Ләззат Ақтаева: Коронавируспен ауырғандардың арасында медицина қызметкерлерінің үлесі 12 пайызды құрайды

260 қаралу саны

Бүгін, 18 маусымда ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева Орталық комммункациялар қызметінде брифинг өткізді.  

Жедел жәрдем шақырған кезде неліктен келмейді?

«Жедел медициналық көмек шақырған кезде келмей жатады. Олар шақыртуларды санатқа бөледі. 1, 2, 3 санат – бұл жедел медициналық көмек көрсетуді талап ететін жағдайлар. Өйткені, дер уақытында көмек көрсетілмесе, онда адам өміріне қауіп төнеді. Бұған қоса, шақыртулардың 4-ші санаты бар. Ол амбулаториялық-емханалық ұйымдар жанынан ашылған шұғыл медициналық көмек бөлімшелеріне шақыртуларды бағыттап отырады. Ол жерде жедел көмек бригадасы кезекшілік етеді және өздерінің аумақтарына бекітілген халыққа барады» деді ол.

Жедел медициналық көмектің байланыс орталығына қалай қосылуға болады?

Осы ретте министр міндетін атқарушы егер пациент жедел жәрдем шақыртуға келуі тиіс деп санайтын болса не істеуі керектігін түсіндірді. «Егер пациент қалай болғанда да жедел көмек шұғыл жетуі тиіс деп санайтын болса, онда диспетчерге жедел медициналық көмектің байланыс орталығына қосуын өтінуі тиіс. Біз байланыс орталығындағы мамандар санын арттырдық. Сондықтан ақпарат беру мүмкіндігі толық көлемде көрсетіледі» деді Ләззат Ақтаева.

Дәрігерлер өте ауыр хәлде жатқан 322 пациенттің бетін бері қаратты

«Қазақстанда коронавирус инфекциясынан 97 пациент көз жұмды. Бұл коронавирус өлімнің негізгі себебі болған жағдайлар. Бұған қоса, инфаркт, инсульт, окологиялық аурулар сынды негізгі дерттерден 54 адам қайтыс болды. Оларда коронавирус инфекциясы болғанымен жанама патология саналады» деді ол.

Оның дерегінше, сәуір айында коронавирустан өлім-жітім 1,3-1,4 пайыз болған. Қазіргі уақытта симптомсыз жағдайдарды есепке алғанның өзінде 0,5-0,6 пайыз ғана болып отыр.

«Яғни, бұл дәрігерлеріміздің коронавирус инфекциясын емдеудің әдістерін меңгеріп, қарқынды терапияның барлық әдістерін қолдану арқылы аурудың алдын алу үшін жұмыс істеп жатқандығын білдіреді. 322 пациент реанимация бөлімшесінен бейінді бөлімшелерге ауыстырылды. Бұл пациенттер өте ауыр хәлде жатқан еді» деді Ләззат Ақтаева.

Елжан Амантайұлының денсаулығы қалай?

«Елжан Біртанов стационарлық ем алып жатыр. Жағдайы орташа ауыр деп бағаланады. Ол хаттамаға сәйкес ем алу үстінде. Оның тезірек сауығып кетуіне тілекшіміз» Ләззат Ақтаева.

Пневмонияның ауыр жағдайларының саны артып келе жатыр

«Коронавирусқа шалдығу өсімімен қатар пневмонияның ауыр жағдайларының саны да артып келе жатыр. Егер наурыз-сәуірде жансақтау бөлімшелерінде өте ауыр жағдайдағы 30-35 пациент болса, бүгінде реанимация бөлімшелерінде 125 пациенттің жатқандығын айта аламыз. Олардың ішінде 2 пациент өкпені эстракорпоральды оксигенациялау аппаратын қолданып жатыр. Бұл ағзаны оттегімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жоғары технологиялық қызмет болып табылады» деді Ләззат Ақтаева.

Қазақстан 1,2 млн ПТР-тестін сатып алады

«Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында шамамен 200 мың ПТР-тесті бар. Қазіргі уақытта тәулігіне шамамен 28 мың тест өткізіп жатырмыз. Оны алдағы уақытта 30 мыңға дейін жеткізетін боламыз» деді Ләззат Ақтаева. Сонымен қатар, ол ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссия отырысында әкімдерге жергілікті медицина ұйымдарында қосымша ПТР-зертханаларын ашу туралы тапсырма берілгендігін атап өтті. «Алдағы 10 күннің ішінде 1 млн 200 мың ПТР-тесті сатып алынады» деді министрдің міндетін атқарушы.

Елімізде 2 мыңға жуық медицина қызметкері коронавирус жұқтырып алды

«Коронавирус инфекциясымен ауырғандардың арасында медицина қызметкерлерінің үлесі 12 пайызды құрайды. Нақты айтқанда, 1904 медицина қызметкері ауырып қалды. Олардың 30 пайызы вирусты жұмыс барысында жұқтырған» деді Ләззат Ақтаева Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Қажеттілік туындаған жағдайда елімізге өкпені жасанды желдету аппараттары қосымша сатып алынатын болады

«Еліміздің стационарларында өкпені жасанды желдетуге арналған 3 мың 200-ден астам аппарат бар. Инфекциялық стационарлардың жансақтау бөлімшелеріне аталған аппаратқа қажеттілік туындаған жағдайда олар қосымша қамтамасыз етілетін болады. Дегенмен, бүгінгі күні инфекциялық стационарлардың бөлімшелеріндегі өкпені жасанды желдету аппараттардың тек үштен бірі ғана жағдайы өте ауыр пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін қолданылып жатыр» деді Ләззат Ақтаева. Сонымен қатар ол қажеттілік туындайтын жағдай болса, бұл мәселенің оң шешілетіндігін айтты.

Бөлісіңіз