Мемлекет басшысы: Үкімет мүшелері мен әкімдер «өзін-өзі қанағаттандырудың тұзағына» түсіп қалған

207 қаралу саны

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысты дұрыс жоспарламаудың салдары елдегі қазіргі қиындықтарға әкеп соқтырғанын мәлім етті.  Статистика мен талдау жұмыстарындағы кемшіліктердің, тиімсіз жоспарлаудың кеселінен аймақтар қажетті дәрі-дәрмектің керекті көлемін айқындай алмай дал болып жатыр.

Проблеманың бәрі де жұмысты дұрыс жоспарламаудың салдарынан болатынын атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттағы кемшілікті – кәсібиліктің жоқтығының ерекше көрінісі деп бағалады. Аймақтардағы шектеу шараларына қарамастан Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Шымкент қаласында отбасылық той-жиындар өтіп жатыр.

Осыған байланысты Президент карантин режимін сақтау бойынша әкімдердің жұмысы әлсіз екенін атап өтті. «Әкімдерде, шын мәнінде, төтенше жағдайда жұмыс істеу тәжірибесі жоқ. Өткір мәселелерді тез шешудің, мемлекеттік саясатты азаматтарға түсіндірудің жолын білмейді» деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес мәселелері бойынша селекторлық отырысында.

Оның пікірінше, Үкімет мүшелері де, әкімдер де «өзін-өзі тыныштандыру мен өзін-өзі қанағаттандырудың тұзағына» түсіп қалған.

Отырыс барысында азаматтарды тестілеу мәселелері туралы сөз қозғалды. Қазір күніне 32 мың адамға дейін тест жүргізу деңгейіне қол жеткізілген. Алайда аймақтар арасында көрсеткіштер алшақтығы бар. «Анықталу деңгейінің төмендігі – жергілікті жерде зертханаларды орналастырудың тиімсіз жұмысының салдары. Мұны тіпті шынайы жағдайды жасыру деп бағалауға болады. Үкіметке аймақтар арасындағы тестілеу деңгейінің теңестіру жағын қатаң бақылауды қамтамасыз етуді тапсырамын. Біз ештеңені жасырмауымыз керек» деді Мемлекет басшысы.

Хабарланып отырғандай, вирус жұқтырған азаматтарға арналған төсек орын санының артқаны байқалады. Алайда бұл басқа медициналық орталықтардың жабылуы есебінен болып отыр. Осының салдарынан азаматтардың медициналық көмекке қол жетімділігі айтарлықтай төмендеп кеткен. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдерге созылмалы аурулары бар адамдарға, сондай-ақ жүкті әйелдерге жоспарлы медициналық көмек көрсетуді кезең-кезеңімен қалпына келтіруді тапсырды.

Президент ауыр дертке шалдыққан азаматтардың саны көбейіп кеткеннен кейін ауруханаларды оттегімен қамтамасыз ету мәселесінің күн тәртібіне шыққанын айтты.

– Мемлекеттік органдардың тарапынан үйлестіру жұмыстары дұрыс жүргізілмегендіктен, халық бұл мәселені өз бетімен шешуге талпынуда. Бұл ешқандай қисынға сай келмейді! Азаматтар өндірістік баллондарға құйылған оттегі сатып алып жатыр. Бұл – ауруханалардың тікелей міндеті. Жеке үйлер мен пәтерлерде өндірістік баллондардағы оттегіні пайдалану деректері анықталған. Үкімет пен әкімдер бес күн ішінде ауруханаларды оттегімен қамтамасыз ету және үй жағдайында оттегі баллондарын пайдалану проблемаларын шешуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қалалардағы ахуалды тұрақтандырамыз деп, ауыл тұрғындарын ұмытып кетпеуіміз керек екенін атап өтті. Өйткені халқымыздың жартысына жуығы ауылдық жерлерде тұрады. Бүгінде ауылдағы азаматтар үшін диагностика және емдеу шаралары қол жетімді емес екенін айта келе, Қасым-Жомарт Тоқаев оларға қарапайым дәрі-дәрмектің жетпей жатқанына тоқталды.

– Ауыл-аймақтарда медицина кадрларының тапшылығы және қажетті инфрақұрылымның жоқтығы жығылғанға жұдырық болып отыр. Үкімет 2300 әмбебап мобильді бригаданың жасақталғанын баяндады. Алайда олар, негізінен, қала тұрғындарына ғана қызмет көрсетеді. Ауылды назардан тыс қалдыруға болмайды! Үкіметке өңірлермен бірлесіп, барынша қысқа мерзімде ауылдарды диагностика және емдеу ісімен, сондай-ақ, қажетті дәрі-дәрмекпен, медициналық құрылғылармен қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы кейбір пысықтар пайда табу үшін барлық адамгершілік қағидаттарды аттап өтіп, халықты алдау мен бопсалаудан тайынбай отырғанын жеткізді. Мәйітханалар мен жерлеу қызметінде сорақы тірліктер жасалып жатыр.

– Соңғы екі аптада мәйітті тасымалдау және жерлеу үшін төленетін ақы қатты өсіп кеткен. Мұны көпшіліктің қалтасы көтере бермейді. Әкімдерге бір күн ішінде «жерлеуден жемтік іздегендерді» жөнге келтіруді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы дертке шалдығушылар санының артуы, коронавирус рейтингіне ғана емес, Қазақстанның инвестициялық ахуалына, туристік әлеуетіне және елімізге тартылатын жаңа технологияларға да кері әсер ететінін атап өтті. Үкімет барлық сын-қатерлерді жою үшін бұл жағдайды өзінің жұмыс жоспарында ескеруі керек.

Қазақстан Президенті пандемия кезіндегі кез-келген қате шешім, бюрократиялық кедергілер, жауапкершіліктен бас тарту жүздеген адамның өмірі мен денсаулығына зиян тигізуі мүмкін екенін баса айтты.

Жиын соңында Мемлекет басшысы коронавирус жөніндегі барлық дерек, оның ішінде, статистикалық мәліметтер Үкіметтің айрықша құзыретінде болуы қажет екенін мәлім етті. Өйткені бұл жекелеген адамдардың жалған ақпарат таратып, қоғамды адастырудан сақтайды.

Отырыста Премьер-Министрдің орынбасары, Ведомствоаралық комиссияның жетекшісі Ералы Тоғжанов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов есеп берді.


Дереккөз: Ақорда сайты.

Бөлісіңіз