Ораза және пандемия: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы нұсқаулық әзірледі

Ораза және пандемия: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы нұсқаулық әзірледі
37  307 қаралу саны

Қасиетті Рамазан айының қарсаңында ДДСҰ мұсылман елдерінде коронавирусқа қарсы қорғануды күшейту бойынша жұмыс жүргізуде. Бірнеше күннен кейін мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы басталады. Міне, діндар адамдар ораза ұстап, күннің соңында дәстүрлі ауызашарға жиналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мамандары дәстүрлі рәсімдер коронавирустық инфекцияның таралуына алып келмеуі үшін бірқатар ережелерді сақтауды ұсынады.

Кейбір діндарлар Рамазан айында, әсіресе айдың соңғы он күнінде, мешіттерде көбірек уақыт өткізеді. Көпшілік күнұзаққа оразадан кейін ауызашарға үлкен дастарханға жиналады. ДДСҰ эпидемиологтары адамдардың жаппай жиналуларын болдырмауға және мүмкін болса, барлық шараларды онлайн режимінде, сондай-ақ радио және видео арқылы өткізуге кеңес береді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ораза ұстаушыларға уақтылы хабардар ету және олардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мүмкіндігі болуы үшін осы шараларды талқылауға діни жетекшілерді тарту қажет деп санайды.

Ораза ұстаушылар кез келген жағдайда бір-бірінен кемінде бір метр қашықтықта болуға шақырылады. Қол беріп амандасудың орнына сіз дәстүрлі сәлемдесудің басқа түрлерін қолдануыңыз керек: ол бас изеу, қолмен ишарат жасау немесе қолды жүрекке қою болуы мүмкін.

ДДСҰ өзін нашар сезінетіндерді көп адамдар жиналған жерге бармауға шақырады. Бұл ұсынымды 65 жастан асқан және созылмалы аурулармен ауыратын адамдар секілді қауіпті топтағы адамдар ұстануы керек.

Жеке гигиена да өте маңызды. Мұсылмандар намаз алдында дәрет алу рәсімін жасайды, бұл санитарлық нормаларды сақтауға көмектеседі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мешітке келушілерді қол жуатын сабынмен, сондай-ақ залалсыздандырғыш заттармен (алкоголь мөлшері 70 пайыздан кем емес) және бір рет қолданылатын майлықтармен қамтамасыз етуге кеңес береді.

Намаз оқитын жеке төсеніштерді еденге қою, қашықтықты сақтау қажеттілігі туралы мешіттерге хабарландырулар мен плакаттар ілу ұсынылады.

Ораза күндері мұқтаж жандарға көмек көрсету, оның ішінде кешкі ауызашар беру дәстүрге айналған. Мамандар табанды түрде жаппай ауызашар жасаудан  аулақ болуға және оның орнына жеке пакеттерде азық-түлік таратуға шақырады.

Оразаның өзі және оның діндарлардың денсаулығына тигізетін әсері туралы айтатын болсақ, бүгінгі күні ораза ұстаған адамдар арасында COVID-19 жұқтыру қаупінің жоғарылағаны туралы ғылыми расталған деректер жоқ, сондықтан салауатты адамдар діни дәстүрді бұрынғы жылдардағыдай сақтай алады. Басқа аурулары бар науқастар сияқты Коронавирус жұқтырғандар да   денсаулығына байланысты ораза ұстамауға рұқсат ала алады: Ислам науқастарға осындай жеңілдікке рұқсат береді.

Сонымен қатар, дәрігерлер Ораза күндері денені әлсіретпеу үшін барлық қажетті қоректік заттарды алу маңызды екенін еске салады. Олар сіздің рационыңызға көкөністер мен жемістерді қосуды, сұйықтықты жеткілікті мөлшерде ішуді ұсынады.

Пандемия салт-дәстүрімізге түзетулер енгізгеніне қарамастан ДДСҰ діндар адамдар биыл да жұқпалы ауруды таратпау жолында сақтық шараларын қатаң сақтай отырып, дұға ете алады, ораза ұстай алады, басқаларға көмектесіп, ауызашар бере алады деп ойлайды. Дәл осы мақсатта осы ұсыныстар әзірленді деп қорытындылады ДДСҰ.

Дереккөз: news.un.org

Фото дереккөзi: mybayutcdn.bayut.com

Кнопка домой
Бөлісіңіз