Қан жүгірткен «Ханталапай»

291 қаралу саны

«Үйден шықпа – Елді сақта»! Осы сөз маған ұнайды. Сен үйден шықпау арқылы өз өміріңді ғана сақтап қоймайсың, сонымен бірге елімізде коронавирустың көп таралмауына үлес қосасың. Еліңді аман-есен сақтауға қосқан сенің ең үлкен үлесің де осы екенін ұмытпа!

Сондықтан да біз отбасымызбен үйде отыруды одан әрі жалғастырып жатырмыз. Өзіңді жалықтырмаудың сан жолдары бар екеніне күн сайын көз жетіп келеді. Әсіресе, жас балалардың ішін пыстырмайтын ойындар көп-ақ. Солардың бірі – асықпен ойналатын ойынның бір түрі «Ханталапай». Немерелерім бұл ойынды менің басшылығыммен ойнады. Олар мені жағалай жарты шеңбер құрып отырды. Мен қолымдағы баяғыдан үйде жинаулы тұрған отызға жуық қой асығын «Ханталапай» деп ортаға қарай шашып жібердім. Немерелерім жапа-тармағай асықтарды көбірек жиып алуға ұмтылған сәтті көрсеңіз ғой. Бәрі қыран-топан күлкіге көмілді де қалды. Ең аз жинаған Асқар немерем жеңіліп қалды. Бірақ жылаған жоқ. Еркек! Алдыңғы ойында аузы аңқиып отырған Асқар асықтарды екінші шашқанымда енді бұл жолы біраз асықты екі аяғының ортасына қысып алып, қуақылана жымиып отырды. Осылайша екі сағат бойы «Ханталапайдың» қызығына батқан немерелерім бір жасап қалды. Кешке қарай тағы ойнауға келістік. Шынында да бұл ойын балалардың жылдамдығын жеделдетіп, жүйке жүйелерін шыңдайтынын немерелерім бүгіннің өзінде байқап қалды. Сонымен қатар бұл ойын балалардың тілін дамытып, ойда сақтау қабілеттерін де  жетілдіретінін мен жақсы білемін.

Үйде отырған аталар, «Ханталапай» ойынын немерелеріңізбен сіз де ойнаңыз! Өз көңіліңізді де көтересіз, немерелеріңізді де қуанышқа бөлейсіз!

Автор Шархан Қазығұл 1956 жылы туған. Аудандық және республикалық төрт газетте бас редактор болған. ҚР Президенті, ҚР Премьер-министрінің және ҚМГ баспасөз қызметтерінде жұмыс істеген.

Фото автора Шархан Қазығұл

Барлық қазақстандықтардың өзара қол ұшын беруіне арналған сайт: Qoldasy.kz

Кнопка домой
Бөлісіңіз