Людмила Бюрабекова бүгінгі баспасөз мәслихатында қандай мәселелерге тоқталды?

223 қаралу саны

Елдегі дәріханаларда халық ішінде үлкен сұранысқа ие дәрі-дәрмек түрлері қашан әкелінеді? «Елдегі дәріханалардан кейбір препаратты халық жаппай сатып алып кетті. Негізгісі ыстық түсіретін – парацетамол. Жалпы біздің елде парацетамолдың 80 түрі барын атап өткім келеді. Ол таблетка күйінде де, сироп пен свеча күйінде де сатылып жатыр» деді вице-министр. Оның айтуынша, парацетамол қазіргі уақытта елдегі өңірлердің бәріндегі дәріханаларға таратылуда. «Алматыда қазір де бар. Қарағанды облысындағы, Нұр-Сұлтан қаласындағы дәріханаларда да қолжетімді. Алдағы екі-үш күннің ішінде аймақтарға да жеткізіледі» деді Людмила Бюрабекова. Вице-министр сонымен бірге дәріханаларға вирусқа қарсы препараттар да жетпей жатқанын айтып өтті. Ол препараттар да жақын арада өңірлердің бәріндегі дәріханаларға жеткізілмек.

Коронавирус бойынша мәліметтердің ала-құла таралу себебі неде? «Иә, мұндай жағдайлар кездеседі. Себебі аймақтық деңгейдегі комиссиялардың өлім-жітімге қатысты мәліметтері біздің өлім-жітім жайлы жариялаған ақпаратымыздан кейін келіп жатады. Мұндай комиссия хаттаманы жеткізгеннен кейін ғана біз өлім жағдайы тіркелгені жайлы ақпарат таратамыз. Аймақтағы мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінен сәл жаңарақ болуы мүмкін» деді Людмила Бюрабекова.
Коронавирус инфекциясынан көз жұмған адамдарды жерлеу тәртібіне өзгеріс енгізілді ме? «Шынында да, коронавирус инфекциясынан көз жұмған адамдарды жерлеу тәртібіне өзгеріс енгізілді. Ендігі уақытта КВИ-дан қайтыс болғандарды басқа жағдайда жан тапсырғандармен бір зиратта жерлеуге болады. Алайда санитарлық-дезинфекциялық талаптар қатаң сақталуы керек. Сонымен бірге жерлеу рәсімі кезінде қатысушылардың саны шектеулі болуы тиіс» деді вице-министр.

КВИ белгісі байқалған жағдайда антибиотик ішуге бола ма? «Бактерияға қарсы препараттар вирусты инфекцияны емдеуге қолданылмайды. Бекітілген ем-дом хаттамасына сәйкес бактерияға қарсы препараттар стационарларда жатқан науқастарға ғана беріледі. Яғни, бактериалды инфекция анықталып, пневмония расталған жағдайда ғана қолданылады» деді вице-министр. Людмила Бюрабекова сонымен бірге коронавирус белгілері анықталған жағдайда азаматтарды өз бетінше емделмеуге шақырды.

Қазақстанда КВИ-ден емдеу хаттамасына жаңа схема енгізілді ме? «Қазіргі уақытта коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделеніп барады. Аурудың белгісі жоқ күйінде де, белгісі ауыр күйінде де тіркеліп жатқандар артуда. Бұған қоса дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету проблемасы да өзекті болып тұр. Нақтырақ айтқанда кейбір препарат бөлшектік сауда айналымынан жоғалып кетті» деді ол. «Қазіргі таңда коронавирус жұқтырған науқастар КВИ-ді диагностикалау мен емдеу хаттамасына сәйкес емделіп жатыр. Бұл құжат Денсаулық сақтау министрлігінің сапа бойынша бірлескен комиссиясымен осы жылдың қаңтар айында әзірленіп, бекітілген болатын. Халықаралық деңгейде жаңа мәліметтердің түсуін және осы уақытқа дейін тәжірибені ескере отырып, бұл құжат бірнеше рет қаралып, оның соңғы нұсқасы екі күн бұрын мақұлданды. Құжатқа ем-домның жаңа схемасы – этиотропты ем, вирусқа қарсы терапия енгізілді. Препараттардың саны 4-ке артты. Қазіргі таңда лапиновир, ретоновир қолданыста. Ол ем-дом схемасында болған. Ал құжат бойынша қазір хлорохин және гидроксихлорохин, рендисивир және Жапония, РФ-да кеңінен қолданысқа енгізілген фавиаперавир енгізілді» деді Людмила Бюрабекова. Вице-министр бұл препараттардың бәрі де тек стационарларда қолданылатынын жеткізді. «Клиникалық тәжірибелер арқылы соңғы хаттама мақұлданды. Амбулаториялық деңгейде лапиновир, ретоновир және гидроксихлорохинмен емдеуге болатыны туралы шешім қабылданды» деді ол.

ПТР-тестен өту құны – тестің өзінің сатып әкелінген бағасынан неліктен қымбат? «Бұл жерде төлем ПТР-тест үшін ғана жасалмайды. ПТР-тестілеу қызметі үшін де ақы алынады. Ол төлемге тестің өзі ғана емес, бұл қызметті жүргізуге қажетті материалдар шығыны да кіреді. Яғни, онда 40-қа тарта зертханалық бұйым бар: материалдарға арналған зонттар, көліктік орта түтігі және тағы басқалар» деді Людмила Бюрабекова. Вице-министрдің айтуынша, бұл қызмет құнына медициналық қызметкерлердің қорғаныс құралдары мен айлығы да кіреді.

Дәрі-дәрмек бағасын негізсіз өсіргендерге қандай жаза беріледі? «Денсаулық сақтау вице-министрлігінде бағаны бақылау құзіреті бар. Бөлшекті түрде сату кезіндегі шекті бағаны белгілеу барысында бізде нақты талап бар. Маржа көлемі де реттеліп отырады. Сол себепті дәріханаларда сатылып жатқан дәрі-дәрмек қатаң бақылауда» деді Людмила Бюрабекова. Вице-министр дәрі-дәрмекті шекті бағадан асыра сатқандарға жаза барын, ондайларға әкімшілік айыппұл салынатынын ескертті.

Елде әр адамға дәрі-дәрмек шектеулі түрде сатыла ма? «Біз әкімдіктермен және бөлшектік сауда желілері қауымдастықтарымен меморандум жасадық. Яғни, бір адамға препарат 2-3 қаптама күйінде, шектеулі түрде сатылатын болды. Себебі, ем-дом курсына дәл сонша препарат керек. Үйде препараттар босқа жатып қалмауы керек. Өйткені, олардың әрқайсысының өз жарамдылық мерзімі бар» деді Людмила Бюрабекова. Сонымен бірге ол бір үйде бірнеше адам ауырып жатса, дәрі-дәрмекті сату жағынан шектеу болмайтынын жеткізді. «Бұл – дәрігердің рецепті. Дәрігер ем-дом алу үшін тиісті курс бойынша пациентке дәрі жазып береді» деді ол.

Кімдер ауруханада емделеді? «Қазіргі таңда коронавируспен ауыр және орта дәрежеде жатқан науқастар ғана ауруханаға жатқызылады. Сонымен қатар КВИ расталмаған, алайда пневмониямен түскен адамдар да ауруханада емделеді. Ал КВИ-ді жеңіл немесе белгісі жоқ күйде көтеретіндер амбулаториялық жағдайда емделуі тиіс. Себебі онсыз да стационардағы төсек-орын бос емес. Сол себепті КВИ-ді жеңіл немесе белгісі жоқ күйде көтеретін азаматтар үйінде емделіп, уческелік дәрігердің бақылауында болуы тиіс» деді Людмила Бюрабекова.


Дерекккөз: Хабар 24 тікелей эфирі

Бөлісіңіз