Ләңгіден кейінгі «обед»

461 қаралу саны

Карантин басталғалы сәресіні ашпай тұрып немерелерімді қатар тұрғызып қойып, таңғы жаттығулар жасауды әдетке айналдыра бастадым. Ата деген атым бар ғой. Бірақ олардың зарядка жасауға құлықтары шамалы екенін алғашқы күннен байқап жүрмін. Көбінесе, қолдарындағы гаджеттерін шұқылаумен күн өткізеді, онан қалса телевизордың алдына жайғасады. Немерелеріме ұрыса да алмаймын. Не істеймін?

Мен де қулыққа көштім. Оларды аулаға алып шығып, ләңгі ойынын ойнауды үйреттім. Өйткені, ләңгі тебу – балаларға арналған дене шынықтыратын ұлттық ойынның таптырмайтын түрі. Бала кезімізде күн ұзаққа ләңгі тебуден жарысатынбыз. Ұлтымыздың негізсіз ұмытылып бара жатқан ойынын жаңғыртудың сәті осы карантин кезінде түсті. Немерелеріме  ләңгі ойыны туралы түсінік беріп, қызығушылығын  ояттым.
Шынында да ләңгі тебу арқылы бабаларымыз ептілікке, икемділікке, тепе-теңдікті ұстауға, өз мақсатына жетуге, жеңіске құштарлыққа баулыған.
Мен де немерелерімді ұлтымыздың құндылықтарын қастерлеуге баулу, қазақ халқының брендттерін сақтап қалудың әрекетін жасауға көштім.
Ешкінің тулағынан кесіп алған бір жапырақ теріге оймақтай қорғасын құйып, ләңгі жасап алдық.

Бүгінгінің компьютер құмар баласы асқан шеберлікпен аяқтың ептілігін қажет ететін, «ләңгі» деп аталатын ойын бар екенін біле ме екен? Балалық шағы өткен ғасырдың 60-70-ші жылдарында өткен біздің буын бұл ойын жайында сұрай қалсаң, аузының суы құрып айтып беруге дайын. Тақым мен тізе мықтылығын шынықтыруға арналған арнайы жаттығу ретінде пайда болған ләңгі кейін балалар ойынына айналған.

Ләңгіні де қазақ баласына қайта ұсынсақ, ұлттық мәдениетіміз байи түспесе, кедейленіп қалмас. Сондықтан да немерелеріме ләңгінің «Аяқ ұшы», «Қосаяқ», «Қайыру», «Шанжыр» «Теуіп беру» түрлерін көрсетіп бердім. Сондай-ақ аяқтың ішімен және сыртымен бірдей тебу түрін де үйреттім. Немерелерім аталарының ләңгі тепкеніне мәз болып, ішектері қатқанша күлді. Бұдан кейін өздерінің де қызығушылықтары оянып, ләңгі тебуге құмарлықпен кірісті.

Жалғыз ләңгімен кезек-кезек тебісіп, қызыққа батқанымызда екі сағаттың қалай өткенін де байқамай қалыппыз. Үйге кірген балалар түскі асты сондай бір аппетитпен ішкенін көріп, іштей қуанып отырдым.

Барлық қазақстандықтардың өзара қол ұшын беруіне арналған сайт: Qoldasy.kz

Кнопка домой
Бөлісіңіз