Коронавирус: Қазақстанда 556 адам жанама немесе ілеспе аурулардан қайтыс болған

86 қаралу саны

Қазақстанда коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық ахуал тұрақты деп бағаланып отыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтты.

«Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал тұрақты деп бағаланып отыр. Коронавирус инфекциясын жұқтыру деңгейі төмендеп келеді. 4 қыркүйектегі мәлімет бойынша 106 121 науқас коронавирус инфекциясын жұқтырған. Соңғы тәулікте 89 жағдай тіркелді. Қазір 6 мыңға жуық пациент ем қабылдауда, 98 585 науқас жазылып шықты. Өкінішке қарай, 1 612 адам қайтыс болды» деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ ресми өкілдің дерегінше, коронавирусқа ұқсас белгілері бар, бірақ ПТР-тесті теріс шыққан 26 803 адам тіркелген. Олардың арасында 305 пациент қайтыс болды. 20 972 науқас ем қабылдап жатыр. Өлім-жітім жағдайына сараптама жасайтын арнаулы комиссияның қорытындысына сәйкес 556 адам жанама немесе ілеспе аурулардың әсерінен қайтыс болды. «Баршаңызға мәлім, бүгінде Денсаулық сақтау министрі Түркістан облысында жұмыс сапармен жүр. Бұған дейін Алексей Цой Шымкентке, Талдықорғанға, Аягөзге, Өскеменге барған. Іс-сапардың мақсаты – өңірлердегі медициналық мекемелердің дайындығын тексеру. Күзде коронавирустың екінші толқыны болуы мүмкін деген болжам бар. Сондықтан қауіп-қатерге дайын болу үшін министр өзі аймақтарды аралап жүр» деді Бағдат Қожахметов.

Дереккөз: ОКҰ тікелей эфирі

Бөлісіңіз