Коронавируспен күреске денсаулық сақтау жүйесінің бүкіл әлеуеті жұмылдырылды

43 қаралу саны

Коронавируспен күреске денсаулық сақтау жүйесінің бүкіл әлеуметі жұмылдырылды. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған.

«Коронавирус індетімен күреске денсаулық сақтау жүйесінің бүкіл әлеуметі бағытталған. Эпидемияға қарсы іс-шараларға 46 мыңнан астам медицина қызметкері жұмылдырылды. Қатаң шектеу шараларын енгізудің арқасында коронавирус індеті бойынша эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға, медицина ұйымдарына жүктемені айтарлықтай төмендетуге қол жеткізілді. Қазіргі уақытта жұқтырудың тәуліктік өсімі 0,07 пайызға дейін төмендеп, барлық науқастардың 95 пайызы жазылды. Төсек-орын жүктемесі 12 пайызды құрайды» деді Асқар Мамин.

Премьер-Министрдің атап өтуінше, күз-қыс кезеңіндегі эпидемиологиялық ахуалға қатысты болжамға орай Үкімет коронавирус індетінің орын алуы мүмкін жаңа толқынына кешенді шаралар қабылдап жатыр. Жылдың соңына дейін жететін жеке қорғаныс заттарының қоры жинақталып, ПТР-тестілеу қуаты тәулігіне 43 мыңға дейін жеткізілді. Қажеттілік туындаған жағдайда ПТР-тестілеу қуаты тәулігіне 60 мыңға дейін жеткізілетін болады.

«Осы жылдың қазан айында 3 100 төсек-орынға арналған 15 модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы пайдалануға беріледі. Қажеттілік туындаған жағдайда инфекциялық төсек-орындардың саны қайта бейімделетін стационарларды қоса алғанда 51 мыңға дейін кеңейтіледі. Медициналық көмектің қол жетімділігін кеңейту, оның ішінде ауылдық жерлерді де қамту үшін қосымша 100 жылжымалы медициналық кешен, 53 рентген-аппараты, 2 700 өкпені жасанды желдету аппараты, 64 оттегі стансасы сатып алынуда. Осы жылдың қарашасына дейін 807 жедел жәрдем көлігі жеткізілетін болады»  деді Асқар Мамин.

Қазіргі уақытта елімізде 3 180 адам коронавирустан ем қабылдауда. Оның ішінде 1 851 науқас стационарларда жатса, 1 329 адам амбулаториялық жағдайда емделуде. Жалпы науқастардың арасында 86 адамның денсаулық жағдайы нашар деп бағаланып отыр. 14 науқастың ахуалы аса ауыр болса, 16 науқас өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныс алып жатыр.

Жалпы, бүгінде коронавирус инфекциясын жұқтыру және одан келген өлім бойынша әлемдік жағдай күрделі күйде қалып отыр. Еуропа мен Азияның бірқатар мемлекетінде ауруды жұқтыру жағдайы артып барады. Мәселен өткен аптада коронавирусты жұқтыру жағдайы Италияда, Германия, Беларусь, Түркия және Еуропаның тағы басқа елдерінде байқалды. Ресейде індетті жұқтыру көрсеткіші 0,6-0,7 пайызға өсті. Бұл – Қазақстандағы көрсеткіштен қарағанда 10 есе көп. Дегенмен жағдайдың тұрақты екендігіне қарамастан еліміз сақтық шараларын қолға алып, шетелден ұшып келетін жолаушыларды ПТР-тест тапсырғаны туралы анықтамасы болмаса стационарға жатқызу туралы шешім қабылдады. Мәселен, бүгін Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына келген жолаушылардың біразы стационарға орналастырылды.

Бөлісіңіз