Коронавирус: Алматыда жаңа модульдік аурухананың құрылысы басталды

240 қаралу саны

Алматыда коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдеуге арналған жаңа модульдік аурухананың құрылысы басталды. Бұл туралы Іnstagram-парақшасында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жазды.

«COVID-19-ға қарсы іс-қимыл, шаралар аясында орын санын арттырып, қуаттылықты күшейтуді жалғастырамыз. Бұл ретте 300 төсек-орынға арналған (оның 30-ы реанимациялық) екінші модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы басталды. Медициналық мекеме медициналық газ жүйесімен, сондай-ақ КТ, УДЗ және рентген аппараттарымен қамтамасыз етілмек» деді әкім.

Б.Сағынтаевтың айтуынша, госпиталь толығымен цифрлық негізде, яғни, тексеру байланыссыз әдіспен, ал бақылау бейнебайланыс арқылы жүргізіледі. Автоматтандырылған жүйе науқастың жағдайын жедел бақылауға, сондай-ақ «жасыл» және «қызыл» аймақтар бойынша қызметкерлердің қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Айта кету керек, бұл Алматыдағы екінші госпиталь болмақ. Біріншісі 18 күнде салынып, 24 сәуірде пайдалануға берілген болатын.

Бөлісіңіз