Органикалық өнімді әдеттегі өнімнен қалай ажыратуға болады?

219 қаралу саны

Қазіргі уақытта дүкендердің сөрелерінде «эко», «био», «органикалық» атаулары бар көптеген тағам өнімдерін кездестіруге болады, олар дұрыс және құнарлы тамақтанумен айналысатын адамдар арасында сұранысқа ие. Осы ретте, өз атауы мен қасиеттеріне сәйкес келмейтін өнімді сатып алу қаупі орын алуы мүмкін.

Маркетологтар тұтынушының қандай өнімдерді органикалық деп атауға болатынын  білмеуін бар ынтамен пайдаланады. Сондықтан супермаркеттердің сөрелерінде қарапайым өнімдерден айырмашылығы жоқ «эко», «био» немесе «органик» деген сөздермен өнімдер толып тұрғанын көруге болады.

Сондықтан органикалық өнім дегеніміз не және оны органикалық емес өнімнен қалай ажыратуға болады?

Органикалық өнім – «Органикалық өнім өндіру туралы» Заңның талаптарына сәйкес өндірілген ауыл шаруашылығы өнімі, оның ішінде тамақ өнімі, аквамәдени және балық аулау өнімі, жабайы өсімдіктерден алынған өнім және оларды қайта өңдеу өнімдері.

Органикалық өнімдерді өндіру кезінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2016 жылғы 23 мамырындағы № 231 бұйрығымен бекітілген тізіміне сәйкес дені сау жануарлар мен өсімдіктер, жануарлардан және өсімдіктерден алынатын қауіпсіз өнімдер мен шикізат пайдаланылуы тиіс.

Егер сатып алушы шын мәнінде органикалық өнім алатынына сенімді болғысы келсе, онда сатушыдан сәйкестік сертификатын талап етуге болады. Органикалық өнім оны нарыққа айналымға шығарар алдында сертификаттау нысанында сәйкестікті растау бағалауынан өтуі тиіс.

Мұндай өнімге органикалық өнімнің ұлттық сәйкестік белгісі беріледі және «био», «эко», «органик», «органикалық», «organic» белгілері пайдаланылады.

Басқа елдерде өндірілген өнімде өзінің сәйкестік белгілері бар.

Сондай-ақ, таңдау кезінде сатып алушы таңбалауды, оның ішінде құрамын зерттей алады.

Органикалық өнім өндіру барысында синтетикалық заттар, пестицидтер, гормондар, антибиотиктер мен тағамдық қоспаларды, генетикалық түрлендірілген объектілерді және т. б. заттарды қолданбау және пайдаланбау реттеуші заңнаманың негізгі талаптарына жатады.

Тамақ өнімдеріне ерекше қоректік қасиеттер беру қажет болған жағдайда, сондай-ақ табиғи көздерден алынған рұқсат етілген қоспаларды, хош иістендіргіштерді, минералдарды, витаминдерді және басқа да тағамдық микроэлементтерді пайдалануға болады.

Бұдан басқа, органикалық өнімнің таңбалауында өнім шығарылған ауыл шаруашылығы материалдары өндірілген жер туралы және органикалық өнім өндірушіге инспекция өткізген ұйымның атауы сияқты қосымша мәліметтер болуы тиіс.

Органикалық өнімді сатып алу немесе сатып алмау — әркімнің таңдауы, бірақ бір нәрсе анық: сатып алу алдында сөреде шынымен пайдалы өнім немесе маркетологтардың жұмысы арқасында қолжетімді қарапайым өнім тұрғанын түсіну керек!

Дереккөз: ҚР ДСМ ТҚСҚБК сайты

Бөлісіңіз