Немеремен әңгіме

269 қаралу саны

«Ата, мен он сегіз жасымда үйленемін» деді кеше тұңғыш немерем Бердібек. Шошып кеттім: «Бұл не асығыс?». «Сіз тезірек шөбере сүйсін дегенім ғой, ата!» деді. Классик жазушылардың жазғандары бұлай жүректі дір еткізе алмап еді. Немерем жүрегімді аузымнан бір-ақ шығарды. Осындай баладан қалай айналмайсың?!

Айтары жоқ, 12 жасар немереммен сырласқаннан ғажап ләззат аламын.

Ол айтады: «Ата, мен ұлдарымның тегін сіздің атыңызға, қыздарымның тегін әкемнің атына жаздырамын».

Мен айтамын: «Әкең ренжіп жүрмесін».

Ол айтады: «Бұл туралы оның немерелері басын қатырсын, ата!».

Көзімнен жас аққанша күлемін. Немерем соншалықты мектепте озат емес. «Сабағыңды жақсы оқы» деп ақыл айтып, миын ашытқан емеспін. Көбінесе оны өмірге бейімділікке үйретемін. Өйткені, өзімнің атам Кенжеғара да мені сабақты жақсы оқуға үндегеннен гөрі қу тіршіліктің лабиринттерінен қиналмай шығуға барынша үйретіп кеткенін талай жазғанмын. «Оқудың соңынан қуа берген де опа бермейді, балам! Ең бастысы, өмір сүруді үйрен. Дұрыс өмір сүруден асқан пәлсапа жоқ» деп отыратын атам, жарықтық!

Мен айтамын: «Бекебай, мен тірі тұрғанда ешкімнен қорықпа! Өліп қалсам, амал жоқ, әкеңді жағалайсың ғой».

Ол айтады: «Ата, сізді жағалап жүре бергенім дұрыс сияқты».

Мен айтамын: «Әй, Бекебай, әке-шешеңнің тәрбиесін де көруің керек. Сондықтан оларды да тыңдап жүр».

Бекебай бұл сөзіме де құлақ қойғанын байқап тұрмын. Оның «айқабақ» екенін білемін. Немере біткеннің бәрі күнбағыс сияқты. Күн қайдан шықса, сол жаққа аузын ашып қарап тұрады ғой бұлар. Дегенмен, бұл – өте  дұрыс үрдіс. Сондықтан да немереме «саналы түрдегі сатқындығы» үшін ешқашан ренжіген емеспін. Өйткені, мұның бәрі – өзінің логикалық жолымен жүріп жатқан процесс. Оған ешкім де қарсы келуге болмайды. Қарсы келсең, бүкіл тәрбие тізбегінің тетіктерін өз қолыңмен бұзғаныңды біле бер.

Автор Шархан Қазығұл 1956 жылы туған. Аудандық және республикалық төрт газетте бас редактор болған. ҚР Президенті, ҚР Премьер-министрінің және ҚМГ баспасөз қызметтерінде жұмыс істеген.

Фото автора Шархан Қазығұл
Кнопка домой
Бөлісіңіз