Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында медицинаға қатысты қандай ойларымен бөлісті?

315 қаралу саны

Бүгін, 27 мамырда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы өтіп жатыр. Кезекті отырыс адами капиталды дамытуға, атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау мәселелеріне арналды.

Онда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев медицинаға қатысты қандай пікірлерімен бөлісті? Біз «Кеткеткет.кз» сайтының оқырмандарына солардың біразын ұсынамыз.

Президент дәрігерді қылмыстық жазалу тетігін қайта қарауды тапсырды

Медицина қызметкерлерінің заңды және қаржылай қорғануы әрі жауапкершілігі жүйесін енгізу қажет. «Таяуда ғана қазақстандық медицина туралы кез келген ескертулер бірыңғай теріс пікірлер тудырып келді. Дәрігерлік қателік үшін заңсыз әрі әділетсіз қылмыстық қудалау фактілері де жиі орын алды. Меніңше, бұл тәжірибені қайта қарау қажет» деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президентінің атап өтуінше, өз міндетін тиісті деңгейде орындамаған медицина қызметкерлерінің қылмыстық жауапкершілігіне қатысты сыни сараптаманы қайта қарау қажет.

«Тергеу барысында немқұрайлылық деңгейін анықтау өте күрделі. Бұған қоса, қылмыстық бапқа тартылған дәрігерлердің аз еместігін де білеміз. Сонымен қатар клиникалық зерттеу жүргізу тәртібін бұзғаны үшін қылмыстық жазалауды қолдауды қайта қарастырған жөн.



Жазалану қатері медицина мамандарын ғылымнан жеріндіреді. Әрине, жоғарыда айтылғандар дәрігерлерден азаматтардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілігін алып тастамайды. Бірақ, мұндай жауапкершілік әлемнің дамыған елдеріндегідей әкімшілік және азаматтық-құқықтық болуы тиіс. Кәсіби қызметіне кепілдік беруді қоса алғанда, медицина қызметкерлерінің заңды және қаржылай қорғануы әрі жауапкершілігі жүйесін әзірлеп, енгізуді тапсырамын» деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алдағы бес жылда Қазақстанда 20 ірі клиника салынады

 «Алдағы 5 жылда мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерін медициналық техникамен 100 пайыз қамтамасыз етуіміз керек. Сонымен қатар жаңа ауруханалар салу қажет. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында биылдың өзінде 24 жаңа денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріледі. 2025 жылға қарай мемлекеттік бағдарлама бойынша 20 ірі клиника салынады» деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, аталған клиникалардың құрылысы мемлекеттік-жекешелік серіктестік негізінде жүзеге асырылады. «Үкімет пен әкімдер бұл тапсырманы мүлтіксіз орындау тиіс. Бүкіл әлемде пандемия қайта өршіп кетуі де мүмкін. Сол үшін жұқпалы ауруларды емдейтін клиникалардың барлығын халықаралық стандарттарға сәйкестендіруіміз керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚР Үкіметі фармацевтика өнеркәсібін дамыту жоспарын әзірлейді

«Фарцевтика саласындағы саясат ішкі сұранысты қамтамасыз етуге, озық технология тартуға және импортты алмастыруға бағытталғаны жөн. Осыған орай фармацевтика және медицина өнеркәсібі саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру міндеті Денсаулық сақтау министрлігіне беріледі» деді Қазақстан Президенті.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев саланы дамыту және қалыпты, тиімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тепе-теңдігі бұзылмауы керектігін баса айтты.

«Үкіметке отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту жоспарын жасауды тапсырамын. Онда нақты көрсеткіштер мен мақсат-міндеттер айқындалуы тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Президент дәрігерлердің жалақысын көтеруді тапсырды

 «Коронавирус пандемиясы бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау жүйесі үшін шын мәнінде ауыр сынақ болды. Бұл ахуал елімізде кәсіби дәрігердің тапшы екендігін анық аңғартты. Бұған еңбекақының аздығы, мамандықтың беделді болмауы, дәрігерлер құқығының қорғалмауы себеп болып отыр. Түрлі сала мамандары ішінде ең төмен жалақыны дәрігерлер алады» деді Қазақстан Президенті.

Осы орайда Мемлекет басшысы Үкіметке биылдан бастап дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңмен арттыруды тапсырды.

«Олардың айлығы экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есе артық болуы керек. Бұл көрсеткішке 2023 жылға қарай қол жеткізу қажет. Осы күрделі кезеңде баршамыз медицина мамандарының қажырлы еңбегіне куә болдық» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үкімет дәрі-дәрмектердің бірыңғай жүйесін құруы керек

«Пандемия кезінде өңірлердің жылдам әрекет етіп, жедел шешім қабылдай алмайтындығы байқалды. Денсаулық сақтау саласына қатысты көптеген мәселе орталықтың тікелей араласуымен шешіліп отырды. Сондықтан төтенше жағдай кезіндегі басқару ісін нақты құрылымға сай бір орталықтан жүргізу керек болады» деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дәрі-дәрмекпен және медициналық өнімдермен қамтамасыз ету ісінің олқылықтары анықталғандығын баса айтты.

«Біз импортқа тым тәуелдіміз. Шетелден келетін дәрілердің нарықтағы үлесі 88 пайызға жуық. Формакологиялық зерттеулер жүргізу үшін тәжірибеміз жеткілікті. Ғылыми база да, білікті мамандар да бар. Сондықтан Үкімет дәрі-дәрмек өндірісінің біртұтас жүйесін құруы қажет. Мұнда зерттеу жүргізуден бастап, өнеркәсіптік деңгейге дейінгі үдерістер қамтылуға тиіс» деді Мемлекет басшысы.

Коронавируспен күрес аяқталған жоқ

«Біз бүгін ерекше жағдайда кездесіп отырмыз. Коронавирус індеті жұмыс тәртібімізге елеулі өзгеріс енгізді. Қазіргі таңда еліміз пандемияның шарықтау шегінен өтті. Бірақ, індетпен күрес әлі аяқталған жоқ. Бұл індет – өте қауіпті. Батпандап кіреді, мысқалдап шығады. Коронавирус қазіргі әлемнің құндылықтарын айтарлықтай өзгертті» деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті денсаулық сақтау жүйесінің, өзін-өзі қамтудың, ынтымақтасу мен жауапкершіліктің маңызы арта түскенін баса айтты.

«Соған сәйкес мемлекет қызметінде және қоғамдық өмірдің барлық саласында түбегейлі өзгерістер болмақ. Пандемия біздің еліміз үшін де үлкен сынақ болып отыр. Қазақстан халқы ешқашан қиындыққа мойыған емес. Бұл жолы да бірлігіміздің бекем екендігін көрсеттік. Біз ырыс пен ынтымақтың арқасында кез келген сынақты абыроймен еңсереміз деп сенемін» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дереккөз: Ақорда сайты

Ары қарай оқу:



Кнопка домой

Бөлісіңіз