Людмила Бюрабекова: Медицина қызметкерінің вирус жұқтыруына қатысты әр оқиға бойынша тиісті шара қабылданады

Людмила Бюрабекова: Медицина қызметкерінің вирус жұқтыруына қатысты әр оқиға бойынша тиісті шара қабылданады
378 қаралу саны

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова Facebook-тегі парақшасында медицина қызметкерлерінің COVID-19 жұқтыруына қатысты ахуалды айтып берді.

27 сәуірде жарияланған Мемлекет басшысының мәлімдемесінде коронавируспен ауырған медицина қызметкерлеріне қатысты факті атап өтілді. Осыған байланысты вице-министр Facebook-тегі парақшасында коронавирус инфекциясымен күрестің барлық кезеңінде жұмыс істейтін медицина қызметкерлерін індетті жұқтырудан сақтап қалу үшін барлық қолдан келетін шара жасалып жатқанын атап өтті.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінгі таңда елімізде медицина қызметкерлері арасында COVID-19 жұқтыруға қатысты 820 жағдай тіркелген. ДДСҰ-ның апта сайынғы есебі бойынша әлемде медицина қызметкерлерінің 16 % пайызы індетті жұқтырған. Медицина қызметкерлері арасында COVID-19 жағдайы еліміздің 16 өңірінде Ақтөбе облысынан басқаларында тіркелген.

Медицина қызметкерлері арасында ең көп жұқтырғандар жоғары үлесі Алматы (54,4 %), Нұр-Сұлтан (32,5 %), Шымкент (16,0 %) қалаларында, Солтүстік Қазақстан (50,0 %), Алматы (28,8 %), Қарағанды (27,5 %), Түркістан (22,4 %) және Атырау (18,5 %), облыстарында тіркелген.

«COVID-19 жұқтырғандарды емдеуге және оларды қарауға тартылмаған медицина қызметкерлері арасында COVID-19 коронавирусқа шалдығу жағдайы көп тіркелгенін атап өткен жөн. Қазіргі таңда науқастар саны 473 адамға жетіп отыр (66,2 %). Олардың басым бөлігі Алматы қаласындағы орталық қалалық клиникалық ауруханасының қызметкерлері. Аталған жағдай бойынша, өздеріңізге мәлім, Бас прокуратурамен бірлескен қызметтік тексеру аяқталып келеді және осы оқиғаға қатысты медицина ұйымы басшылығының жауапкершілігін қосымша анықтаймыз» деп атап өтті Л.Бюрабекова.


Қазақстанда коронавируспен ауырған бір науқасты емдеу қаншаға түседі?

ӘМСҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов Instagram желісінде болған әңгімеде айтқан қызықты фактілерінің топтамасын оқыңыз.

Айбатыр Жумагулов. Фото дереккөзі: ДДСҰ/ЕАБ сайты

Сондай-ақ, оның айтуынша «медицина қызметкерлерінің жұмыстан тыс күнделікті тұрмыста бірнеше ошақтан ауру жұқтырып, инфекцияны кейін медицина ұйымына әкелгені» белгілі болған. Коронавирусқа шалдыққан барлық медицина қызметкерлері ауруханаға жатқызылып, бекітілген клиникалық хаттамаға сәйкес ем алып жатыр. Мамандар әрбір ауру жұқтыру жағдайын жіті тексеріп, оның себебін анықтауда.

«Жалпы, медицина қызметкерлерінің инфекцияны жұқтыру жағдайын талдау көптеген медицина қызметкерлерінің коронавирустың өте жұқпалы екендігін жеткілікті бағаламағанын көрсетеді. Сондай-ақ, ауруға шалдыққан науқастармен көбірек қатынаста болу және вирустың биологиялық ерекшелігіне байланысты тұрғындарға қарағанда медицина қызметкерлерінің инфекция жұқтыру қаупі жоғары» деп атап өтті вице-министр.

Л.Бюрабекова әріптестерінің назарын қорғаныс костюмін дұрыс киіп қана қоймай, оларды шешу кезінде қауіпсіздік техникасы мен бірізділікті сақтау маңызды екеніне аудартты.

«Ухань университетінің Чжуннань медициналық орталығы дәрігерлерінің мәліметінше, емханада дезинфекциялық режимнің күшейтілуіне қарамастан, қоршаған орта объектілерінде вирустың 17-ден 30 пайызға дейін жоғары таралуы атап өтіледі. Осыған байланысты айналаны дезинфекциялық құралдармен жиі сүртіп, қолды барынша мұқият жуып отыру қажет» деді вице-министр.

Ол сондай-ақ министрлік медициналық қызметкерлерді профилактикалық скрининг тестіден өткізу туралы шешім қабылдағанын атап өтті. 10 сәуірден бері 22 мыңнан астам қызметкерге тест жасалды (жалпы жоспардың 69 пайызы).

Бұл ретте ДДСҰ аурудың клиникалық белгісі бар медициналық қызметкерлерді тестілеуге кеңес береді. Мысалы, басқа елдерде (Италия, АҚШ, Канада және т.б) тестілеу ауру белгісі болған жағдайда ғана жүргізіледі.

«Алайда біз ауруға шалдыққан, әсіресе ауру белгісі байқалмаған адамдарды уақытылы анықтап, оларға медициналық көмек көрсету, індет ошақтарын жою үшін бұл жұмысты ары қарай жалғастырамыз. Сөз соңында медициналық қызметкерлерімізге тағы айтқым келіп отыр. Әр жерде проблемалар бар екенін түсінеміз, әрбір оқиға бақылауымызда тұр, сондықтан вирус жұқтырудың әрбір оқиғасы бойынша тиісті қорытынды шығарылып, шаралар қабылданады» деп түйіндеді Facebook парақшасындағы өз ойын Л.Бюрабекова.

Дереккөз: Facebook-тегі парақшасы

Фото дереккөзі: Орталық коммуникациялар қызметі

Кнопка домой
Бөлісіңіз