Министр Елжан Біртанов: Мен де еңбек жолымды сіздер сияқты мейіргер болып бастадым

262 қаралу саны

Кеше ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов онлайн режимде Қазақстанның медициналық ұйымдарында жемісті еңбек етіп келе жатқан медбикелерді Халықаралық медбикелер күнімен құттықтады.

Біз Елжан Амантайұлының еліміздің емханалары мен ауруханаларында тынымсыз еңбегімен науқастардың құрметіне бөленіп жүрген медициналық орта буын қызметкерлерін құттықтауынан маңызды жайттардың қысқаша топтамасын әзірлеп, оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

***

Медбикелердің кәсіби мерекесі әлемдегі алғашқы қайырымдылық медбикелерінің қызметін ұйымдастырған әйгілі ағылшын әйелдерінің бірі Флоренс Найтингейлдің туған күнінде аталып өтіледі. Биылғы Халықаралық мейірбикелер күні оның екі жүз жылдығымен қатар аталып отыр. Осыған орай Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы үстіміздегі жылды медбикелер жылы деп жариялады.

***

Біз бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Алматыға барып келдік. Президент Зерттеу орталығын аралап көрді. Ол жерде де Мемлекет басшысы дәрігерлер қауымымен кездесіп, оларды осы мерекемен құттықтап, қазіргі коронавируспен күрес жүргізіп жатқан барлық қазақстандық дәрігерлер мен медициналық қызметкерлерге тағы да өзінің алғысын білдірді. Бұған мен де қосылар едім. Мен де сіздерге алғысымды білдіремін.

***

Биыл біздің елімізде денсаулық сақтау саласында көптеген реформалар енгізіліп жатқанын жақсы білесіздер. Биыл Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі басталды. Сондай-ақ медицинадағы Ата заңымыз болып табылатын Денсаулық сақтау туралы Кодексінің жобасы Парламентте талқыланып жатыр. Ертең осы Кодекс туралы Парламентте үлкен жиналыс болады. Міне, осы барлық шаралар біздің елімізде денсаулық саласын дамыту үшін жасалып жатыр.

***

Біздің медицинамыздың ең үлкен байлығы – дәрігерлер, медициналық мейірбикелер және басқа медициналық қызметкерлер. Өзім де жұмысты Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық ауруханада және Жедел медициналық көмек ауруханасында мейіргер болып бастадым. Сондықтан тәулігіне 24 сағат кезекшілікке түскенде төзім мен шыдамдылықтың аса қажет екенін мен тәжірибемнен жақсы білемін. Түрлі процедура жасайсың, науқастарды егу, жансақтау бөлмесіндегі жағдайы ауыр пациенттерді түнімен күзету қажет, мұндайда адамда «міндетімді сәтті атқарсам» деген ой ғана болады.

***

Бұл күнді атап өту – адамгершілікті мамандықтардың өкілдеріне тағы бір рет алғыс айту және құттықтау мүмкіндігі. Медбикелер – алғашқы медициналық білім алған және пациенттерге күтім жасау үшін дәрігердің немесе фельдшердің нұсқауларын орындайтын мамандар, олар дәрігерлердің міндетті көмекшілері болып табылады, өйткені олар емделудің барлық кезеңінде науқаспен тікелей жұмыс істейді. Қазіргі уақытта медбикелер медициналық қызметкерлердің үлкен санатын құрайды, өйткені медициналық практикада медициналық қызметтердің көп бөлігін тек мейірбике қызметкерлері көрсетеді.

***

Медбикелер жұмысы тым ұзақ уақыт бойы бағаланбаған. Коронавирустық пандемия олардың алмастырылмайтындығын және ең күрделі мәселелерді шешуде орталық рөл атқаратындығын нақты көрсетті. Бүгінде олар пандемиямен күрестің алдыңғы шебінде, барлық жерде жанашырлық, батырдық пен батылдық танытады.

***

Сіздер атқарып отырған жұмыс – қайырымдылық, мейірімділік пен гуманизмге негізделген. Бұл қасиеттер медициналық ақ халат киген әрбір маманға үлкен жауапкершілік жүктейді.

***

Әлемдегі медицина қызметкерлерінің жартысынан көбі медбике және олар денсаулық сақтау жүйесінде өмірлік маңызды қызмет атқарады.

***

Көбіңіз осы мамандыққа әбден бейімделіп алдыңыз, тіпті, көмекке мұқтаж адамдарға шынайы қызмет ету – өмір сүру салтына айналды. Жалпы, науқасты емдеу ісінде мейірбикелердің еңбегі өте маңызды.

***

Медбикелер адам денсаулығына қауіп төндіретін эпидемия, пандемиямен күресте де алдыңғы қатарда тұрды. Бүкіл әлемдегі медбикелер COVID-19 қасқайып қарсы шықты.

***

Еліміздегі мейірбикелер мен мейіргерлерге министрліктің атынан алғыс білдіремін. Өз істеріңзге деген адалдық пен пациенттерге деген қайырымға, мейірімге толы қарым-қатынастарыңыз үшін көп рақмет!

Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және сәттілік тілеймін!


Індеттің жалғыз жауы – екпе

Қазақстандық дәрігерлер, әсіресе, педиатрлар азаматтардан өз балаларына екпе жасау кестесіне жауапкершілікпен қарауға және вакцинацияны назардан тыс қалдырмауға шақырады.

Фото: La Capital

Кнопка домой
Бөлісіңіз