Парадигма дұрыс болса…

352 қаралу саны

 «Үйден шықпа – Елді сақта» акциясы кезінде қашанда жақсы ойлаған дұрыс. Өмір туралы ойлар бірінен соң бірі басқа келе бастайды. Тағы бір ой: Адамның қоғамға оң ықпал етуі парадигма мен позицияға байланысты екеніне тағы да иланып отырмын. Кей адамдар мына өмірді әділетті, ал кейбіреулер әділетсіз деп қабылдайды. Осы екі парадигма олардың азаматтық ұстанымының қалыптасуына тікелей әсер етеді.

Өмірдің әділетсіздігін мойындаған адамдар табиғатынан әлсіз адамдар екенін байқау қиын емес. Әлсіздер ғана көреалмаушылыққа салынады. Көреалмаушылық өз кезегінде шынайлылықтан ада қылып, жағымпаздыққа алып келеді. Соған қарамастан осы екі нашар қасиет оларды біраз биіктерге көтеретінін байқап жүрмін. Жабайы түсіндірсек, бастық болады, орден алады, тағысын тағы дегендей.

Десе де, олар мұның бәрі далбаса тірлік екенін өмірді әділетті деп бағалайтын адаммен кездескенде іштей мойындайды. Ары таза адамның аурасы соған мәжбүрлейді. Дегенмен, ол өзіне ыңғайлы позициядан айырылғысы келмейді. Өйткені, ол мына әділетті өмірде әділетсіздіктің отын өшірмеу арқылы ғана өз өмірін ұзарта алатынын жақсы біледі.

Алайда, қорқып ұзақ ғұмыр кешкеннен гөрі ешкімге жалтақтамай өмір сүрген адам әлдеқайда өзін бақытты сезінетіні қай парадигманың дұрыс екенін көрсетіп тұр. Иә, өмір – қашанда әділетті.  Тек оған барлық адамдар әділетті көзбен қарау керек. Ең үлкен шындық осы!

Мен ойымды қашанда қарапайым жеткізуге ұмтыламын. Дей тұра, дәл осы жолы күрделендіріп жіберген сияқтымын. Түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын: парадигманы басқаша жеткізу мүмкін емес. Ең бастысы, парадигма дұрыс болса, біз барлық сынақты жеңіп шығамыз! 

Автор Шархан Қазығұл 1956 жылы туған. Аудандық және республикалық төрт газетте бас редактор болған. ҚР Президенті, ҚР Премьер-министрінің және ҚМГ баспасөз қызметтерінде жұмыс істеген.

Фото автора Шархан Қазығұл

Барлық қазақстандықтардың өзара қол ұшын беруіне арналған сайт: Qoldasy.kz

Кнопка домой
Бөлісіңіз