Коронавирустың күздегі жаңа толқыны: Дайындық қандай?

127 қаралу саны

Жыл басынан бері коронавирус инфекциясына қатысты жағдайдың ушығуы әлем елдерін алаңдатып отырғаны белгілі. Сәйкесінше, тиісті шектеу шараларын қабылдаудың арқасында індеттің таралуын айтарлықтай тежеу мүмкін болды. Осы орайда бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов коронавирусқа қарсы күрестің нәтижелелері жайында баяндады.

«ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі ретінде апта сайын еліміздегі эпидемиологиялық ахуал жөнінде және халыққа көрсетіліп жатқан медициналық жәрдем туралы ақпарат беріп тұратын боламыз. Сонымен қатар, індетке қарсы күрестің нәтижелелері жайында баяндаймын» деді Бағдат Қожахметов.

Осы орайда ол министрліктің атына келіп түсетін арыз-шағымдарға жедел жауап беруге әзір екендіктерін атап өтті. «Баспасөз мәжілісінде қойылатын сұрақтардан бөлек, менің жеке парақшама жіберілген сұрақтарды, әлеуметтік желіде айтылатын сауалдардың барлығын қамтуға тырысамыз» деді ресми өкіл.

Сонымен қатар ол Қазақстанда коронавирусты жұқтыру өсімі тоқтағанын жеткізді. Ел бойынша жағдай айтарлықтай жақсарды. Атқарушы билік ахуалды қатаң бақылауда ұстап отыр. Медициналық қауымдастықтың санитарлық-эпидемиологиялық қызметі өзіне жүктелген міндетін толық көлемде орындап жатыр.

«Осылайша, еліміз ең күрделі кезеңді артта қалдырды десек болады. Бірақ жеткен жетістікке қуанып, босаңсуға болмайды. Ендігі міндетіміз – індетті жұқтыру мен өлім-жітімді тоқтату. Осы ретте барша қазақстандықтарға санитарлық ережелерді орындауға шақырамын» деді Б. Қожахметов.

Ресми статистикаға келетін болсақ, биылғы 13 наурызынан бастап Қазақстанда коронавирустық инфекциямен 99 442 адам ауырды. Жазылып шыққан науқастардың саны 72 523 немесе 72,9 пайыз. Стационарларда 4 713 адам ем қабылдауда және 20 937 амбулаторлық жағдай емделуде. Науқастардың арасында 246 адамның денсаулығы нашар, 69 адамның денсаулығы өте нашар деп бағаланды. Жалпы 70 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр. Соңғы бір тәулікте COVID-19 вирусын 741 адам жұқтырды.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша 1 тамыздан бастап коронавирустық инфекция және оған ұқсас белгілері бар пневмония деректерін статистика қатарына қостық. Осыдан кейін еліміз індеттің таралуы көрсеткіші бойынша әлемдік рейтингте бір сатыға ғана көтерілді. Бұған дейін біз 27-ші орында болсақ, қазір 26-шы орынға тұрақтадық. Бірақ, бұл көрсеткішке қарап жігерді жасытуға болмайды, біз үшін ең маңыздысы – күресті күшейтіп, жағдайды одан әрі жақсарту» деді Бағдат Қожахметов.

Айта кетейік, наурыз айынан бастап балалардың коронавирус инфекциясын жұқтырудың 2 257 жағдайы тіркелді. Оның ішінде, қазіргі кезде Қазақстан ауруханаларында 114 бала жатыр. Ведомство мәліметіне қарағанда, карантиннің 5 аптасында, осы шілде айының басынан бері ауруханалардағы орындар 60 пайызға босады. Оның ішінде, жансақтау сақтау бөліміндегі орындар 58 пайызға дейін босап отыр. Жедел жәрдемге хабарласу айтарлықтай азайды, КВИ бойынша 68 пайызға төмендеді. Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде жазылып шыққан науқастардың саны 73 пайызға өсті.

«Қабылданған шаралардың нәтижесінде қазір қолымызда жан-жақты сараланған мәліметтер бар. Бұл бізге болашаққа жоспар құрып, алдын ала дайындалуда мүмкіндік береді. Яғни, індеттің күзде күтілетін жаңа толқынына қарсы тұру үшін материалды әрі адами ресурстарды толығымен дайындауға жағдай жасалды» деді Бағдат Қожахметов.

Атап айтқанда, провизорлық орталықтарда жедел әрекет ету үшін медициналық қызметкерлерді дайындаудан бөлек, дәрі-дәрмектермен толықтыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. Коронавируспен және КВИ-ға ұқсас белгілері бар пневмониямен сырқаттанған науқастар үшін алдын ала бір айлық қорға есептелінген препараттар сатып алынды. Қазіргі уақытта өңірлерге 8,7 млрд теңге болатын 91 түрлі дәрі-дәрмек жөнелтілді. Бұл орташа есеппен 40 мың науқасқа жетеді.

Оның сөзіне қарағанда, 15 тамыздан бастап тағы екі айға жететін қор әзірленеді. Стационардағы 200 мың науқасқа жететін дәрі-дәрмектің 50 түрі қамтылмақ. «Сонымен қатар, амбулаторлық жағдайда ем алатын бір миллион науқасты емдеуге арналған дәрі-дәрмектің 5 түрін сатып алу үрдісі аяқталуда. Дәл осындай ауқымды шаралар алғашқы рет қабылданып отыр. Сырқаттанып, вирус жұқтыру бойынша күдіктенсеңіз, тіркелген емханаға барып қаралсаңыз болады. Егер вирус жұқтырғаныңыз анықталса, бұрынғыдай дәріхана жағалап жүрмей-ақ қойыңыздар! Барлық емханаларда қажетті дәрі-дәрмек бар және ақысыз беріледі. Атап айтқанда, парацетамол, ибупрофен және басқа да қажетті препараттар аптаның соңына дейін еліміздің барлық емханаларына жеткізіледі. Дәрі-дәрмектерді жеткізу «СҚ-Фармация» компаниясы тарапынан жүргізіліп жатыр» деді ол.

Дереккөз: ОКҚ тікелей эфирі.

Бөлісіңіз