Ләззат Ақтаева: Жедел жәрдемге хабарласқан адам call-орталықтағы дәрігерге қосылу арқылы ақпарат ала алады

300 қаралу саны

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Министрлік хабарлайды» айдары бойынша тікелей хабарда Facebook-тен сөйлеген сөзінде вице-министр Ләззат Ақтаева ең алдымен Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны неліктен артып бара жатқанын түсіндірді.

«Науқастардың санының өсіп бара жатқан себебі – әлеуметтік, еңбек қатынастары бойынша, отбасылық байланыстың, қарым-қатынастың артуында жатыр. Себебі, жұқтыру жағдайларының сипаты ұқсас: не еңбек ұжымдарында, не отбасының өз ішінен шығуда. Өкінішке қарай, алдын алу шараларын сақтамаудың салдарын көріп отырмыз. Адамдар маска тақпайды, әлеуметтік қашықтықты сақтамайды. Сонымен бірге, өз жұмысын бастап кеткен нысандарда санитарлық-дезинфекциялық режим лайықты дәрежеде сақталмайды» деді Ләззат Ақтаева. Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда стационарларда коронавирус жұқтырған 5 795 пациент бар.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева қазақстандықтардың жедел жәрдем қызметін жиі шақыра бастағанын да мәлім етті.


Ары қарай оқу:


«Жедел жәрдем қызметін шақыру жағдайы артып бара жатқанын атап өту керек. Өткен жылдың дәл осындай кезеңімен де, өткен аптаның көрсеткішімен де салыстырып көрдік. Қалалар мен өңірлерде, әсіресе Нұр-Сұлтан қаласында жедел жәрдем қызметін шақыру жағдайы жиілеп кеткен. Бұрын тәулігіне мың рет шақырылса, қазіргі өсім 2-2,5 мыңға дейінгі шақыруды көрсетіп отыр. Халыққа айтарымыз: егер өміріңізге қауіп төніп тұрған жағдайда 103 нөміріне хабарласу керек. Жедел жәрдем қызметі «дәл осы жерде әрі дәл қазір» қағидаты бойынша қызмет көрсетеді. Әйтсе де, қауіп жоқ кезде де шақырып жататындар кездеседі» деді Ләззат Ақтаева.

Ол өз сөзінде жедел жәрдем қызметінің жанында call-орталық барын атап өтті. Ол арқылы тиісті кеңес алуға мүмкіндік бар. «Жедел жәрдемге хабарласқан адам call-орталықтағы дәрігерге қосып беруін де өтініп, керекті ақпаратты ала алады. Сонымен қатар, әрбір өңірде call-орталықтың барын да атап өту керек» деді Ләззат Ақтаева.

Вице-министр, сондай-ақ, инфекциялық ауруханаларға төсек орындары жеткілікті екенін атап өтті. «Қазіргі таңда бүкіл елдегі ауруханаларда 7372 инфекциялық төсек орын әзірленген. Онда орналасу деңгейі – шамамен 68%. Көп орналасқан өңірлер де бар. Ондай аймақтардың қатарына Павлодар, Алматы, ШҚО, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласын жатқызуға болады» деді Ләззат Ақтаева.

«Стационарларда 5 795 пациент бар. Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған, стационарларда жатқан науқастардың 85 пайызының жағдайы қанағаттанарлық. 12,8 пайызының жағдайы – орташа дәрежеде. 119 адам жансақтау бөлімінде» деді Ләззат Ақтаева.

Вице-министрдің мәліметінше, бүгінге дейін 9 388 адам жазылып, үйіне қайтқан. Бір тәуліктің ішінде 200 пациент оңалған. «Жұқтыру өсімі өткен аптада Ақтөбе облысында 3,6 есе, Қарағанды облысында 2,8 есе, Атырау облысында 2,5 есе, СҚО-да 2,4 есе, Шымкент қаласы мен Ақмола облысында 2 есе өскен. Басқа өңірлерде 2 еседен аз мөлшерде кездесті» деді Ләззат Ақтаева. Ләззат Ақтаеваның айтуына қарағанда, бір тәулікте Қазақстанда 23 647 тест жүргізілген.

Ары қарай оқу:



Кнопка домой

Бөлісіңіз