«Ремдесивир» және COVID-19-ды емдеудің қазақстандық хаттамасы

332 қаралу саны

Әлеуметтік желіде «Қазақстан билігі коронавирус профилактикасы мен оны емдеу әдістері туралы ақпаратты жасырып отыр» деген ақпарат тарап жатыр. Нақты айтсақ, мұндай мәліметті KZ.media телеграмм-каналы жариялады.

«Ремдесивир» препараты деген не? Қазақстанда расымен коронавирустан емдеудің әдіс-тәсілдері туралы ақпарат жоқ па? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Мәлімдеме: Қазақстан коронавирустан емдеу хаттамаларын жасырып отыр. KZ.media телеграмм-каналы.

Үкім: Жалған

Қазақстанда коронавирус инфекциясынан емдеу және профилактика әдіс-тәсілдері құпия нәрсе емес. Дертті емдеуге байланысты тұтас хаттама да бар. Хаттама 2020 жылғы 2 ақпанда жасалды. Бір айта кетерлігі, ол түрлі жағдайларға байланысты 5 рет өзгертілді. Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының (ДСДРО) мәліметі бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссия диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамасын әзірлеген.

Құжатта The Lancet, International Society for Infectious Diseases, International Society for Infectious Diseases, ДДСҰ (WHO) және European Centre for Disease Prevention and Control сияқты халықаралық ұйымдардың ұсыныстары бар. «Коронавирус инфекциясы – COVID-19» атты диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамасымен кез келген адам таныса алады. Ол үшін сайтқа алдын ала тіркеліп, 150 теңге төлеу керек.

«Ремдесивир» деген қандай препарат?

«Ремдесивир» деген – вирусқа қарсы тұра алатын дәрі-дәрмек. Бұл препарат қосымша дәрі ретінде қарастырылады. Бұл жердегі ескеретін жайт, қазіргі кезде вирусқа қарсы тұратын негізгі дәрі-дәрмектің тізімі әлі жоқ. Бұл дүниежүзінде COVID-19 вирусын дәрі-дәрмекпен емдеу бойынша ортақ шешімнің болмауына байланысты болуы мүмкін, себебі әзірге емдеу негізінен симптомдармен күрес түрінде жүріп жатыр.

Сонымен қатар «Ремдесивирды» орташа-ауыр жағдайда, қосымша емдеу ретінде пайдаланады. Ал негізгі емдеуге хлорохин фосфаты, гидроксихлорохин, лопинавир/ритонавир, рибавирин, азитромицин сияқты препараттар қолданылады. Осы ретте айта кетейік, ДСДРО-ның кеңесі бойынша, анаферон, назоферон, виферон, эргоферон, арбидол, кагоцел, иммупрет, ингавирин, иммунал, оксолин, инфлюцид, умкалор, ликопид, бронхомунал, ИРС 19 сияқты препараттарды қолдануға болмайды. Сіз бұларды жарнамадан көріп қалуыңыз әбден мүмкін. Негізінде, бұл препараттар – дәрі емес.

Ремдесивир расымен COVID-19 науқастарын емдеп жүрген медицина қызметкерлері үшін профилактика құралы ретінде қолданылады ма? Хаттаманың соңғы нұсқасында «Ремдисивир» медицина қызметкерлері үшін профилактика құралы ретінде аталмаған. Қазіргі уақытта олар гидроксихлорохинді пайдаланады.

Негізі «Ремдисивир» көп елде вирусты емдеудің тиімді, алайда нақты емес құралы ретінде аталады (профилактика туралы мүлдем сөз жоқ). Мысалы, ол Қытайда қолданылған, бірақ клиникалық сынақтың ешқандай нәтижесі жоқ. Яғни, бұл препарат коронавирусқа қарсы тұра алатын тиімді құрал дегенге дәлел жеткіліксіз.

Қорыта айтсақ…

  • «Қазақстанда коронавирустан емдеу хаттамасы жоқ» деген ақпарат жалған. Хаттама бар және ол жасырын емес.
  • «Медицина қызметкерлеріне профилактика үшін «Ремдисивир» препараты ұсынылды» деген ақпарат та өтірік.

Дереккөз: Фактчек.кз

Фото сілтемесі: mosmedpreparaty.ru

Барлық қазақстандықтардың өзара қол ұшын беруіне арналған сайт: Qoldasy.kz

Кнопка домой
Бөлісіңіз