Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын қорғау бойынша Ұлттық жоспар әзірлеуді тапсырды

234 қаралу саны

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі кеңесте қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын қорғау бойынша Ұлттық жоспар әзірлеуді тапсырды. Коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке шұғыл шараларды қабылдаумен бірге, коронавирус пандемиясының ұзақ мерзіміне дайындықты бастауды жүктеді. Осыған байланысты Үкіметке орта мерзімді келешекте қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын қорғау бойынша Ұлттық жоспар әзірлеу тапсырылды. «Әкімдер мен министрлерге бюджетті қайта қарап, қажетсіз шығындардың бәрінен – конференциялардан, дөңгелек үстелдерден, салтанатты шаралар мен консалтингілерден, PR-қызметтерден бас тартуы керек. Бұл ақшаның бәрі де эпидемиямен күреске жұмылдырылуы тиіс» деді Президент.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы халық үшін азық-түліктің тұрақты бағасы мен қолжетімділігін, экономикалық белсенділікті сақтауды, цифрлық технологияларды дамытуды жүктеді. Экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша Кешенді жоспар жоспарлы әрі толыққанды жүзеге асырылуы керектігін міндеттеді. Президент бұл мәселелер әкімдердің жіті бақылауында болуы тиістігін ескертті. «Иә, бұл қауіпті ауру. Оның еміне әзірге вакцина жасалған жоқ. Алайда дүрбелеңге берілмеу керек. Бәрінен бұрын заңға қайшы әрекетке бармай, дәрігерлерге тіл тигізбей, санитарлық режимді бұзбау керек. Науқастар үрей мен селқостыққа берілмеуі тиіс. Ем-доммен бірге адамның физикалық және рухани жай-күйі оның тезірек емделіп кетуіне септігін тигізеді. Денсаулық сақтау министрі мен дәрігерлердің талаптары мен кеңесін ұстануды сұраймын. Біздің күш-жігеріміздің бәрі де біздің елдің басты байлығы – Қазақстан Республикасы азаматтарының өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған» деді Мемлекет басшысы.

Дереккөз: Ақорда сайты

Ары қарай оқу:



Кнопка домой

Бөлісіңіз