды. Алматының өзінде бұндай халық шоғырланбаған еді. Ауыл тұрғындары қалаларға көп қатынамаған. Індет пайда болса да сол бір ауыл, 2-3 елді мекен зардап шегеді. Олармен ешкім байланысқа түспеген.

Тарихқа көз жүгіртсек, еуропалықтар жаулау үшін алғаш рет Африка, Австралияға барғанда аборигендердің көбі еуропалықтар үшін қауіпті емес саналатын жұқпалардан қайтыс болды. Өйткені жергілікті халықта популяциялық иммунитет болмаған. Соңғы 10-15 жылда қарқынды миграцияны байқап отырмыз. Әр адам жылына 2-3 мемлекетке барып келетін болды. Бұрынғы модельде болса, 300 жыл бұрын Ухань халқы жұқтырса, эпидемия сол елді мекендермен шектелер еді. Ал қазір тез тарайды. Бұл – ХХІ ғасырдың ерекшелігі.

– Адамзат бұл вирусты жеңе ала ма?

– Уханьда басталғалы бері бұл вирус мутацияға ұшырап үлгерді. Әр вирустың сипаты болады. Вируленттілігі болады. Коронавирус енді-енді қарастырылып жатыр. Бір жақсы жаңалық бар. Адамзатта антидененің бар екені қуантады. Бұл біздің ағзамызда оған қарсы иммундық жауап болады деген сөз. 4 ай уақыт ішінде Covid-19 туралы көп ақпарат білдік. Инфекция ауа тамшылы жолмен жұғатыны белгілі болды. Қолданған заттар мен киім арқылы да жұққан жағдайлар болған. Бірақ адамдарға жұғуы үшін вирус адамның шырышты қабықтарына тиюі керек. Мұрын, көз, ауыз қуысы арқылы. Вирус жұқтырған адамның бәрі ауырмайды.

– Неге вирус жұқтырған адамның барлығы ауырмайды?

– Бұл адам ағзасының иммундық жауабына байланысты. Адамзат популяциясының 10%-ында белгілі бір антигенге толық иммундық жауап болмауы ықтимал (Антиген деген – адам тегіне бөгде зат). Тағы 10 %-да жоғары, ал 80 %-ында белгілі бір қоздырғышқа иммундық реакциясы орташа болады. Бұл заңдылық эволюция барысында қалыптасқан. Коронавирусқа қарсы иммунды жауап та осы заңдылыққа да байланысты. Жаңағы иммундық жауабы мықты адамдарға вирус жұқса да, шырышты қабыққа түскен сәтте қорғаныш тетіктері іске қосылады. Сөйтіп, вирус клиникалық белгілері дамығанша жойылып үлгереді. Бірақ вирус жүктемесі деген термин барын ескеру керек. Яғни, вирус көлемі көп болса, иммундық жауабы мықты адамдар да ауыруы мүмкін.

– Ал иммундық жауабы орташа болатын адамзаттың басым көпшілігіне не істеу керек?

– Жер бетінде он адамның бірінде иммундық жауабы мықты болса, қалған 9 адам не істеуі керек? Оларға ағзаның иммунитетін күшейтуден басқа жол жоқ. Иммундық жүйе – адам ағзасының ең маңызды әрі күрделі жүйелерінің бірі. Ол эмбрион кезінде қалыптасады да өмірдің әр кезеңінде өзгеріске ұшырайды. Иммунитетті күшейтудің бір жолы – екпе

жасау.

– Коронавирусқа қарсы вакцина жайлы жақсы жаңалық бар ма?

– Қазір әлемнің 300 жетекші ғылыми орталығында коронавирусқа қарсы вакцина жасалып жатыр. Медициналық қауымдастық осы вакцинаға үлкен үміт артып отыр. Біздің ағзамызда вирусқа қарсы иммунитет Т-лимфоциттері арқылы қалыптасады. Оның ішінде СD8+CTL атты киллер-клеткалар үлкен рөл атқарады. Бұл клеткалардың қатерлі ісік жасушаларын да жоюда маңызы зор. Иммунды жауаптың тағы бір ерекшелігі – әр адам организмінде байқалатын физиологиялық иммундық тапшылық кезеңдері. Сәбилік шағында, жасөспірім, әйелдерде жүктілік, қарттық кезендерде адам әртүрлі физиологиялық себептермен иммунды тапшылық жағдайында болады. Бұл – бәріміз де міндетті түрде өтетін кезеңдер. Әсіресе ұзақ антибиотик курсын қабылдағанда, созылмалы аурулар қозғанда, иммунодепрессивті дәрі дәрмек (антибиотик, кортикостероидтар, химиотерапия препараттары т.б.) ішкенде адам ағзасының иммунитеті әлсірейді. Иммундық жүйе өз өзінен толығады. Кей дәрігерлер иммуностимулятор пайдалануға әуес болады. Дәрумен мен минералдардың кешенді препараттары адамның тамақтану рационы жұтаң болған жағдайда қажет. Ондай кезде дәрігердің нұсқауымен қабылдаған жөн. Ең дұрысы – салауатты өмір салтын сақтау. Әлемде жүргізілген зерттеулер адам иммунитеті 60 пайызға оның өмір салтына байланысты екенін көрсетті. Яғни, зиянды әдеттер, темекі, алкоголь ағзаны әлсіретеді. Тым белсенді спортпен айналысу да ағзаға ауырлық түсіреді. Екпе, толыққанды тамақтану, пайдалы физикалық жаттығу денсаулық кепілі болмақ.

– Короновирусқа (СOVID-19) қарсы иммунитет қалай қалыптасады? Бір ауырған адам тағы да ауыруы мүмкін бе?

– Оны толық әлі ешкім білмейді. Бұл вирустың түрі былтыр қарашада ғана көпшілікке мәлім болды. Иммунды жүйенің қағидасы бойынша жұқпалы болса да, жұқпалы болмаса да – бөгденің бәрі жойылуға тиіс. Мысалы, қатерлі ісік өскенде оған да иммундық жауап болады. Иммунитеттің керемет қасиеті – ол вируспен бір рет кездессе болды, жаттап қалады. Сондықтан, екпенің маңызы сонда. Вакцина адамды ауыртпай иммундық зердені қалыптастырады. Коронавирусқа қатысты иммундық зерде қаншалықты айқын, ұзақтығы қандай болатынын біз қазіргі таңда анық білмейміз.

– Әлемде бір рет ауырған адамдар қайта ауырған жағдайлар болды ма?

– Қайта ауырған адамдар жөнінде ақпарат бар. Бірақ ол қайта жұқтыру емес, вирус ағзада жойылмай, қалып қойған болуы мүмкін деген болжам да айтылып жатыр.

– Ондай да бола ма?

– Мысалы туберкулез қоздырғышы өкпеде өзін дәнекер тінмен, коллагенмен қоршап тығылып қалады. Адам жылдар бойы ауырмауы мүмкін. Бірақ көп жылдан соң әлсірегенде шығады. Герпес вирусы да тура сол. Жер бетіндегі адамзаттың 90%-ына жұққан. Иммунитет әлсірегенде, мысалы ұшық болып қаптайды.

– Вирус деген не? Оны өлтіру мүмкін бе?

– Вирус – деген микроорганизм. Ол – нәруыздық капсидке оралған генетикалық материалдың (вирус геномының) белгілі бір тәртібі. Антибиотик ішсе – өлмейді. Өйткені, оның бактерия сияқты жасушалық құрамы жоқ. Оның мақсаты – тірі жасушаның ішіне ену. Оған кіріп алса, белгілі бір ферменттердің әсерінен жасуша геномына енеді де өзі тәріздес вириондарды түзуге мәжбүрлейді. Вирустар жасушаның қалыпты ДНҚ ішіне кіріп, кәдімгі паразиттер сияқты жұмыс істейді. Әр вирустын көбеюіне қолайлы тіндер бар. Мысалы, тұмау вирусы мұрын, кеңсірікке жабысса, коронавирус өкпе жасушаларына әуес болады. Гепатит вирусы болса бауыр жасушаларына енеді.

– Дәріханаларда профилактикалық препараттарды, антибиотиктерді жаппай сатып алып жатқан адамдарға не айтар едіңіз?

– Антибиотиктен вирус өлмейді. Бос әуре. Керісінше, дәрігер нұсқауынсыз ішсе, иммундық жүйені әлсіретеді.

Дәріханаларда бірқатар жасанды химиялық, өсімдік, жануар структураларынан түзілген иммунды стимулятор тобына жататын препараттар, биологиялық белсенді қоспалар (БАДтар) сатылуда. Олардын көбінің иммунды жүйеге тиімділігі ғылыми тұрғыда дәлелденбеген, сондықтан дәрілік заттарға жатпайды. Белсенді жарнамадан көріп халық оларды коронавирустың алдын алатын дәрі ретінде алып жатыр. Қалтасы көтерсе, біз ешкімге заңды сатылып жатқан нәрсені алма дей алмаймыз. Бірақ одан гөрі жеке гигиена, салауатты өмір салты, сақтық шаралары әлдеқайда тиімді болады.

– Иммунитетке көмек берудің қажеті бар ма?

– Бұл да қауіпті болуы мүмкін. Артық кетсе, зақымдайды – аутоиммунды патология дамуы мүмкін. Адам ағзасында әу бастан иммунитет болады. Жер бетінде біз білмейтін антигенге біздің ағзадағы лимфоцит клондары эмбироналды кезеңнен дайындалады. Мен тіпті ата бабамның аяғы баспаған Папуа жаңа Гвинеяға барып сирек кездесетін вирус жұқтырып ауырсам да менің ағзамнан клон табылады. Яғни, коронавирусқа карсы антидене болғаны – бұған қарсы клон, иммунитет бар деген сөз.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Дереккөз: «Қазақпарат»
Фото сілтемесі: intersurgical

Бөлісіңіз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған