Ләззат Ақтаева: Елімізде осы жылдың 5 айында 49 инфекция бойынша сырқаттанушылық төмендеді

48  731 қаралу саны

Бүгін, 19 маусымда ҚР Үкіметінің отырысы өтіп, онда  ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай туралы толық есеп жасады. Біз тікелей эфирден берілген осы отырыстағы есеп туралы «Кеткеткет.кз» сайтының оқырмандарына материал ұсынып отырмыз.

«Қазақстан Республикасы бойынша коронавирус инфекциясын қоспағанда, инфекциялық ауруларға қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты. 64 инфекциялық ауруға мониторинг жүргізілуде. Бес айдың қорытындысына сәйкес 49 инфекция бойынша сырқаттанушылық төмендеді. Осы жылы адамдардың оба, тырысқақ, іш сүзегі, құтыру, туляремия, дифтерия, сіреспе, қызамық және басқа да инфекциялық аурулармен сырқаттануы тіркелген жоқ. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда сальмонеллезбен, қызылшамен, іріңді менингитпен, серозды менингитпен, туберкулезбен сырқаттанушылықтың төмендегені байқалды. Ал жіті вирустық гепатитпен, ботулизммен, скарлатинамен сырқаттанушылықтың 4,3 есе өсуі байқалды» деді ол.

Оның атап өтуінше, Қазақстан аумағында аса қауіпті инфекциялар –  оба, туляремия, геморрагиялық қызбалар, күйдіргі және басқа да зооноздық инфекциялардың белсенді табиғи ошақтары бар. Оба және басқа да табиғи-ошақтық инфекциялардың алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Осы жылдың 5 айында обаға қарсы күрес ұйымдары зертханалық зерттей отырып, 223,1 мың шаршы шақырымды және 4 млн эктопаразиттер мен кеміргіштерді тексерді, обаның 14 қоздырғышы бөлінді. Бұл қоздырғыштың циркуляциясын көрсетеді.

«Обаға қарсы күрес станциялары 21 елді мекеннің айналасында қорғаныш аймағын құрды. Кенттік дератизация, кенттік дезинсекция жүргізді. Обаға қарсы 50 мыңнан астам адам егілді. 2020 жылғы 12 маусымдағы жағдай бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызба (КҚГҚ) ауруының 3 жағдайы расталды. Оның ішінде 2 жағдай Түркістан облысы тұрғындарының арасында және Жамбыл облысында 1 жағдай» деді министр міндетін атқарушы.

Ләззат Ақтаеваның дерегінше, КҚГҚ алдын алу мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет КҚГҚ бойынша қолайсыз 313 елді мекеннің айналасында санитариялық-қорғаныш аймағын құрды. «Жергілікті атқарушы органдар КҚГҚ бойынша қолайсыз аймақта кенеге қарсы 5,8 бас малды, 1001 елді мекенде 362 мал қорасын өңдеді. Ауданы 19,8 шаршы шақырым буферлік аймақ құрды» деді ол.


Ары қарай оқу:


2020 жылдың 1 тоқсанында республикада профилактикалық егуден 1 423 адам бас тарту жағдайы есепке алынды

«2020 жылдың 5 айында 1 411 647 адам егілді. ҚР бойынша вакцинациямен қамтуға жататындар санының 92 пайызын құрады. Вакцинациялаумен жеткіліксіз қамту төтенше жағдай кезінде жоспарлы профилактикалық егулер жүргізудің тоқтатылуына байланысты. Қазіргі уақытта жоспарлы вакцинация қайта басталды, оның ішінде төтенше жағдай кезінде екпе алмаған балалар егілуде» деді ол.

Оның атап өтуінше, 2020 жылдың 1 тоқсанында республикада профилактикалық егулерден 1 423 бас тарту есепке алынды, 2019 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 13 пайызға өскені байқалды. Бұл ретте бас тартқан адамдар арасында егілгендер саны 725-тен 309-ға дейін 2 есе төмендеді. «Бас тарту себептері бойынша ең үлкен үлес салмақ жеке сенім бойынша бас тартуға келеді және ол жалпы бас тарту санының 52,9 пайызын құрайды, діни пайымдаулар бойынша – 29, вакцинаға сенімсіздік – 11, БАҚ-тағы теріс ақпарат бойынша – 6 пайыз. Бас тартқандар арасында 309 адам егілді» деді Л.Ақтаева.

Қазақстанда қызылшаға шалдыққан ересектердің 55 пайыздан астамын 20-29 жас аралығындағы азаматтар құрайды

«2020 жылдың бес айында 2019 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда қызылшамен сырқаттанушылықтың 2,8 есе төмендеуіне қол жеткізілді. Бұл мақсатта 9-10 айлық балаларға қосымша вакцинация жүргізілді. 260 мыңнан астам бала егілді. Бұл осы жас тобындағы сырқаттанушылықты 2,5 есе төмендетуге мүмкіндік берді. Бұдан басқа, ауырған ересектер арасында 55 пайыздан астамы 20-29 жас аралығындағы топ екенін ескере отырып, осы жас тобына қызылшаға қарсы қосымша вакцинация жүргізілді, 1 759 459 адам егілді» деді ЛәззатАқтаева.

Оның атап өтуінше, елімізде менингитке шалдығу азайды. «Қазақстан Республикасында менингококк инфекциясымен сырқаттанушылықтың орташа көп жылдық деңгейінің көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 2,1-ді құрайды. Бұл ретте, қазіргі уақытта Қазақстанда сырқаттанушылық деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 0,15-ті құрап отыр. Бұл шекті деңгейден 14 есе төмен. Жылдың өткен кезеңінде сырқаттанушылық өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда сол деңгейде сақталып отыр. Сонымен бірге Шымкент қаласында ауру санының 2-ден 6 жағдайға дейін ұлғайғаны байқалады» деді ол.

Дереккөз: ҚР Үкімет отырысынан тікелей эфир


Ары қарай оқу:


Кнопка домой

Бөлісіңіз